Бұл күндері Бурабайда велоспорттан ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей және командалық эстафета бойынша ел чемпионаты өтіп жатыр.
Жарыстың кезекті күнінде ерлер жекелей жарыста бақ сынады. Ересектер арасындағы бәсекеде Astana Qazaqstan Team велоклубының өкілі Юрий Натаров үздік нәтиже көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Натаров 30 шақырым жолды 37 минут 46 секундта жүріп өтті. Мәре сызығын екінші болып ұлттық құраманың өкілі Игорь Чжан кесті. Ол жеңімпаздан 51 секундқа қалып қойды. Үздік үштікті Антон Кузьмин түйіндеді.
Ал 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы бәсекеде Astana Qazaqstan Development Team велошабандозы Даниил Пронский топ жарды. Аталған қашықтықты ол 39 минут 5 секундта бағындырды. Екінші және үшінші орынды Андрей Ремхе (39 минут 47 секунд) және Александр Винокуровтың ұлы Николай Винокуров (40 минут 43 секунд) жеңіп алды.