Еуропалық Airbus компаниясы үлкен дауға қалуы мүмкін. Биыл Qatar Airways компаниясы «Эйрбастан» сатып алған 23 ұшақты қаңтарып қойды. Басты себеп – әуе кемелеріндегі техникалық ақау. Ал таяуда Airbus-тың Қытайдағы мемлекет басқаратын мекемелермен бірлесіп жұмыс істеп, технология алмасып келгені анықталды.
Мұндай жаңалық авиация индустриясындағы әлемдегі алпауыт компанияның абыройына да, өндірісіне де ықпал етуі әбден мүмкін. Өйткені Қытай мен АҚШ арасындағы сауда текетіресіне байланысты Батыс пен Бейжің арасындағы өзара тауар айналымы қиындыққа душар болған. Соның салдарынан тағы бір үздік компания – Boeing айтарлықтай зардап шекті.
Қазіргі таңда азаматтық авиация саласында америкалық Boeing компаниясы мен еуропалық Airbus компаниясының шоқтығы биік. Нарықтың 75 пайызы осы екеуіне тиесілі. Сондықтан шығар қос компания арасында бәсекелестік жоғары. Оны мынадан байқауға болады. Осы күнге дейін Airbus 14 129 ұшақ жасап шығарса, Боинг 20 575 әуе кемесін құрастырған. Бұл санның бәрі азаматтық авиация саласына тиесілі. Әйтпесе, америкалық компанияның әскери ұшақ жасаудан да алдына қара салмайтыны белгілі.
Айта кетерлігі, Airbus пен Boeing арасындағы бәсекелестік бертінде басталды. 2000-жылдарға дейін Боингтің бәсі биік-тұғын. Мәселен, компания XXI ғасырға дейін 7 658 әуе кемесін құрастырып үлгерсе, осы уақыт аралығында еуропалық бәсекелесінің жасаған ұшақтарының саны 2 499-ға әрең жетті. Алайда содан бері Airbus-тың тапсырысы артпаса, кеміген жоқ.
«Эйрбастың» Қытаймен құпия байланысы еуропалықтарды алаңдатып отыр. Компания коммунистік елмен қашаннан бері байланыс орнатып, ондағы нарықты қаншалықты иемденгеніне алаңдаулы. Мұның себебі түсінікті. Кейінгі жылдары Батыста Қытайдың өндірісіне тәуелділікті азайту мәселесі жиі көтеріледі. Осындай сәтте Еуропаның басты компаниясы саналатын Airbus-тың Қытаймен жасырын жұмыс істеуі шенеуніктерге де, қарапайым халыққа да ұнамайтыны анық.
Жалпы, «Эйрбастың» шығыс нарығын игеруге ұмтылысы кеше басталған жоқ. Компания сонау 1980-жылдардан бастап Қытайда түрлі зауытын салып, жергілікті өндіріспен әрекеттесе жұмыс істей бастады. Мысалы, Еуропада құрастырылмайтын кең фюзеляжды A330s ұшағы Тяньцзинь қаласында шығарылады. АҚШ-тың Horizon Advisory консультативті компаниясының хабарлауынша, ондағы зауытты басқаратын басшы қазіргі таңда коммунистік партияның беделді мүшесі көрінеді.
Сарапшылардың айтуынша, Airbus-тың Қытаймен байланысы бұрыннан белгілі мәселе. Дегенмен AVIC секілді мемлекет басқаратын, Қытайдың қорғаныс саласындағы ұйымдарымен қатысы енді анықталып жатыр. Әскерилермен қатысы бар деген әңгіме Батыс шенеуніктеріне ұйықтап жатқанда суық су шашып жібергендей әсер етті.
«Airbus-тың Қытай нарығымен байланысы үлкен қауіп төндіреді. Екі тараптың келіссөздері Қытайдың әскери және әскери-азаматтық біріктіру аппаратымен, соның ішінде тәуелділік, технологияларды бөлісу және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық ынтымақтастық түріндегі маңызды байланыстарды қамтыған», делінген Horizon Advisory есебінде.
Politico сайты бұл мәселеге қатысты «Эйрбасқа» сауал жолдаған екен. Алайда компания ешқандай пікір білдірмеген. Әйтсе де, компанияның сайтында Қытайдың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы үлкен өнеркәсіптік бағдарламаның бірі ғана екені айтылған. Сондай-ақ компания 15 елдегі 600-ден астам фирманың Airbus ұшақтарының бөлшектерін жеткізетін мәлімдеген.
Қытайдың азаматтық авиациясы елдегі әскердің әуе күштері базасында жасақталып, дамыды. Оның үстіне ешқашан толықтай жекешеге берілмеген. Әскери саладан қол үзіп кеткен емес. Бұл аз десеңіз, Қытай басшысы Си Цзинпинь «әскери-азаматтық» саланы біріктіру мәселесін көтеріп, бірқатар заң мен ереже қабылдатты. Бұл құжаттар көптеген компанияға әсер етеді. Әсіресе халықаралық компаниялармен байланысы барларына бағытталған.
«Қытаймен ынтымақтаса отырып, зияткерлік меншігіміздің қауіпсіздігін сақтауда жеткілікті әрекет жасай алмай отырмыз деп ойлаймын. Қытайдың азаматтық-әскери ұйымдарымен ынтымақтастығымыз Қытай әскерін қаншалықты ілгерілететінін де білмейміз», дейді Еуропалық парламенттің мүшесі, қорғаныс саласындағы сарапшы Барт Гротуис.
Horizon Advisory-дың баяндамасында «Эйрбас» компаниясы Қытайдың 10 ұйымымен байланыс орнатқаны айтылған. Соның бесеуін мемлекет бірлесе басқарады және әскери салаға қатысы бар. Солардың ішіндегі ең үлкен Aviation Industry Corporation of China немесе қысқаша AVIC. Airbus аталған компанияға қарасты AviChina-ның 5 пайыз акциясын иеленген екен.
Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, Airbus-AVIC бірлескен кәсіпорны Airbus-тың ең жаңа үлгілерінің бірі A350XWB ұшақ корпусының 5 пайызын шығарады. Airbus компаниясының Тяньцзиньде құрастырылған бүкіл A320 ұшағының қанаттарын AVIC-ке еншілес компания Xian Aircraft Company (XAC) шығарады. Сонымен қатар аталған компания Қытай әскері пайдаланатын Y-20 әскери-көлік ұшағын әзірлейді және шығарады.
«A320 ұшақтарын құрастыру кезінде Airbus-пен серіктескен 20 жыл бойы XAC бөліктерді өндіруден, құрастырудан, түпкілікті құрастырудан бастап кешенді жеткізуге дейін A320 қанатының дизайнын өндіру технологиясын толық меңгерді. Бұл Қытайдың көліктік державаға, авиациялық державаға және өндірістік державаға қарай стратегиялық жоспарлауын қолдайтын тағы бір маңызды қадам», дейді Xian Aircraft Company-дың бас директоры орынбасары Хан Сяоцюнь.
Politico сайтының пайымдауынша, мұның бәрі Airbus-тың Қытайға тәуелді бола бастағанын көрсетеді. Әсіресе келешекте өте құпия салаларда да байланыс күшеюі мүмкін. Мұның қатарында биг дата, жасанды интеллект секілді бағыттар да бар.
Өз кезегінде Қытай «Эйрбасқа» тәуелді болуды көздемейтіні анық аңғарылады. Мәселен, елдегі Commercial Aircraft Corp. of China компаниясы кейінгі жылдары ұшақ жасауда үлкен жетістіктерге жете бастады. Өткен айда Comac алғашқы лайнері C919 әуе кемесін сынақтан өткізді. Алдағы уақытта бұл ұшаққа сұраныс күшеймек. Сондықтан сарапшылар Airbus-тың ұзақ мерзімдегі бәсекелесі Comac болады деп пайымдайды.
Airbus-ты дауға қалдырған мәселе Қытаймен ғана шектелмейді. Қатардың басты әуе компаниясы – Qatar Airways бірнеше А350 лайнерін қаңтарып тастады. Оған себеп ұшақтардағы техникалық ақаулар. Осыған байланысты Қатар тарапы «Эйрбасты» Лондон сотына берді. Жалпы, шығын көлемі 1 миллиард доллар көлемінде көрінеді.
Осы дауға байланысты Рейтер агенттігінің журналистері Дохадағы әуежайға барып, ұшақтардың жай-күйін өз көзімен көріп қайтқан екен. Олар жариялаған суреттер мен видеоларда лайнерлердің бояулары шіріп, корпустың кей бөліктері түсіп қалғаны анық көрінеді.
Алайда Airbus өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр. Еуропалық бақылаушы органдар А350 лайнерлері көкке көтерілуі қауіпсіз деп таныған болатын. Осыны алға тартқан компания соттасуға дайын.
Qatar Airways компаниясының бас атқарушы директоры Әкбар әл-Бейкер мен Airbus бас атқарушы директоры Гийом Фори өткен аптада жолықты. Әкбар әл-Бейкер осыдан кейін тараптарды өзара ашық болуға шақырды.
«Жеке өзім бәрімен доспын. Бірақ менің компанияма қатысты мәселеге келсек, бұл – басқа әңгіме. Егер түйткіл шешілсе, келесі жылы өтетін сотты күтпейтін едік», деді әл-Бейкер баспасөз конференциясында.
Бұған дейін де А350 лайнерлерінің сапасыз құрастырылғаны бірнеше рет көтерілген еді. Ұшақтың дизайнын қадағалайтын Еуропалық одақтың авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) ұшақ сыртындағы байқалған кемшілікті қауіпсіз емес деп санаған еді.