Еуропалық одақ тарихи өзгерістің алдында тұр. Таяуда қарт құрлықтың көшбасшылары жиналып, бірқатар маңызды мәселені талқылады. Талқыға түскен мәселелердің қатарында өзара ынтымақтастық, ұйымның ауқымын кеңейту секілді негізгі тақырыптар бар. Сонымен қатар Украина мен Молдова Еуропалық одаққа үміткер мемлекет ретінде тіркелді. Әрине, үміткер атану бір бөлек, ал ұйымға толыққанды мүшелікке өту мүлдем басқа әңгіме. Осы орайда, қарт құрлықта Еуропалық одақтың арқасүйер іргетасы – халықаралық келісімдеріне өзгеріс қашан енгізіледі деген пікір айтыла бастады.
Өткен аптада Брюссельде одаққа мүше 27 мемлекеттің басшылары жиналған болатын. Екі күнге созылған саммит барысында Еуропалық кеңес Украина мен Молдованы үміткер елдер ретінде тіркеді. Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель бұл оқиғаны тарихи сәт деп бағалады. Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейен де мұндай қадам одақтың ауқымын кеңейтетінін, бүкіл құрлық үшін жақсы жаңалық екенін жеткізді.
Украина мен Молдованың Еуропалық одаққа үміткер ретінде тіркелуін екі ел де қуана қарсы алды. Әсіресе Киев билігі мұны жоғары бағалады. «Бұл Украина мен Еуропалық одақ қатынасы арасындағы бірегей және тарихи сәт. Украинаның келешегі Еуропалық одақпен бірге», деп жазды ел президенті Володимир Зеленский туиттердегі парақшасында.
Әлбетте, үміткер ел атанумен мәселе бітпейді. Бұл қарт құрлықтағы іргелі ұйымға жасалған көп қадамның алғашқысы ғана. Коррупциямен күрес, ұлттық заңнаманы Еуропалық одақ ережелеріне сәйкестендіру, Батыс бағалайтын құндылықтарды насихаттау, адам құқығын сақтау секілді атқарылатын шаруа шаш-етектен. Оның үстіне, қираған қалаларды қалпына келтіріп, соғыстың зардабымен күресу де оңайға тимейтіні анық. Дегенмен Ресей басып кіріп, соғыс ашқалы еңсесі езілген украин халқы үшін үміткер атанудың өзі қуанышты жаңалық.
Қазіргі таңда Еуропалық одақта 27 мемлекет бар. Бұдан бөлек, 7 мемлекет үміткер ел ретінде тіркелген. Кейбірінің кандидат мәртебесі өзгермегеніне пәленбай жыл өтті. Мәселен, Түркия сонау 1999 жылы ұйымға үміткер атанды. Сербия – 2012 жылы, Монтенегро – 2010 жылы, Албания – 2014 жылы, Солтүстік Македония 2005 жылы осындай мәртебе иеленген еді. Аталған мемлекеттерді толыққанды мүшелікке өткізу мәселесі талай талқыланғанымен, әлі де толыққанды шешілер емес.
Сонымен қатар Норвегия, Швейцария және Исландия Еуропалық одақ құрамына енуге өтініш білдірген. Бірақ кейіннен бұл өтінішін қайтып алды. Бұдан бөлек, Босния және Герцоговина, Косово ресми түрде ықтимал үміткер саналады.
Айтпақшы, Брюссельдегі саммит қарсаңында тағы бір маңызды оқиға болды. Болгария парламенті ұзақ уақытқа созылған талқылаудан кейін Солтүстік Македонияның ЕО құрамына енуіне вето қою шешімінің күшін жойды. «Ұлттық құрылтай» депутаттарының 170-і келісімді қолдап дауыс берді. Қарсы болғандар 37 депутат.
Еуропалық комиссия Солтүстік Македонияны ұйымға қабылдау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы 2009 жылдан бері ұсынып келеді. 2020 жылы ақыры келіссөздер басталған болатын. Алайда Болгария бұған қарсы болып, оған вето қойған еді. Осылайша, аталған елдің мүшелікке өтуі уақытша тоқтатылған еді. Енді, Болгария парламентінің вето күшін жою туралы шешімінен кейін Брюссельдегі шенеуніктердің терең тыныстауына мүмкіндік бар.
Мәселе мынада. Еуропалық одақтағы қабылданатын шешімдерге ұйымға мүше 27 мемлекет бірауыздан қолдап дауыс беруі тиіс. Бұл қаржы саласынан бастап сыртқы саясатқа дейінгі салаларды қамтиды. Күн тәртібіне шыққан кез келген мәселені талқылау бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылады. Бейбіт кезде келіссөздер баяу болса да жүргендіктен, кемшілігі байқалмаған.
Әйтсе де, Ресейдің Украинаға басып кіруі мұндай бірауыздан шешім қабылдаудың қиындығын ашып берді. Мысалы, әскери қақтығыс басталғалы Еуропалық одақ Ресейге қарсы бірнеше экономикалық санкция жариялады. Бұған қол жеткізу өте қиын өткенін айта кеткен жөн. Өйткені Мажарстан тарапы санкцияның дер кезінде қабылдануына, жедел шешім шығаруға айтарлықтай кедергі келтірді.
Осыған байланысты Еуропалық одақтың басты келісімдерін өзгерту жөніндегі бұрын ара-тұра көтерілетін мәселе қайтадан күн тәртібіне шықты. Ең бастысы – ортақ мәмілеге келу тәртібін қайта қарау қажеттілігі туып тұр. Алда-жалда ұйым аясы кеңіп, мүше мемлекеттер саны артса, онда вето қоятындар да көбейеді деген сөз. Себебі әр елдің ортақ мүддеден бөлек, жеке мүддесі де бар. Еуропалықтар «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақалды білмесе де, оның түпкі мағынасын түсінетіні анық.
Сондықтан ортақ мәмілеге келу, бірауыздан шешім қабылдау сынды ережелер жаңартуды қажет етеді. Бұған көпшілік келісіп отыр. Бірақ оған қандай өзгеріс енгізу керек. Бұл басы ашық мәселе. Еуропалық одақтың ықпалды мүшелері саналатын Франция, Италия және Германия келісімдерді деңгейіне қарай ажырату керек деп есептейді. Кей мәселеде бірауыздан шешімге келу қажет етілсе, енді бірінде басым көпшіліктің дауысы маңызды деген пікір ұстанады.
Жалпы, Еуропалық одақтың шарттары өзгертуге болмайтын Құран сөзі емес. Оған бірнеше рет толықтырулар енгізілді. Ұйым құрылған 1954 жылға дейін Париж шарты қабылданды. Алты мемлекет – Франция, Бельгия, Нидерланд, Люксембург, Италия және Батыс Германия одақтың іргетасын қалады. 1957 жылы Рим шартына қол қойылды. Сөйтіп, кедендік одақ құрылды, экономикалық мәселелерге қатысты келісім жасалды.
Көп ұзамай-ақ ұйымға қосылуға ынта білдіргендер саны артты. Дания, Ирландия және Ұлыбритания 1973 жылы мүшелікке өтті. Грекия (1981 жыл), Португалия және Испания (1986 жыл) да қарт құрлықтағы іргелі ұйымның қатарына енді. 1992 жылы Маастрихт келісімі жасалды. Осы шартта Еуропалық одақ атауы ресми түрде бекітіліп, көптеген маңызды құжат қабылданды.
Кейінірек Шенген аймағы мен еуро аймағының құрылуы, Шығыс Еуропадағы бірнеше мемлекеттің мүшелікке өтуі ЕО шарттарын қайта қарауды қажет етті. Нәтижесінде, 2007 жылы Лиссабон келісімі жасалды. Сөйтіп, қазіргі біз білетін Еуропалық одақтың бүкіл құрылымдық мәселелері айқындалып, құжаттары бекітілді.
Коронавирус пандемиясы басталып, қарт құрлық бетпердемен тыныстап тұрғанда Еуропалық одақтың негізгі ережелерін жаңарту туралы талқылау күшейді. Еуропалық одақ құлдыраған экономиканы қорғау үшін бюджеттік қатаң ережелерді жеңілдетті. Ұжымдық негізде вакцина сатып алды. Қысқасы, әупірімдеп жүріп шуды басқандай көрінген. Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруі отқа май құйғандай болып, пікірталас қайта қызды.
Бірақ еуропалықтар әр қадамын мұқият басып, кез келген мәселеге ақылмен қарайтыны белгілі. Сондықтан одақ 2021 жылы «Еуропаның келешегіне арналған конференция» атты 8 айға созылған форум өткізді. Сөйтіп, мүше мемлекеттердің тұрғындарынан ұйымды өзгертуге қатысты пікірлер жинады. Бастамашыл топ ұсыныстарды жинақтай келе, 49 бөлікке топтастырған. Соның ішінде бірауыздан дауыс беруді өзгерту, денсаулық сақтау саласында Еуропалық одақтың рөлін арттыру секілді мәселелер бар.
Брюссельдегі шенеуніктер де, мүше мемлекеттердің басшылары да мұндай нәтиже күтпеген сыңайлы. Форум қорытындысы жарияланғаннан кейін олар әрекетке баруға асыққан жоқ. Тіпті бастамашыл топтың басы-қасында жүрген Франция президенті Эммануэль Макрон да мәселені әлі де зерделей түсу керек деп мәлімдеген.
Ресей бастаған әскери қақтығыс көпшіліктің пікірін түбегейлі өзгерткен сыңайлы. Бейбіт күнде Украинаны Еуропалық одақтың есігінен сығалатуға бейіл емес шенеуніктер оны үміткер ретінде тіркеуге бірауыздан келісті. Германия канцлері Олаф Шольц Еуропалық одақ жаңа мүшелерді қабылдамас бұрын реформа жасауға тиіс екенін атап өтті.
Осы орайда ескерте кететін мәселе бар. Келісімге өзгеріс енгізу Еуропалық парламентте қаралады. Содан кейін құжатты Еуропалық кеңеске жібереді. Онда 27 мемлекеттің басшысы заң жобасын мақұлдауға тиіс. Қысқасы, бұл ұзаққа созылатын өте ауыр процесс. Оның үстіне, былайғы уақытта дауысы шыға бермейтін кішігірім мемлекеттер вето құқығынан айырылуға қарсылық білдіруі мүмкін.