• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Маусым, 2022

Гранд Сламнан бас жүлде бұйырмады

259 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні, яғни 26 маусымда Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында дзюдодан Гранд Сламның кезекті турнирі аяқталды. Әлемнің 29 елінен 271 дзюдошы қатысқан халықаралық жарыста Қазақстан құрамасының спортшылары төрт қола медаль жеңіп алды.

20 дзюдошы сенімді ақтады ма?

Дүбірлі дода алдында Алматы об­лы­сындағы Олимпиадалық ізбасарлар даяр­лайтын орталықта соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізген Қазақстан құрамасы Моңғолия астанасында өткен жарысқа жалпы саны 20 (13 ер, 7 қыз) дзюдошы­ны алып барды. Атап айтсақ, Нұр­бол Сүлейменов баптайтын ерлер құ­рама­сының сапында Бауыржан Нарбаев (60 кг), Қанат Сейілхан (60 кг), Елдос Сметов (66 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Ерлан Серікжанов (73 кг), Аңсарбек Ғайнуллин (73 кг), Бекәділ Шаймерденов (81 кг), Абылайхан Жұба­назар (81 кг), Ерсұлтан Мұзап­паров (90 кг), Дидар Хамза (90 кг), Нұрлыхан Шерхан (100 кг), Ислам Бозбаев (100 кг), Әділ Оразбаев (+100 кг) сынды балуандар бар.

Әйелдер құрамасын баптайтын Ерлан Алпысбаев Ұлан-Батыр қаласындағы жарысқа Абиба Абужақынова (48 кг), Са­малай Ерғалиева (63 кг), Зере Бектасқызы (70 кг), Екатерина Токарева (70 кг), Аруна Жангелдина (–78 кг), Наз­гүл Маратова (+78 кг), Камила Берліқаш (+78 кг) сынды бойжеткендерді қосты.

Жүлдегерлерді айтпас бұрын алдымен, дзюдошыларымыздың 2022 жылы жүріп өткен жарыстарына тоқталып өтсек.

Тель-Авивтегі ала-құла көрсеткіш

Биыл 17-19 ақпан аралығында Из­раиль­дің Тель-Авив қаласында өткен Гранд Слам турнирінде Қазақстанның ер­лер құрамасы 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Бұл дзюдошыларымыздың биылғы жоспарланған алғашқы жарысы болатын. Онда 60 кг салмақта өнер көр­сеткен Бауыржан Нарбаев күміс медаль еншілесе, 73 килода күрескен Жансай Смағұлов үздік үштіктен көрініп, Гранд Слам бәсекесінің жүлдегері атанды. Сонымен қатар 60 кг салмақта ел намы­сын қорғаған тағы бір отандасымыз Мағ­жан Шамшаддин қола медальға ие болды. Әйткенмен, бұл жолы Ұлан-Батырдағы додаға М.Шамшаддин бармады. Оның орнына Қанат Сейілхан барып, құралақан қайтты.

Былтыр Токио Олимпиадасынан кейін 66 кило салмаққа ауысқан Елдос Сметов ақпан айында өткен Израиль астанасындағы аламанда жаңа салмақта бағын сынаған еді. Өкінішке қарай, Сметовтің сол жарыста жолы болмады. Ол бірінші айналымда нидерландтық балуанды жеңгенімен, екінші айналымда испаниялық қарсыласынан айласын асыра алмады. Көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы, әлем чемпио­на­тының күміс медаль иегері Ғұсман Қыр­ғызбаев та 66 килоға өтіп, оның да ал­ғашқы Гранд Слам сайысы сәтсіз аяқ­талды.

Сәуір айындағы сәтсіздік

Сәуір айында Түркияның Анталья қа­ла­сында тағы бір Гранд Слам жары­сының жалауы көтерілді. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге 23 балуанды қосып, барлығы да бос қайтты. Ең жо­ғары нәтижеміз 73 килодағы Жансай Смағұловтың бесінші орны болды. Өкініштісі сол, Антальяға елімізден ең мықты деген балуандардың бәрі қатысты. 60 килодағы Мағжан Шамшаддин мен Бауыржан Нарбаев, 66 килода Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев, 90 килода Дидар Хамза, 100 кило салмақтың тізгінін ұстаған Ислам Бозбаев Түркия төрінде төселген татамиде бірінен кейін бірі жығылып жатты.

Сол сында медаль алуға мүмкіндігі болған балуанның бірі Жансай Смағұлов болатын. Ол өз тобында бірінші орын алып, жартылай финалға шыққанымен Грузия балуанынан жеңіліп қалды. Дәл осы белдесуде отандасымыз тізесінен жарақат алып, қола медаль үшін болған белдесуге шыға алмай, бесінші орынмен шектелді. Жансай қазіргі күні жарақатын емдетіп жүр. Ұлан-Батырдағы Гранд Сламға қатысқан жоқ. Егер бәрі жақсы болып, қатарға қосылып жатса, тамыз айында өтетін Азия чемпио­натында бақ сынауы мүмкін.

Көптен күткен медальдар

Қазақстан құрамасы Ұлан-Батыр­дағы әлемдік Гранд Слам жарысын 4 қо­ла жүлде еншілеп, медаль кестесі бо­йын­ша жалпы­ко­мандалық есепте 11-орын­мен аяқтады. Бұл жарыс Па­риж Олим­пиа­дасына рейтингте ұпай үлес­тірілетін алғашқы әлемдік бәсеке.

Дзюдодан Ұлан-Батыр қаласындағы Гранд Слам жарысында Абиба Абужа­қынова 48 кило салмақта құрама қор­жынына алғашқы қола медальды салды. Бұрын қыздардан жүлдені тек Отгон­цэцэг Галбадрах әперетін еді. Абибаның қоласы басқа спортшыларға үміт сыйлады. Абиба (рейтингте 61-орында) Моңғолиядағы жарыста өте тәжірибелі Шира Ришониды (Израиль, әлемдік рейтинг 6-орында), ресейлік Сабина Гиля­зованы (Ресей, рейтингте 28-орын) жеңді. Абиба Ұлан-Батырдағы қола­сы үшін 500 ұпай алып, 61-орыннан ша­мамен 35-36-орынға көтеріледі. Аби­ба Абужақынова 2017 жылы жастар ара­сын­дағы әлем чемпионатында күміс медаль алғанын айта кетейік.

Бұрын әйелдер күресінде аса ауыр салмақта Гүлжан Исанова халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғағанын білеміз. Азия чемпионаты, Азия ойындарында және бірнеше ха­лықаралық жарыстарда жүлделі орыннан көрінгені жанкүйерлер есінде болар. Гүлжан спорттық карьерасын аяқтағаннан кейін Камила Берліқаш сияқты қыздар ел намысын қорғап келеді. 22 жастағы Камила аламанның соңғы жарыс күнінде қола жүлдегер атанды. Бұл Камиланың халықаралық жарыстардағы алғашқы жүлдесі. Биыл Тель-Авивте өткен Гранд Сламда жетінші, Тбилисидегі Гранд Сламда бесінші орын алған. Енді, міне үздік үштіктен көрініп отыр.

Ерлер құрамасы да екі қола медальға ие болды. Жарыстың соңғы күні 90 кг салмаққа биыл ғана ауысқан Дидар Хамза қола медаль жеңіп алды. Ол алғашқы айналымда Чехия балуаны Кламмертті ұтса, екінші айналымда моңғолдың мықтысы Алтанбага Гантулгадан басым түсті. Ширек финалда осы жарыстың фавориттерінің бірі нидерландтық Еспер Сминкті ұтты. Жартылай финалда IJF атынан өнер көрсеткен ресейдің мықтысы Михаил Иголниковқа есе жіберді. Қола медаль үшін белдесуінде IJF атынан өнер көрсеткен тағы бір Ресей балуаны Михаил Ларионовты ұтты.

Д.Хамза 2016 жылы 19 жасында сенсация жасап Азия чемпионы атанып, Рио Олимпиадасына қатысты. 2018 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Бірақ Гранд Слам және Grand Price турнирлерінде жолы болмай жүрген. Былтыр Токио Олимпиадасына қатысып, бос қайтқанын өз көзімізбен көрдік. Бұл Дидардың Гранд Слам турниріндегі алғашқы жүлдесі.

Сондай-ақ аталған сайыста аса ауыр салмақта Әділ Оразбаев қоланы қанжығасына байлады. Шыны керек, ауыр салмақта әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған Ержан Шынкеев шығар. Бүгінгі додада Ә.Оразбаев қола жүлдеге ілініп, аса ауыр салмақтағы рейтингке сенімді кіріп келді.

Азия мықтылары елордада бас қосады

Азия мықтылары демекші, биыл сары құрлық біріншілігі Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Қытайдың Ханжчоу қаласында өтуге тиіс Азия ойындары келесі жылға шегерілгендіктен Азияның дзюдо қауымдастығы құрлықтық жарыс­ты өткізу туралы шешім қабылдап, оны елімізге сеніп тапсырды. Халықаралық дзюдо қауымдастығының күнтізбесінде Азия чемпионаты 4-7 тамыз аралығына жоспарлаған.

Былтыр Азия чемпионаты Қырғыз­стан­ның Бішкек қаласында өтті. Онда Қазақстан құрамасының балуандары 2 күміс, 2 қола медаль алып, командалық есепте алтыншы орынға ие болды. Оңтүстік Корея 5 алтын, 5 күміс, 8 қола медальмен бірінші орынға ие болса, Қытай мен Өзбекстан 3 алтын, 2 күміс, 6 қола медальмен екінші-үшінші орындарды бөлісті.

Смағұлов – бесінші орында

Бірнеше күн бұрын Халықаралық дзюдо қауымдастығы әлемдік рейтингті қайта түзді. Қазақстан дзюдошыларының арасында Жансай Смағұловтан басқасының барлығы ондықтың ауылынан алыс орналасқан.

Жансай жаңадан жасалған рейтингте бесінші орында тұр. Биылғы жылдың екі бірдей Гранд Сламында үздік бестікте болған балуанымыз 860 ұпайға ие болды. Алдымен Тель-Авивтегі қола медалі үшін 500 ұпай берілсе, Антальядағы бесінші орынға 360 ұпай алды.

Кезінде үз­діктер қатарында жүретін Елдос Сме­товтің жаңа салмақтағы нәтижесі көңіл қуантарлықтай емес. Жылдың басынан бері ол екі жарысқа қатысып, 360 ұпай алды. 66 кило салмақта күресуді енді ғана бастаған спортшымыз 89-орында тұр. Ал дәл осы салмақтағы тағы бір балуанымыз Ғұсман Қырғызбаев 480 ұпаймен 72-орында. Яғни Сметовтен 17 сатыға жоғары.

Қазақстан дзюдошылары арасында нәтижесі жағынан алда тұрған балуандарымыздың бірі Камила Берлі­қаш +78 кило салмақта ел намысын қор­ғап жүрген бойжеткеніміз әлемдік рейтингте 31-орынға жайғасқан. Дәл осы салмақтағы Назгүл Маратова 36-орында.

60 кило салмақта Мағжан Шамшаддин мен Бауыржан Нарбаевтың нәтижелері бір-біріне шамалас. Мағжан тізімде 38-ші тұрса, одан екі саты төмен Бауыржан Нарбаев орналасқан.

90 кило салмақта 2019 жылғы Азия чемпионатынан бері бірде-бір жарыс­та жүлде алмаған Ислам Бозбаевтың 100 килоға ауысқаны қалай болар екен? Токио Олимпиадасынан кейін жаңа салмаққа өткен Бозбаев биылғы үш бірдей жарыста жүлдесіз қалды. Ислам дәл қазір рейтингте 107-орында тұр. Сол сияқты 81 килодан 90 килоға ауысқан Дидар Хамзаның да ұлттық құрамада жүріп жүлде алмағанына біраз жылдың жүзі болған. Әйткенмен, Моңғолиядағы жарыстан 500 ұпай жинаған Дидар рейтингте жағдайын жақсартатыны сөзсіз. Жерлесіміз 90 кг тартатын балуандардың арасында әзірге 202-орында тұр.

Міне, қазақстандық дзюдошылардың бүгінгі әлеуеті осындай. Жалпы, осыған дейін жерлестеріміз Гранд Сламнан жеті рет алтын медаль жеңіп алған. Атап айтқанда, Максим Раков (2014 ж. Баку), Рустам Ибраев (2015 ж. Баку), Ислам Бозбаев (2017 ж. Баку), Елдос Сметов (2018 ж. Екатеринбург), Ғұсман Қырғызбаев (2019 ж. Абу-Даби) алдына жан салмаса, Отгонцэцэг Галбадрах (2016 ж. Абу-Даби, Париж) дәл осы турнирде екі рет жеңімпаз атанған еді.