• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Маусым, 2022

Жұртшылыққа қарай жаңа қадам

188 рет
көрсетілді

«Жаңа Қазақстан» идеясы жария етілгеннен бері павлодарлық биліктің жұмыс жоспарына оң өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн. Шалғайдағы тұрғындардың ұсыныс-пікірі ескеріліп, жаңа бағдарламаның мәтіні қағазға түскен. Небәрі бір аптаның ішінде 2,5 мыңға жуық өтініш қабылданды. Сауалдардың 60 пайызға жуығы жұмыссыздық және жастар мәселесіне қатысты. Осы және өзге де тың қадамдар Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Тұрғындардан түскен әр сауал мұқият зерттеліп, 150-ге жуық адам жиналған екі стра­тегиялық сессия өткізіліпті. Жиында қала­лар мен ауылдардан арнайы ат басын бұр­ған әр жастағы азаматтар төбе көрсетіпті. Тіп­ті қаңтар оқиғасына қатысқандар да орта­дан табылған. Осылайша, көпшіліктің талқылауынан кейін 2022 жылға арналған бағдарламаның мазмұны бекітілген. Соған сәйкес, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 5 мың жасқа жұмыс тауып беру, 12 мың оқушыға бос уақытты тиімді пайдалану үшін ыңғайлы жағдай жасау сияқы шаралар қамтылған. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Мәселен, 25 жастағы баянауылдық Саян әу баста өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатында жүрсе, бүгінде кәсіпкерлік курс­тарын меңгеріп, жеке шағын бизнесін өрге дома­латып отыр. 20 жастағы Маргарита жұ­мыс­сыз жүрген еді. Қазір Тереңкөл ауда­ны­ның әкімдігінде әдіскер болып нәпақа айыруда. Қысқасы, жаңа бағдарлама іске қосыл­ғаннан бері 6 мың павлодарлық тұрақ­ты және уақытша жұмысқа орналасқан. Меже­ге қол жеткізу үшін жұмыспен қамту орта­лық­тарының қағидаттары өзгертіліп, маман­дар шалғай ауылдарға, адамдар тығыз орналас­қан елді мекендерге қатынаған. Жұмыс­пен қамту мобильді орталықтарының да пай­дасы орасан. Жұмыс іздеп әуре болмай­сыз. Үйде отырып-ақ екі қолға бір күрек таба алатын мүмкіндік бар. 19 білім беру мекемесінде жастарға арналған орталық­тар ашылды. Кәдімгі халыққа қызмет көр­сету орта­лықтары сияқты кеңес беріп, құжаттар­ды реттеуге, өзге де мәселені шешуге жәрдемдеседі.

Жаңа бағдарламаға сәйкес, тағдырдың тауқыметін тартып, қиын жағдайда қалған отбасыларды анықтау көзделген. Есте болса, биыл ақпанда Екібастұз қаласында жағымсыз жағдай дүйім елді елең еткізген-ді. Пәтерлердің бірінен күтімсіз қалған төрт балдырған табылған еді. Одан кейін де соған ұқсас оқиға тіркелген болатын. Осы ретте жергілікті билік «Отбасының цифрлы картасы» шеңберінде әлеуметтік әлсіз отбасыларға тиісті төлемақыны алу, құжаттарды реттеу сияқты үлкен қолдау көрсетіп жатқан көрінеді. Мұндай көмек 55 отбасына көр­сетілген. Психологиялық қолдауды 12 отбасы сезініп, 39 адам жұмысқа орналасқан. Жалпы, жаңа бағдарламада 10 бағыт бойынша 97 нақты іс-шара қарастырылған.

– Аталған бағдарлама халықтың игілігі үшін жасалғанын көріп отырсыздар. Себебі халықтың өзі оны талқылауға және әзірлеуге қатысты. Ата-бабаларымыз ақсақалдар, билер кеңесін шақырып, құрылтайда бірле­сіп шешім қабылдаудың тиімділігі ерекше екенін бұрыннан білген. Оның тағы бір дәлелі – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен халықпен кездесулердің жаңа форматы. Мен, менің орынбасарларым және басқарма басшылары осы уақытқа дейін 100-ге жуық ауылды аралады. Кездесулер­де 536 сұрақ қойылды, оның 40 пайызы же­дел шешілді. Мұндай шаралардың тиімді­лі­гі өте жоғары, себебі кездесуге тұрғындар, аудан, облыс басшылығы, құқық қорғау және басқа органдар өкілдері қатысады. Бірлік­пен бірлесіп шешім қабылдау – басты мақсат­тың бірі, – деді Ә.Сқақов.

Аймақ басшысы емханалардың жұмы­сына қатысты тұрғындардан шағым көп түсе­тінін айтты. Павлодарлықтар көбіне кезек­ті көп күтетіндерін, медицина қыз­мет­кер­лерінің дөрекі жауап қайтаратынын, телефон­мен хабарласу мүмкін емес екенін жеткізіпті. Мәселені шешу үшін облыс әкімі емханаларды аралап, тиісті орган басшыларымен бірге нақты шаралар қолға алынды. Нәтижесі жаман емес. Қазіргі уақытта пациенттердің емханаларға қоңырау шалу кезіндегі күту уақыты 4 есеге, медбикелер бекеттерін енгізу есебінен дәрігер­лер­дің жүктемесі 35 пайызға азайған. Емха­наларда цифрлы бекеттер орнатылып, call-ор­та­лықтардың, тіркеу бөлімдерінің және бас­қа да құрылымдық бөлімшелердің 385 қызмет­кері арнайы оқытудан өткен. Өңірде жас мамандарға резидентурада оқу үшін гранттар бөлініп, қолдау көрсетілуде. Мәселен, облыс орталығындағы медициналық колледж жатақханасы қайта жаңғыртылып, жас дәрігерлердің отбасылары үшін көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған.

– Облыста оқушылардың жартысынан көбі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұған өңір бюджетінен тиісті қаржыландыруды ұлғайту әсер етті. Ол 1,8 есеге өсіп, 3,9 млрд теңгені құрады. Бірінші мамырдан бастап өңірдегі барлық үш қалада мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Балаларға арналған спорт инфрақұрылымын кеңейту жоспарлары да ауқымды. Облыста 7 ірі спорт нысаны, 13 шағын футбол алаңы және 63 спорт алаңы салынуда.

– Облыста 7-11 сынып оқушыларына бола­шақ мамандықтарын табуға кәсіби бағ­дар­лау бағдарламасы оң септігін ти­гізуде. Қазіргі кезде бағдарлама 20 мың оқушыны қамтыды. Біз 150-ге жуық мектеп кітапханасын жаңғыртып, барлық оқу­шы­ның музейге тегін баруын ұйым­дастыр­дық. Пікір­­сайыс қозғалысын дамытып, ақпарат­тық тех­нологияларға оқытудың үздіксіз жүйе­сін құрдық және дарынды балаларды «Тәуел­сіздік ұланы» сыйлығымен марапаттау арқылы ынталандырамыз, – деді Ә.Сқақов.

Брифинг барысында облыс әкімі журна­лис­тердің сауалына толымды жауап берді.

 

Павлодар облысы