• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Маусым, 2022

Жайық өзеніне бекіре тұқымдас 3,5 млн балық шабағы жіберілді

537 рет
көрсетілді

29 маусымда Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты мемлекеттік кәсіпорны Жайық өзеніне 3,5 млн дана бекіре балық түрлерінің шабақтарын жіберді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл жұмыс балық ресурстарын молайту жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің қорларын сақтау және қалпына келтіру мақсатында жыл сайын жүргізіледі.

«Бекіре шабақтарын су айдындарына жіберу бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы орган, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен комиссиялық түрде жүзеге асырылды. Бекіре тұқымдас балықтардың шабақтары (қортпа, шоқыр, орыс бекіресі, сүйрік) зауытта жасанды түрде өсірілгенін атап өткен жөн», делінген министрлік хабарламасында.

Жыл сайын зауыт Жайық өзенінің ұйықтық учаскелерінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің өндірушілерін (аталық және аналық) аулайды, одан әрі инкубациялау үшін олардан тірі кезінде жыныстық өнімдер (уылдырық және шоғал) алады. Мысалы, осы жылдың 19 сәуірінде ұсталған, салмағы 190 келі қортпадан уылдырық алғаннан кейін табиғи мекен ету ортасы үшін орташа салмағы 15 грамм 729 мың дана шабақ алынды, олар бүгін өзенге жіберілді. Сонымен қатар 629 мың дана сүйрік, 419 мың дана орыс бекіресі және 1,723 млн дана орыс бекіресінің шабақтары жіберілді.

«Жалпы 2022 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде табиғи мекендеу ортасына 93,1 млн дана құнды балық түрлерінің шабақтарын, оның ішінде 7,5 млн дана бекіре шабақтарын жіберу жоспарланған. Бүгінгі күні мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке балық өсіру шаруашылықтары 69,4 млн дана балық шабақтарын өсіріп, табиғи мекендеу ортасына жіберді», делінген хабарламада.

Бұл ретте балық ресурстарын жасанды жолмен молайту жөніндегі жұмыстар жалғасуда және оны ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.