«Коронавирус жұқтырғандар көбейсе, маска тағу режіміне қайта ораламыз» деген ақпараттар әр жерден көріне бастағаны белгілі. Сайып келгенде соның барлығы басты байлығымызға баса назар аударуға бағыттайды. Екі жылдай елдің есін шығарып, еңсесін басқан дерттің есігімізден енбегенін қалаймыз. Дей тұрғанмен, сала мамандарының сақтандырғанына назар салып, құлақ түргеннің артығы болмас.
Елімізде жыл басында КВИ аурушаңдығының шамалы өсуі байқалған, алайда соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық 3,6 есеге – 127-ден 457 жағдайға дейін өскен. Айта кету керек, COVID-19 ауруының өсуі басқа елдерде де байқалады. Мәселен, әлемдегі коронавирус инфекциясы бойынша статистика деректерінің мәліметінше, соңғы 7 күнде сырқаттану 15%-ға, өлім-жітім 3%-ға артқан. Төсек орындардың қамтылуы 5%-ды құрайды, резервте 22 мыңнан астам орын бар.
Елімізде соңғы аптада 457 жағдайдың 391-і немесе 85 %-ы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Вакцина алу мәртебесін талдау кезінде азаматтардың 80 %-ы КВИ-ге қарсы вакцина алмаған және вакцинадан кейін 6 айдан астам уақыт өткен адамдар екені анықталды.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, вакцина КВИ инфекциясынан қорғаудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз тиімді шарасы екенін көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, COVID-19-ға қарсы вакцина салу науқаны жалғасуда. Соңғы деректер бойынша вакцинамен қамту – 80,2%-ды, екінші компонентпен қамту 78,0%-ды құрады. Ревакцинаны тиісті халықтың 67,4%-ы алды. Қайта вакцинаны 170 мың адам немесе тиісті контингенттің 50,6%-ы алды. Қазіргі уақытта тәулігіне 20-21 мың екпе жасалады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Айта кету керек, мамыр айында коронавирус штамдарын ретке келтіру кезінде «Омикрон» нұсқаларының 99%-ы анықталды, оның 27%-ы «Стелла-Омикрон» және маусым айында жүргізілген ПТР-скрининг барысында Алматы қаласында «Стелла-Омикрон» нұсқасының 78%-ы анықталды. Қазіргі уақытта анықталған штаммдарды одан әрі зерттеу үшін жүйелендіру жүргізілуде, нәтижелер бойынша жұмыс жалғасуда. Жалпы, республикада коронавирус инфекциясына қарсы үш вакцина бар, барлығы – 2,3 млн доза. КВИ бойынша тұрақты эпидемиялық жағдайды қолдау мақсатында, әсіресе КВИ ауруы бойынша жоғары тәуекел тобына кіретін адамдарға ревакцинадан өту ұсынылады.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында вице-премьер науқастар саны артып келе жатқанын жеткізген еді.
«Әзірге ең маңызды мәселе – вакциналау. Науқастар саны өскен жағдайда маска тағу режіміне қайта оралуымыз мүмкін. Қазір тәулігіне 100 адамға дейін науқастар саны артып келеді. Карантин шараларын күшейту мәселесі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады. Маска тағу жөнінде ғана емес, жалпы шаралар бойынша», деді вице-премьер.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артқанын атап өтті. Мәселен, өткен аптамен салыстырғанда жұқтыру жағдайлары 2,9 есе артқан, науқастардың 80%-ына жуығы – індетке қарсы екпе алмағандар және соңғы екпеден кейін 6 ай өтіп кеткен адамдар. Елдегі COVID-19 көрсеткіштерінің артуын ескере отырып, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлер эпидемиялық қауіп-қатердің сары аймағына көшкен жағдайда төмендегі қосымша шараларды қабылдау керектігі туралы шешім қабылдады. Олар науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс жасау форматына көшіру, COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға болмайтын қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру, жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу, 10-нан аса адам қатысатын жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну. Сондай-ақ аймақтың эпидемиялық ахуалына қарамастан, әуеде, ТЖ көліктері мен халықаралық автобустарда маска тағу ұсынылады.
Денсаулық сақтау министрі инфекцияның таралуының өсуіне қарамастан, «Республика бойынша жағдай сыни емес» деп санайды.
«Біз «жасыл аймақта» тұрмыз, сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, төсектердің қамтылуы небәрі 6%-ды құрайды. Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда еліміз «жасыл» аймақта орналасқан, сондықтан қосымша шаралар қабылдаудың қажеті жоқ. Себебі қорқатындай, алаңдайтындай оқиға тіркелмеді», деді А.Ғиният.
Ол сондай-ақ пациенттердің вакцина алу мәртебесін талдау кезінде 80%-ға жуығы КВИ-ге қарсы вакцина алмаған адамдар және вакциналау мен ревакциналаудан кейін 6 айдан астам уақыт өткені анықталғанын атап өтті.
«Ұсынылған деректер өңірлердің халықты КВИ-ге қарсы вакциналау және ревакциналау бойынша жеткіліксіз жұмыс атқарғанын көрсетеді. Әлемде және бізде сырқаттанушылықтың біртіндеп өсуі, бұл сөзсіз ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне әкеледі. Осыған байланысты өңірлерге тиісті халықты қайта вакциналау бойынша жұмысты күшейтуді тапсыруды сұраймын», деп атап өтті ол.
Аталған министрліктің 2022 жылғы 3 шілдедегі мәліметі бойынша Қазақстанда I компонентпен 9 526 392 адам вакцина салдырды, II компонентпен
9 311 204 адам қамтылды. Ревакциналанғандар саны – 4 817 836 адам. Ал 1 069 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 147 пациент стационарда, 922 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында 8 адамның жағдайы ауыр, жағдайы өте ауыр немесе ӨЖЖ аппаратында жатқандар жоқ.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге» баса мән берген дұрыс сияқты. Себебі күні кеше Алматы қаласы «сары» аймаққа ауысты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлім етті.
«4 шілдеден бастап Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті. Қазіргі уақытта қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері қаулыны дайындау үстінде. Қаулыда барлығы жазылады. Осы орайда біз әр азаматты коронавирусқа қарсы вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге шақырамыз», деді Ержан Байтанаев.
Оның айтуынша, бүгінде коронавирусқа шалдығып жатқан азаматтардың 80 пайызы вакцина алмаған.
«Қазақстандықтарды өзі мен жақындарының денсаулығын сақтау мақсатында вакцина алудың барлық процесінен өтуге шұғыл түрде шақырамыз. Бұл процесс ұжымдық иммунитетті қалыптастыра түсу үшін де маңызды», деді ол. Еске сала кетсек, Қазақстан «сары» аймаққа өтсе, Үкімет тарапынан қандай шаралар қолға алынатыны хабарланған еді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде елімізде маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артқанын атап өтті. Айта кетейік, Коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия қазіргі кезде елімізде «Қызыл» аймаққа жататын өңір жоқ екенін мәлімдеді. «Сары» аймақта – Алматы қаласы, «Жасыл» аймақта – Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары тұр.