Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон қызметінен кететінін мәлімдеді. Дегенмен жаңадан үкімет басшысы тағайындалғанға дейін Борис мырза жұмысын жалғастыра бермек. Ең әуелі Консервативтер партиясы өз көшбасшысын таңдауға тиіс.
Мұндай шешімді Б.Джонсон жұма күні «Даунинг стритте» жасаған мәлімдемесінде хабарлады. Сондай-ақ Консервативтер партиясы басшысы лауазымын босататынын да жариялады. Ол көптеген жоспар мен идеяны жүзеге асыра алмағанына қынжылыс білдірді. Әйтсе де, жаңа премьер-министр сайланғанға дейін қызметін жалғастыра беретінін жеткізді.
Жалпы, Ұлыбританияда бұл қалыпты жағдай. Үкімет басшысы отставкаға кететінін айтқанымен, орнына басқа шенеунік тағайындалғанша міндетін атқара береді. Мәселен, бұған дейін Тереза Мэй де, Дэвид Кэмерон да орынтағын босатқаны нақтыланғанына қарамастан, жаңа премьер-министр келгенше жұмыс істеді.
Оқырманға түсінікті болуы үшін мынаны айта кеткен жөн. Ұлыбритания – парламенттік конституциялық монархия ел. Яғни мемлекеттің иесі монарх саналғанымен, елді басқару премьер-министрдің міндеті. Соған сәйкес «Тұманды Альбионның» парламенті үкімет басшысын сайлайды. Оны Қауымдар палатасы ұсынады. Осыдан соң оны монарх тағайындайды.
Әдетте премьер-министрлікке Қауымдар палатасында көпшілік дауысқа ие партияның басшысы немесе коалиция құрылған жағдайда ең көп мандат иеленген партияның басшысы үміткер ретінде есептеледі. Борис Джонсон парламентте көпшілік мандатқа ие Консервативтер партиясы төрағасы қызметін босатқан соң, автоматты түрде партияның жаңа басшысы премьер-министрлікке ұсынылады.
Қазіргі таңда Б.Джонсонның орнын кім басады деген пікірталас «Тұманды Альбионда» желдей есіп, Англияның толассыз жауатын жаңбырындай үдемелеп тұр. Консервативтер партиясы көшбасшылығына сайлану кестесі келесі аптада жарияланбақ. Демек бұл саяси бәсекеде сүрінбей өткен жеңімпаз Ұлыбританияның келесі премьер-министрі болатыны анық.
Джонсон мырза жаңа партияға жаңа басшы сайланғанға дейін қызметін жалғастыра беретінін айтты. Дегенмен мұндай шешімге келіспейтіндер де бар. Мәселен, бұған дейін Консервативтер атынан бәсекеге түсіп, премьер-министр қызметін атқарған сэр Джон Мейджор Б.Джонсоннан «Даунинг стритті» жедел түрде босатуды сұрап отыр. Оның айтуынша, партия басшысын сайлауды тез арада өткізу қажет. Немесе вице-премьер Доминик Раабтың уақытша премьер-министр қызметін атқаруын ұсынды.
Жалпы, бәрін бүлдірген Борис Джонсон өзі. Ол ақпанда Қазынашылық пен үкіметтің отбасы жөніндегі басшысының орынбасары ретінде Крис Пинчерді тағайындаған еді. Маусымның аяғында Пинчер мырза клубтардың бірінде өле мас болып ішіп, басқа еркектерге сексуалды қысым көрсеткенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды.
Бұл оқиға «Тұманды Альбионда» үлкен шу туғызды. Өйткені К.Пинчер 2017 жылы да осындай мәселеге байланысты үкіметтегі қызметінен кеткен еді. Бастапқыда Б.Джонсон қарамағындағы қызметкердің мұндай әдепсіздігін білмейтінін алға тартып, құтылуға тырысқан. Көп ұзамай-ақ премьер-министрдің өтірік айтқаны анықталды.
Мұны Борис мырзаның өзі мойындағаннан кейін Ұлыбритания үкіметі мен парламентінде дау бұрқ ете түсті. Премьер-министрдің әрекетімен келіспеген министрлер кабинетінің жартысына жуығы өз еркімен отставкаға кетуге өтініш берді. Канцлер Риши Сунак пен денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид те лауазымынан бас тартқаннан кейін саяси дағдарыстың күшейгені түсінікті болды. Жалпы, үш күннің ішінде үкіметтің 63 қызметкері жұмыстан босатуға шешім қабылдаса, соның алтауы министрлер кабинетінің мүшесі еді.
Б.Джонсон премьер-министрдің орынтағына барынша жармасты. Екі тәулік бойы одан отставкаға кетуді сұрағандар санында шек болған жоқ. Тіпті жаңадан тағайындалған канцлер Надим Захави де одан орнын босатуды сұрады. Ақыры партияластарының да беті бері қарамайтынын түсінгендіктен, осындай шешім қабылдады.
Енді, Консервативтер партиясы жаңа көшбасшыны сайлауға тиіс. Бұл саяси бәсеке де басқа елдерден өзгеше өтеді. Қолданыстағы ережеге сәйкес, үміткерлерге додаға түсу үшін партиялас сегіз депутаттың қолдауы қажет. Егер кандидаттар саны екіден көп болса, парламент депутаттары екеуі қалғанға дейін дауыс береді.
Мысалы, бірінші раундтың қорытындысы бойынша 5 пайыз қолдауға ие болған үміткерлер ғана келесі кезеңге өтеді. Екінші турда 10 пайыз дауыс жинағандар ғана үшінші рет бәсекеге түседі. Қалған сатыларда ең аз қолдау иеленген кандидат шығып қалып отырады. Ақыр соңында екі үміткер депутат қалғанда Консервативтер партиясының бүкіл мүшесі дауыс береді. Ең көп қолдауға қол жеткізгені партия басшысы болып сайланады.
Енді, Ұлыбританияда Джонсонның орнын кім басуы мүмкін деген мәселеге оралсақ. Қазіргі таңда үміткерлер жетіп артылады. Бұқаралық ақпарат құралдары 12 кандидаттың есімін санап берді. Олардың қатарында бұрынғы канцлер Риши Сунак, сыртқы істер министрі Лиз Трасс, денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған Саджид Джавид, қорғаныс министрі Бен Уоллес, ішкі істер министрі Прити Патель бар.
Сарапшылар мен букмекерлер қорғаныс министрі Бен Уоллестің үміткерлер арасында шоқтығы биік деп есептейді. Бұған себеп жетерлік. Украинадағы соғыс басталғалы Ұлыбритания ресми Киевке қолдау көрсетіп келеді. Украина жауынгерлерін «Тұманды Альбионда» дайындықтан өткізіп, ұрыс даласына көптеген қару-жарақ жеткізді. Тіпті Франция, Германия секілді Еуропалық одақтағы басқа да елдердің соғысқа қажет заттарды жеткізуді жеделдетуге итермеледі. Мұндай қыруар жұмысты атқарған – әрине, Бен Уоллес. Осылайша, қорғаныс министрінің халық алдында да, Қауымдастықтар палатасы депутаттарының алдында да абыройы өсті.
Бұл аз десеңіз, Уоллес мырза университетке бармаған, оның орнына әскери білім алған бірден-бір партия мүшесі. Ол Германияда, Кипрде, Белизде, Солтүстік Ирландияда әскери борышын өтеген. 2019 жылы Борис Джонсонның сайлауалды науқанын өткізуге бел шешіп кірісті. Соның арқасында министрлер кабинетінен ойып тұрып орын иеленді.
Премьер-министрліктен үміткер Саджид Джавидтің де бәсі басқалардан жоғары тұр. Өткен аптада ол алғашқылардың бірі болып өз еркімен отставкаға кетті. Әлбетте, әу баста Джавид мырзаның үкімет басшысы орынтағынан үміттенді деп айтуға негіз жоқ. Бірақ оның қызметін босатуы Борис Джонсонның орнынан кетуіне итермелеген оқиғаға жол ашып берді.
С.Джавид кейінгі үш премьер-министр тұсында үкіметтің алты департаментін басқарды. Сонымен қатар мәдениет, бизнес, тұрғын үй, ішкі істер жөніндегі мемлекеттік хатшы және қазынашылық канцлері қызметтерін атқарды. Дегенмен оның министрлер кабинеті құрамында ұзақ уақыт еңбек етпеуі үкімет басшысы атануына кедергі келтіруі әбден ықтимал.
Келесі үміткер – бұрынғы канцлер Риши Сунак. Ол С.Джавидтің ізін ала өз еркімен отставкаға кетуге өтініш білдірді. Қазіргі таңда кандидаттардың ішіндегі ең жасы саналады. Р.Сунак үкіметтің екінші лауазымды қызметін атқарды. Пандемиядан туындаған қысымға қарамастан, мемлекеттік шығындар мен салықтарды төмен ұстауға тырысты. «Брекситті» қызу қолдағандардың бірі. Дегенмен Солтүстік Ирландия протоколына ашық қарсы шықты.
Сарапшылардың пайымдауынша, Консервативтер өкілдері Риши мырзаның саясат сахнасындағы еңбек өтілі аз екеніне алаңдаушылық білдіруі мүмкін. Кейбір депутаттар Р.Сунак үкімет басқарғанға дейін түрлі департаменттерде жұмыс істеп, ел басқарудың ыстығы мен суығына түсу керек деп есептейді.
Сонымен қатар мемлекеттік министр Пенни Мордонттың да есімі үміткерлер қатарында аталады. Ол әзірге үкімет басшысы орынтағына таласатыны туралы мәлімдемеді. Бірақ сауалдамаларға сүйенсек, оны қолдайтындар саны жетерлік. Бұған дейін Пенни ханым қорғаныс министрі қызметін атқарып, Ұлыбританияда бұл саланы басқарған тұңғыш әйел атанған еді.
Қорыта айтқанда, дәл қазір «Тұманды Альбионды» белгісіздік тұманы басып тұр. Борис Джонсонның орнын кім басатыны, әлемдегі геосаяси ахуалға мұның әсері қандай болмағы белгісіз. Ал бұған қатысты пікірталас Англиядағы толастамайтын нөсер секілді әзірге соңы көрінер емес.