Бүгін «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) «KEGOC» акционерлік қоғамының құрылғанына 25 жыл толды. Осы айтулы дата қарсаңында «KEGOC» АҚ Басқармасының төрағасы Қаныш Молдабаев «Egemen Qazaqstan»-ға сұхбат беріп, еліміздің электр энергетикасы саласындағы жетекші компанияның құрылу тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі жайлы айтты.
– Құрметті Қаныш Тәңірбергенұлы, KEGOC-тың ширек ғасырлық шежіресін шолып өткеніңізде қандай жайлар назарыңызды ерекше аудартты?
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында КСРО-ның ыдырауына байланысты бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, қалыптасқан тауар нарықтары жоғалды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің бәрінде өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі кеміп, зауыттар мен фабрикалар жабыла бастады. Тіпті кейбір салалардың жұмысы мүлдем тоқтап жатты. Осындай қиын-қыстау кезеңде электр энергиясына деген сұраныс та күрт азайды. Мысалы, Қазақстан Республикасының Біртұтас энергетикалық жүйесіндегі (БЭЖ) электр жүктемелері 15642 МВт-тан (1990 ж.) 8445 МВт-қа (1999 ж.) дейін төмендеді. Ал осы кезеңде электр тұтыну 2 еседен астам – 104,7 млрд кВтсағ-тан 50,7 млрд кВтсағатқа дейін кеміді. Сонымен қатар, тұтынылған электр энергиясы үшін төлемдер көлемі де күрт кеміді. Ұсыныстың сұраныстан басым болуына байланысты электр энергиясының бағасы да арзандады. Соның салдарынан электр энергетикасы саласындағы кәсіпорындардың дамуы былай тұрсын, электр желілері мен құрылғыларына жөндеу-алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаражат болмады. Осылайша, Қазақстанның электр энергетикасында күрделі жағдай қалыптасқан еді. Оны еңсеру үшін түбегейлі реформалар жүргізу талап етілді.
Еліміздің электр энергетикасы саласында нарықтық қатынастарға көшуге бағытталған реформалар 1995 жылдың соңында Қазақстан Республикасы Президентінің «Электр энергетикасы туралы» заңдық күші бар Жарлығының қабылдануымен басталды. Осы Жарлықтың негізінде 1996 жылы Үкімет «Электр энергетикасын жекешелендіру және қайта құрылымдау бағдарламасы туралы» және «Қазақстан Республикасының энергетикалық жүйесін басқаруды құрылымдық қайта құру жөніндегі кейбір шаралар туралы» қаулылар қабылдады. Нәтижесінде, «KEGOC» АҚ – «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» құрылып, сол кезде оның акцияларының 100 пайызы мемлекет меншігінде болды.
Өте қысқа мерзім ішінде KEGOC әлемдік электр энергиясы нарықтарының жұмыс істеу тәжірибесін зерттеді. Алынған деректерді талдау негізінде электр энергияcы мен қуаттың бәсекелі көтерме нарығының қазақстандық моделі әзірленді. Бұл модельдің ерекшелігі – орналасқан жеріне қарамастан, тұтынушылар ең қолайлы бағаларды ұсынған электр жеткізушілерін таңдай алды. Бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) арқылы электр энергиясын жеткізуге KEGOC-тің бірыңғай тарифі енгізілуінің нәтижесінде мүмкін болды.
Электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығын (ЭҚКН) енгізудің және оны әрі қарай дамытудың арқасында еліміздің электр энергетикасы саласының тұрақты жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Яғни Қазақстан Республикасы Біртұтас энергетикалық жүйесінде генерацияның/электр тұтынудың ағымдағы теңгерімдерін қалыптастыру және орындау, республика экономикасы мен халқын электрмен сенімді жабдықтау мүмкін болды.
Сонымен қатар KEGOC иелік ететін және басқаратын Қазақстанның Ұлттық электр торабы құрамына кіретін электр желісінің негізгі активтері – әуелік электр жеткізу желілері (ӘЖ) мен кернеуі 500 және 220 кВ қосалқы стансалардың (ҚС) өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары салынғанын еске салғым келеді. Сондықтан, алғашқы құрылған күндерден бастап компания электр желілік объектілердің инфрақұрылымын түбегейлі жаңғыртуға және дамытуға бағытталған жобаларды іске асыра бастады. 2000 жылы KEGOC «Қазақстанның Ұлттық электр торабын жаңғырту, I, II кезең» жобасын іске асыруға кірісті. Жоба екі кезеңге бөлініп, 2015 жылы аяқталды.
Аталған жоба аясында жоғары вольтты жабдықтар, релелік қорғау және аварияға қарсы автоматика ауыстырылды, жоғарғы, орта және қосалқы станса деңгейіндегі мониторинг және басқару жүйелері, коммерциялық есепке алу жүйесі, спутниктік байланыс жүйелері және әлемдік жетекші өндірушілердің (SIEMENS, ABB, GЕ және т.б.) басқа да технологиялық жүйелері орнатылды.
2004 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде «Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік транзитінің 500 кВ екінші желісін салу», «Қазақстан Ұлттық электр торабына кернеуі 500, 220 кВ желілерімен қоса отырып, 500 кВ Алма қосалқы стансасын салу», «Мойнақ ГЭС қуатын беру», «ОБТҚ-Осакаровка 220 кВ ӘЖ реконструкциялау», «Екібастұз–Шүлбі СЭС – Өскемен, 1 кезең» және «Шүлбі ГЭС-і – Ақтоғай – Талдықорған – Алма, 2 кезең», «Екібастұз – Шүлбі ГЭС-і – Өскемен, 1 кезең», екі кезеңнен тұратын «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік 500 кВ транзит желісін салу», «Павлодар энергия торабының Қазақстан БЭЖ-імен байланысын күшейту» сияқты ірі электр желілік жобалары іске асырылды.
Нәтижесінде, шағын станса жабдықтарының 80 пайызы жаңартылды, кернеуі 500-220 кВ 4000 километрге жуық электр жеткізу желілері салынды, 500 кВ кернеу класының жаңа «Алма», «Ақтоғай», «Семей» және «Талдықорған» қосалқы стансалары пайдалануға берілді. Бұл, тұтастай алғанда, тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырды.
Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ – ұлттық электр тораптарының активтерін иеленген және басқаратын елдің басты электр желілік компаниясы. Оның балансында кернеуі 220-1150 кВ, жалпы ұзындығы 26,9 мың километр электр жеткізу желілері және ұлттық электр торабын құрайтын трансформаторлардың белгіленген қуаты 38,7 ГВА-дан асатын 81 электр қосалқы стансасы бар. Компанияда 4 мыңдай адам жұмыс істейді.
2004 жылдан бастап «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар көршілес мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс режімдерін басқару және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша ойдағыдай өзара іс-қимыл жасайды. Бұл қазіргі жағдайда да елдің энергия жүйесінің тұрақты жұмысы үшін маңызды.
– Қазіргі уақытта еліміздің электр энергетика саласында қандай ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр?
– Ірі ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру жалғастырылып жатыр. Осы жылы біз KEGOC-тың «Ақтөбе ЖЭТ», «Батыс ЖЭТ» және «Сарыбай ЖЭТ» филиалдарында 220-500 кВ әуелік электр жеткізу желілерін реконструкциялау жобасының бірінші кезеңін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның мақсаты – қызмет етудің нормативтік мерзіміне жеткен және таяудағы жылдары жететін қолданыстағы әуелік электр жеткізу желілерін реконструкциялау.
Сондай-ақ биыл Түркістан қаласын сырттан электрмен жабдықтау схемасын күшейту аясында 220 кВ «Орталық» қосалқы стансасын салу жобасы аяқталатын болады. Бұл жоба аталған өңірде электр энергиясын тұтынудың болжамды айтарлықтай өсуін ескере отырып, Түркістан энергия торабында қосымша электрмен жабдықтау орталығын құруға бағытталған.
Тағы бір маңызды жоба еліміздің батысында іске асырылуда. Ол – аяқталу мерзімі 2023 жыл болып белгіленген «Қазақстан Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы. Бұл жоба республиканың батыс облыстары арасындағы 220 кВ электр желілерін күшейте отырып, Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесінің Батыс аймағы тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталып отыр.
Бұдан бөлек, біз «Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан Біртұтас энергетикалық жүйесімен біріктіру», «Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» сияқты бірқатар перспективалы жобаларды іске асыру мүмкіндігін пысықтау үстіндеміз.
– Компанияның өндірістік көрсеткіштері жайлы не айтасыз?
– KEGOC қызметтерін тұтынушылар болып саналатын заңды тұлғалар – энергия өндіруші, энергия жеткізуші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және өнеркәсіптік кәсіпорындар. 2021 жылы көтерме сауда нарығының субъектілеріне жүйелік қызметтер жасалған шарттарға және тұтынушылардың өтінімдеріне сәйкес толық көлемде көрсетілді.
Атап айтқанда, біріншіден, былтыр Ұлттық электр торабы арқылы электр энергиясын жеткізу жөніндегі қызметтердің нақты көлемі 54,65 млрд кВтсағатты құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 8,5 млрд кВтсағатқа немесе 18,4 пайызға жоғары.
Екіншіден, өткен жылы желіге босатуды және электр энергиясын тұтынуды техникалық диспетчерлендіру бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 105,04 млрд кВтсағатты құрады, бұл 2020 жылғымен салыстырғанда 6,05 млрд кВтсағат немесе 6,11 пайыз жоғары.
Үшіншіден, 2021 жылы электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтердің нақты көлемі 205,15 млрд кВтсағатты құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 12,29 млрд кВтсағат немесе 6,37 пайыз жоғары.
– Компания электр энергетикасы саласындағы заманауи SMART GRID бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізудеміз. Жалпы, компанияның инвестициялық қызметі KEGOC-тың еліміздің электр энергетикасы саласына инновациялар енгізуде негізгі жетекшіге айналуына мүмкіндік берді. Жобаларды іске асыру барысында әлемдегі үздік энергетикалық жабдықтарды өндірушілердің заманауи технологиялары қолданылды. Жаңғырту кезеңінде компания көптеген технологиялық процесті автоматтандырды.
SMART GRID желісі әрбір елде қолданыстағы топологияны және электр энергиясы нарығының жағдайларын ескере отырып қолданылатынын атап айтқым келеді. Әдетте, SMART GRID енгізу тұжырымдамасы энергетикалық жүйенің барлық қатысушысының – генерацияның, электр энергиясын беру және тарату секторының және, әрине, тұтынушылардың интеграциясынан техникалық-экономикалық пайда алуды білдіреді. Бұл сенімділік пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
2019-2021 жылдар кезеңінде біздің компания «Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесі режімдерін басқаруды автоматтандыру» жобасын іске асырды. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Ол үш құрамдастан тұрады:
Бірінші. Аварияға қарсы автоматиканың орталықтандырылған жүйесі (ААОЖ);
Екінші. Жиілік пен қуатты реттеу автоматикасы (ЖҚРА);
Үшінші. Синхрофазорлық технологиялар негізінде мониторинг және басқару жүйесі (WAMS/WACS).
Белсенді-бейімді Ұлттық электр торабы, тұтастай алғанда, Қазақстанның зияткерлік энергия жүйесінің өзегі болуға тиіс.
Бүгінгі таңда KEGOC-тың қосалқы стансаларында релелік қорғау және автоматикалық микропроцессорлық құрылғылар, диспетчерлік бақылау және деректерді жинау жүйелері, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі, басқарылатын 500 кВ шунттаушы реакторлар, фазалық бұрылмалы құрылғылар, талшықтық-оптикалық байланыс арналары орнатылған.
Перспективада KEGOC жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) объектілерінің генерациясын болжау, ЖЭК генерациясының ауытқуын өтеуді қамтамасыз ету және тұтастай энергия жүйесіндегі реттеу қуатын ұлғайту үшін электр энергиясы жинақтауыштарының қолданылуын зерттеу бойынша бастапқы жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
– Компанияның 25 жылдық қызметіндегі ең бір есте қаларлық сәттер туралы не айтар едіңіз?
– Кез келген ұйымның қызметі тек өндірістік міндеттерді орындаумен шектелмейтіні белгілі.
1997 жылы «KEGOC» АҚ-ның құрылуымен бір мезгілде Ресей БЭЖ-і, Қазақстан БЭЖ-і және Орталық Азия БЭЖ-інің қатарлас жұмыс істеуін қалпына келтіру процесі басталған болатын. Қазақстанның электр энергетика саласында жүргізілген реформалар электр энергиясының ашық бәсекелі нарығын ұйымдастыруға, төлем жасамау проблемасын шешуге және шекаралас елдердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қалпына келтіруге нақты алғышарттар жасауға мүмкіндік берді. ТМД Электр энергетикалық кеңесі аясында тараптардың өзара іс-қимыл жасауы маңызды рөл атқарды. Осы салалық алаңда біз ортақ қорытындылар жасап, бірлескен жұмысқа қатысты әртүрлі мәселелер бойынша бірыңғай шешімдер табамыз.
Бұл ретте ТМД Электр энергетикалық кеңесі алаңының арқасында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның энергия жүйелерін біріктіру жүзеге асырылғанын айтқан жөн.
Қатарлас жұмысты үйлестіру және келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету мақсатында 2003 жылы «KEGOC» АҚ-ның тікелей ұйытқы болуымен Қазақстан Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның ұлттық энергетикалық компанияларының бастарын қосқан Орталық Азияның Электр энергетикалық үйлестіру кеңесін (ОА ЭҮК) құрудың бастамашысы болды. Қазіргі уақытта Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесі Ресей БЭЖ-імен және Қырғызстан мен Өзбекстанның энергия жүйелерін қамтитын Орталық Азия БЭЖ-мен қатарлас жұмыс істейді.
KEGOC электр энергетикасы саласын дамытудың үйлестірілген стратегиясын қалыптастыру, электр энергетикасы жүйесінің жұмыс тиімділігін арттыру, көрші мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерімен қатарлас жұмыс істеудің артықшылықтарын пайдалану арқылы тұтынушыларды электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету және ТМД мен Еуразияда ортақ электр энергетикалық нарық құру мақсатында ТМД Электр энергетикалық кеңесінің жұмысына белсене қатысады.
Халықаралық қызметке келетін болсақ, біздің компания EUROELECTRIC Қауымдастығының, Дүниежүзілік энергетикалық кеңестің, сондай-ақ жоғары кернеулі үлкен электр жүйелері жөніндегі Халықаралық кеңес – CIGRE-нің жұмысына белсене қатысады.
Бұдан басқа, қолданыстағы объектілерді жаңғырту және жаңа объектілерді салу жөніндегі бірқатар ірі жобаларды іске асыру барысында KEGOC Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚДБ) мен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің (ЕҚДБ) қарыз қаражатын тарту арқылы халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтасып отыр.
Қазіргі уақытта компаниямыздың акциялары оның тұрақты қаржылық жағдайының шынайы көрсеткішіне айналды. Бұл акциялар кейінгі жылдары Қазақстан қор биржасындағы неғұрлым тартымды бағалы қағаздардың бірі болып саналады. 2014 жылы «Халықтық IPO» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап компания акцияларының жиынтық нарықтық құны 370 пайыздан астамға, яғни 131 млрд теңгеден 486 млрд теңгеге дейін өсті. Осылайша, акционерлердің табысы да еселеп артты.
Жұмыс беруші компаниялардың арасында көшбасшы ретінде танылған KEGOC персоналды дамыту бағытында ұдайы көп жұмыс атқарып келеді. Олар – біліктілікті арттыру бағдарламалары, жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге үйрету, кәсіби шеберлік конкурстары, спортпен айналысу үшін жағдай туғызу, жақсы әлеуметтік пакет, қызметкерлердің отбасыларына қамқорлық жасау, ардагерлер мен зейнеткерлерге құрмет пен қолдау көрсету. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
– Қазіргі алмағайып заманда компанияның алдында қандай сын-қатерлер мен маңызды міндеттер тұр?
– Бүгінгі таңда Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесі үшін елеулі сын-қатерлердің бірі – маневрлік қуаттардың тапшылығы. Өндіруші қуаттар құрылымындағы тапшылықтың себебі – төмен маневрлік электр стансаларының (негізінен, көмір стансалары) үлесі тым үлкен екенінде. Бұған қоса көптеген электр стансасы қуат резерві бар болса да, технологиялық себептер бойынша энергия жүйесіндегі қуат теңгерімін реттеуге қатыса алмайды (газ электр стансаларындағы отын бойынша шектеулер, су режімі бойынша ГЭС-тегі шектеулер, жылу режімі бойынша жылу электр орталықтарындағы шектеулер).
Электр стансаларының өндіруші жабдықтарының тозу деңгейінің жоғарылығы тағы бір проблема болып отыр. Бұл жоспарлы және авариялық жөндеулердің саны мен мерзімінің ұзақтығының артуына алып келеді. Осының салдарынан Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесінің теңгерімдік сенімділігі төмендейді. Мұның өзі Қазақстан – Ресей қуат ағындары сальдосының шарттық көлемдерден елеулі ауытқуына әкеледі. Сол себеппен компаниямыз қосымша шығындарға тап болады.
Генерациялаушы жабдықтардың тозуының одан әрі ұлғаюын және генерацияның тұрақсыздығымен ерекшеленетін жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) үлесінің өсуін ескерсек, еліміздің энергия жүйесіндегі теңгерімді қамтамасыз ету тіпті күрделене түсетіні анық. Осындай жағдайда жаңа маневрлік электр стансаларын салу қажеттілігі және KEGOC іске асырған жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесі (ЖҚАР) жобасының маңыздылығы артып отыр.
Еліміздің Энергетика министрлігі Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесінің электр энергиясы мен қуатының 2035 жылға дейінгі болжамды теңгерімін бекітті. Аталған жүйеде перспективалы энергия тұтынуды қамту үшін 2035 жылға қарай шамамен 17,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды енгізу жоспарланып отыр. Олардың құрылымында әртүрлі технологиялар және оларды орналастыру орындары ұсынылған. Осыған байланысты KEGOC Ұлттық электр торабын дамытудың болжамды моделін әзірлеуге кірісті. ҰЭТ-ті ауқымды жаңғырту электр энергиясының қажетті өңіраралық және мемлекетаралық ағындарын қамтамасыз ете отырып, жаңа өндіруші қуаттарды іске қосумен үйлестірілуге тиіс.
Ұлттық электр торабының болашақ конфигурациясы Smart Grid заманауи технологияларын пайдалану арқылы Батыс энергетика аймағын Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесімен біріктіруге және Оңтүстік энергетика аймағын күшейтуге жағдай жасай отырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ қажетті желілік инфрақұрылымды салу және энергияны өндіру жүйесін енгізу арқылы Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізінің бірегей жел әлеуетін қоса алғанда, елдің батыс, шығыс және оңтүстік өңірлерінің жаңартылатын энергия көздерін энергия теңгеріміне кең ауқымды тартуды қамтамасыз етуге тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»