Елімізде зейнетақы жасы төмендеуі мүмкін бе? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Таяуда Сенат депутаты Дана Нұржігіт Премьер-Министр Әлихан Смайылов депутаттық сауал жолдаған еді.
«Ұлттық статистика бюросы дерегіне сай, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы адам өлімі 22 пайызға өссе, кейінгі жылдары да бұл үдеріс тоқтаған жоқ. Осылайша, 2015 жылы әлемдік болжамдарға негізделіп жасалған зейнетақы реформасы Қазақстандағы бүгінгі жағдайға мүлдем сай емес. 7 жыл бұрын әлемде қартайған адамдардың саны ұлғайып, еңбекке жарамдылардың қатары азаяды делінген еді. Алайда пандемия, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс бұл болжамдарды теріске шығарды», деген еді сенатор.
Үкімет басшысы депутаттың осы сауалына орай жауабын да жолдады. Онда 2018 жылдан бастап әйел адамдардың зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға артып келетіні айтылған. Жалпы, бұл үдеріс кезең-кезеңімен 10 жылда іске асырылмақ.
«Зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, лайықты зейнетақы мөлшерін қамтамасыз ету үшін енгізілген. Өзіңізге белгілі, қазақстандықтар бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақысын алады. Ынтымақты зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі 2 еңбек өтілі мен соңғы 3 жылдық табысы негізінде есептелінеді. Нәтижесінде, жыл сайын бұл төлемнің түрі кеміп, жинақтаушы зейнетақы үлесі өседі. Сондықтан зейнетақы жасын төмендету зейнетақы салымдарының көлемінің кемуіне және осы жүйеден берілетін төлемдердің де күрт қысқаруына алып келеді», делінген Үкімет басшысының жауабын- да.
Премьер-Министр өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты зейнеткерлік жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттерге тән екенін алға тартады. Мысалы, көршілес Әзербайжан, Армения, Ресей, Беларусь елдерінде де осындай бастама бар көрінеді.
«Осы өзгерістерді есепке ала отырып, елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары пысықталып жатыр. Соның аясында зейнетақының мөлшерін арттыруды көздейтін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне параметрлік өзгерістер енгізіледі. Инфляция деңгейінен 2 пайызға аса отырып, ынтымақты зейнетақы мөлшерін индекстеу сақталады. Жұмыспен қамту мәртебесіне байланысты зейнеткерлік жасқа жақындап қалған әйелдер үшін жаңа қолдау шаралары анықталады. Әлеуметтік жобаларға тарта отырып, жұмыс істемейтін әйелдердің зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі ұзартылады. Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің демографиялық трендтерге және бюджет кірістеріне тәуелділігін төмендетуге арналған жинақтаудың шартты компонентін енгізу көзделген. Осы шаралар зейнеткерлердің барлық санаттары үшін зейнетақы төлемдерінің барабар мөлшерін қамтамасыз етеді», делінген Премьер-Министрдің жауабында.