Жетісуда пандемия қайта өршіп келеді. Мекеме қызметкерлері маска тағып жүр. Алайда сол маскамен мәселе шешіле қоймасы анық. Бүгінде облысқа тиесілі ауыл-ауылдарда орналасқан шағын емханалардың жайы мәз емес. Анау Кеңес заманынан келе жатқан кішкентай ғимараттар қаусап тұр. Ем алуға асыққан халық есігіне сыймайды. Жөндеуден өткені санаулы, кезек күткені қаншама. Індет өршігенде өңірлер әйтіп-бүйтіп амалдайды екен. Әйтсе де бұл әлек қашанға дейін жалғаспақ?
Қараңызшы, мәселен Көксу ауданның өзінде 29 денсаулық сақтау ұйымының 8-і ғана үлгілік, қалғаны бейімделген саманнан немесе қамыстан салынған ғимараттарда орналасқан. 13 нысанды қайта салу керек, үшеуін күрделі жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Бұл – бір ауданның ғана жайы. Тозығы жеткен емханалар мен жаңартуды талап ететін нысандар қай өңірді түртіп қалсаңыз да менмұндалап шығады. Биыл облыста 12 модульді-блокты емхана салу жоспарлануда. Олар Ақсу ауданына қарасты Көкөзек елді мекеніне, Алакөл ауданына қарасты Қамысқала, Жыланды елді мекендеріне, Ескелді ауданына қарайтын Қоржынбай, Абай, Теректі ауылдарына, Қаратал ауданының Қарақұм, Үшкөмей ауылдарына, Кербұлақ ауданының Канаваловка, Шаған, Аралтөбе, сондай-ақ Көксу ауданының Жамбыл ауылына тұрғызылмақ. Бұлардың барлығының жері бөлініп, құжаттары дайындалуда. Өңірлерге қарасты қалған ауылдар кезегі келгенше шыдай тұрмақ.
Осы Көксу өңірінде соңғы 6 жылда төрт-ақ нысан салыныпты. Тізбелей кетсек, 2015 жылы аудандық емхана, 2017 жылы Теректі, 2020 жылы Көксу бекеті және Айнабұлақ ауылдарына қарасты шағын емханалар тұрғызылған. Одан бөлек екі денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. 2019 жылы аудандық аурухана қосалқы үй-жайлары және Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулатория жаңартылған. Аудандық орталық аурухана басшысы Асқар Маратұлы биыл екі денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталғанын айтады.
«Ақшатоған және Еңбекшіқазақ ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті салынады. Және де бір медициналық нысанның құрылысына облыс бюджетінен 50 млн теңге қаражат бөлінді. Жамбыл ауылының фельдшерлік-акушерлік пунктіне блокті-модульді конструкцияны орнату жоспарланып отыр. Ауданда бірінші кезекте төрт денсаулық сақтау нысаны құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірлеуге қаражат сұралуда. Олар – 10 жыл Қазақстан, Қызылтоған, Жетіжал, Бесқайнар ауылына тиесілі медициналық пункттер», дейді А.Маратұлы.
Қызылтоған ауылының 1976 жылы қамыстан салынған медициналық пункт бар, халық саны – 622 адам, аудан орталығынан 43 шақырым жерде орналасқан. Ал 1 001 адам тұратын Жетіжал ауылы 1988 жылы салынған ескі ғимаратта отыр. Ауданнан 52 шақырым жерде. 10 жыл Қазақстан ауылында да жағдай сондай. Бесқайнар ауылының мыңға жуық халқы болса 1965 жылғы ғимаратты паналауда. Одан бөлек 2 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Мәселен, Мұқыры ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимараты 1987 жылы кірпіштен салынған, халық саны – 2 253. Сондай-ақ Зылиха Тамшыбай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының да жағдайы мәз емес. 1987 жылы кірпіштен салынған нысан қаусап тұр.
«Қазір тағы 1 медициналық нысанның ғимаратын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжатты дайындауға қаражат сұралуда. Талапты ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті 2007 жылы кірпіштен салынған. 1 256 тұрғыны бар. Қабылиса ауылында 943 халық тұрады, жыл сайын тұрғындар саны кемуде, табиғи өсім көрсеткіші өте төмен ауылдардың бірі. Қазір ауылда дәрігерлік амбулатория жұмыс істеуде. Бір отбасылық дәрігер, бір фельдшер, төрт медбике жұмыс атқаруда. Дәрігерлік амбулаторияның ғимараты 1980 жылы темір-бетонды плитадан салынған, әр жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі», дейді аудандық аурухана басшысы А.Маратұлы.
Аудан әкімшілігі денсаулық сақтау саласының ғимараттарын жаңарту мен жақсарту жұмыстары кезең-кезеңмен өткізілуде дейді. Бүгінде ғимараттары ескі, жөндеуге келмейтін медициналық ұйымдарға бірінші кезек басымдылығы берілуде екен. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, реті келген жағдайда ауылдарға заманауи блокті-модульді конструкциядан құралатын медициналық пункттер салыну қарастырылуда.
Өңір-өңірлер де аз да болса адам санына байланысты тұрғындарға дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық пункттер қызмет көрсетеді. Тұрғын саны мың адамға толмайтын ауылдарға медициналық пункттер тиесілі. Былтырдан бері облыста тез құрылатын шағын емханалар тұрғызыла бастаған. Облысымыздағы алғашқы заманауи емхана Ескелді ауданына қарасты Биғаш ауылында пайдалануға беріліпті. Шіркін, осындай нысандар көп болса дейміз ғой!
Аталған ауылда 235 адам тұрады. Елді мекен Жалғызағаш округіне қарайды. Екі ауылдың арасы – 4-5 шақырым. Осы күнге дейін сырқаттанған адамдар ем-шара алу үшін Жалғызағашқа барып жүрген. Бүгінде ауыл халқы денсаулығы сыр берсе, өздеріндегі жаңа емханаға тексеріледі.
Ескелді аудандық аурухананың әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы Замир Сакиев медицина мекемесі қыста салынғандықтан біраз әуре-сарсаңның болғанын жасырған жоқ. Мекеме салатын жер тастақ болғандықтан, жер қазу қиынға соғыпты. Сондай-ақ күннің суығына қарамай су, электр желісін тартуға тура келген. Инфрақұрылымды тартуға әкімдік, ТАТЭК, денсаулық сақтау саласы да атсалысқан көрінеді. Электр тартатын трансформаторды орнатудың өзіне 3 млн теңге қаржы кеткен.
«Блокті-модульді медициналық пунктті салудың артықшылығы, жобалау-сметалық құжат жасалмайды. Әйтпесе сол құжатты жасаудың өзіне бірнеше жыл және қыруар қаржы кетеді. Блокты пунктті жазда жасау керек. Инженерлік-коммуникацияны да ертерек тартып тастаған жөн. Пункт 1-2 айда орнатылатын болғандықтан, көгалдандыру жұмысын да қатар атқару керек. Құрылысқа пеноблок материалы пайдаланылады. Медициналық пунктты салып берген жауапкершілігі шектеулі серіктестігі блокты-модульді мекеме жарты ғасырға дейін сыр бермейді дейді. Былтырдан бері біраз тәжірибе жинап қалдық», деді З.Саматұлы.
Маманның айтуынша, мекемені қыста жылытуға ай сайын 30 мың теңге көлемінде электр қолданылады. Медициналық пункт ішінде дәретхана да бар. Мердігер компания емханаға 4 кондиционер қойып беріпті. Құрылғы екі жылға дейін бұзылса, компания өздері ауыстырады.
Аталған ауданда тағы осындай 3 блокті-модульді емхана салынбақ. Кейбір округке қарасты ауылдардың арасы шалғай екенін ескерсек, мұндай пункт көптеп салынуы тиіс.
«Бұрын ем алу үшін Жалғызағашқа, кейде аудан орталығы Қарабұлаққа баратынбыз. Барып-қайтқанша үйде қалған бала-шағамызды ойлап есіміз шығады. Сыртта ем алуға кезекте тұрған адамдар күтіп қалмасын деп системаны құйдыра салып, төсекті босатып беруді ойлаймыз. Одан ауылға қайтатын такси іздейміз. Жасы келген адамдардың жағдайын айтпасақ та түсінікті. Мына емхана жақсы болды. Заманға сай жасақталған. Сыртқы қашадан кіргеннен жаныңыз жайланып сала береді. Емді асықпай аламыз. Уколдан кейін біраз уақыт жатамыз», дейді Аяулым Асқар.
Жақында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданын аралағанда дәрігерлер әрбір ауылға осындай медициналық пункттің қажет екенін жеткізген. Аймақ басшысы мұндай емханаларды алдымен дәрігерлік көмекке зәру елді мекендерге тұрғызу керектігін айтқан. Індет іргеге келді, енді елдің жанайқайы естіледі. Бүгінде COVID-19 бойынша эпидемиялық жағдай қайта күрделеніп келеді, соңғы аптада 131 жағдай тіркелген. Әзірге жағдайды бағалау матрицасында облыс «жасыл аймақта». Соңғы тәуліктің өзінде 37 адам науқастаныпты. Бұл ауылдағылар ауданға, аудандағылар қалаға сабылады деген сөз. Мәселені мемлекет назарда ұстаса дейміз.
Жетісу облысы