Қазақты қарызға батырып кеткен «Астана LRT» желісі ара-тұра көтерілетін, бірақ түбі көрінбейтін жобаға айналғалы қашан?! Елорданың дамуына қатысты жиын бола қалса, журналистер міндетті түрде осы жобаны еске салмай қоймайды. Қала басшылығы да «түбі бір шешім қабылдаймыз» деп жауап беруден жалықпайды.
Жақында өткен брифингте бұл мәселе тағы көтерілді. Шаһар әкімі Алтай Көлгінов бетон тіректерді демонтаждаудан бөлек, екінші балама нұсқаны да қарастырып жатқанын, «түбінде бұл мәселені шешу керек деп есептейтінін» тағы да қайталады.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың көркін бұзып тұрған бетон бағандарды сынға алып, отандық сәулетшілер мен урбанистермен ақылдасқан еді және осы проблемаға байланысты бір шешімге келу керегін қатаң ескерткен болатын.
Осыдан кейін «сең қозғалып», бас қаланың Урбанистика орталығы құрылыс саласын жетік білетін білгір мамандардан жоба бойынша ұсыныс-пікірлер қабылдауға кіріскен еді. Бірақ Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, құрылысшы, сәулетшілермен ақылдасу да нәтиже бермеген сыңайлы. Өйткені LRT желісін әрі қарай жалғастыру керек пе, әлде бұзып тастау керек пе – нақты шешім қабылдана қоймаған. «Урбанистика орталығына шамамен 400-ден астам ұсыныс түсті. Мамандардың пікірін сараладық. Олардың 51 пайызы жобаны аяқтау керек, деді. Ал 42 пайызы жеңіл рельсті көлікке балама шешім іздестіруді, қазіргі бетон тіректерді жалғастыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін алға тартты», деді қала әкімі.
Астана LRT жобасын жалғастыру тиімсіз деп санайтындардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков. Сәулетші-маманның айтуынша, кезінде осы жеңіл рельсті көлік желісі бас шаһардың бітім-болмысын айшықтай түсетін жобалардың бірі ретінде жоспарға енгізілген. Бірақ әу бастағы жоба бойынша жүрдек көлік пойыз сияқты жердің бетімен жүруге тиіс болған. «Астананы жан-жақты дамыту қолға алынған алғашқы кезеңдерде Есілдің сол жағалауын да көркейту міндеті тұрды. Сол кезде Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауын тікелей жалғайтын айрықша жоба қажет еді. Осы кезде LRT пайда болды. Бірақ алғашқы жобалағандай емес, ол аяқ астынан «аспалы көлік жолағы» болып шыға келді. Мұндайды біз күтпедік. Тосыннан неге осындай шешім қабылданғаны да беймәлім болып қалды. Ал қазіргі жобаға қатысты айтарым, жеңіл рельсті көлік жобасын аяқтаудың пайдасы шамалы. Оны салу елімізге қиынға соғады. Дұрысы – бұзып тастау. Оның орнына басқа шешімдерді қарастыру қажет», дейді архитектор.
Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов те рельс жолын эстакадасыз салу әлдеқайда тиімді деген пікірде. Оның айтуынша, аспанмен астасып жатқан биік жол салу үшін оның маңайында елді мекендер көп шоғырлануы керек. Сонда ғана эстакадалы жол өзін-өзі ақтайды. Негізі таулы аймақтар мен табиғи кедергілер көп болған жағдайда ғана аспалы жолдар салынатын көрінеді. Ал жазық далада орналасқан елорда үшін мұндай жолдар тиімсіз. Оның орнына басқа баламаны қарастыру қажет.
Айтпақшы, Мемлекет басшысының сынынан кейін Астана LRT жобасының бетон тіректерін «өз есебімізден бұзып береміз» деген құрылыс компаниясы болған. Алайда жеме-жемге келгенде олар да қымбатқа түсетін «сақалды» құрылыстан бас тартқан. Әйтпесе, қалалық әкімдік бетон қаңқаларды тегін бұзып береміз деген компанияның меселін қайтармаған. Бірақ демонтаждау жұмысына кететін шығынды өздеріне есептеткен. «Құрылыс тіректерін бұзуға қанша қаржы кететінін өздеріңіз санап көріңіздер деп ұсындық. Жалпы сома – 20 млрд теңгеге шықты. Сол кезде олар бас тартты. Бұл – өте күрделі процесс. Бірақ біз түбі бұл мәселені шешуге тиіспіз», дейді журналистердің сұрағына жауап берген А.Көлгінов.
Жалпы, Астана LRT – қазаққа өте қымбатқа түскен жоба. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, жеңіл рельсті көлік желісіне қатысты әуелгі келісімшарт доллармен жасалған. Бастапқы жобаға 1,8 млрд доллар бөлінетіні жоспарланған. Келісімшарт жасалғаннан кейін Қазақстан тарапы Қытайдың Даму банкінен 20 жылға 4,9 пайызбен аста-төк кредит алған. Бұл қарыз ақшаның өзі дұрыс жұмсалмаған. «Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткен.
Ал енді жобаны өзгертіп, одан гөрі арзандау электроавтобустар желісіне көшейік десе, Қытай концорциумы бұл жоба әу баста жеңіл рельсті жоба ретінде жасалғанын ескерткен және бұл келісімшартта да көрсетілгенін меңзеген. Ал құжатта тайға таңба басқандай жазылған шарттарды бұзуға Қазақстан тарапының құқы жоқ. Өйткені келісімшарт бұзылса, бұл істі анау-мынау емес, халықаралық арбитраждық соты қарайды. Міне, осындай күрделі жағдайдың бәрі жобаның бітпес дауға айналуына себепкер болып отыр.
Дегенмен де қала әкімінің айтуынша, мәселені шешудің неғұрлым тиімді жолдары қарастырылып жатыр. Айталық, жобада көрсетілген 18 станса 8-ге дейін қысқарған. «Егер әу баста 1 млрд доллар керек болса, қазір жобаны аяқтауға 577 млн доллар қажет деп отырмыз. Біз қазір ішкі қарызға ауыстық, яғни еліміздегі екінші деңгейлі банктерден 3,25 пайызбен облигациялық қарыз алу бойынша жұмыстар жүргіздік. Бұл дегеніңіз жоғарыда көрсетілген 4,9 пайыздан әлдеқайда төмен. Осы бойынша жыл сайын күзде және көктемде екі траншпен бюджет есебінен пайызын қосып, қарызды төлеп жатырмыз. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін қарызды қайтаруға міндеттіміз. Жалпы, республикалық бюджеттен Қытай концорциумына аванс ретінде 377 млн доллар бөлінген. Дәл қазір орындалған жұмысқа байланысты 116 млн доллар қарызбыз», дейді елорда әкімі.
Сәтсіз болған Астана LRT жобасы елімізге, соның ішінде Үкіметке үлкен сабақ болуға тиіс еді. Өкінішке қарай, олай емес сияқты. Бас қаладағы жеңіл рельсті көліктің шаруасын тындырып тастағандай, енді Алматы мен Шымкентте LRT салынбақшы. «Мемлекет мұндай ірі жобаларды қолға аларда аса қырағы болғаны жөн. Асығыс, ойланбай жасалған істің соңы қателікке ұрындырады. Елордадағы жеңіл көлік желісі бізге сабақ болуға тиіс. Енді осындай қателікті қайталамай, инфрақұрылымдық шешімдерді әбден сүзгіден өткізіп, қоғам талқысына ұсынып барып қабылдау қажет», дейді экономист Мақсат Халық.