• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2022

Сәби өлімі азаймай тұр

154 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері Абай облысында 28 сәби қайтыс болған. Осы ретте өңірдегі ана мен бала өлімін азайту үшін арнайы жол картасын әзірлеу көзделіп отыр.

Мұндай жағымсыз статистиканы өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев сала өкіл­де­рі­мен кездесуде айтты. Облыс әкімі ана мен баланың өмірін сақтау – денсаулық сақтау саласындағы маңызды әрі басты міндеттердің бірі екенін еске салды.

«Биыл облыс көлемінде 28 сәби мен бір ананың өлімі тіркелді. Осы бағытта ден­сау­лық сақтау басқармасына ана мен бала өлімін азайту үшін Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Сондай-ақ өңірдегі перинаталды орталықтардың жағдайына мұқият талдау жүргізу қажет.

Қандай да өзекті мәселе болса, жасырмай айту керек. Өйткені бұл адамның ден­сау­лығы мен өміріне қатысты. Сон­дық­тан саладағы кез келген мәселені жасырмаған дұрыс», деді Н.Ұранхаев.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі бір­қа­тар аурухана мен емхананың әбден то­зы­ғы жеткендіктен күрделі жөндеуді талап етеді.

«Семейде 200 адамға шақталған жұқ­па­лы аурулар ауруханасын салу жос­пар­ланып отыр. Сонымен қатар Абай аудан­дық ауруханасына және Көкпектідегі аудан­дық ауруханаға күрделі жөндеу таяу ара­да жүргізіледі. Осы өңірдің тумасы бол­­­ғандықтан барлық аурухананың қай жер­­де орналасқанын, сол секілді қандай күй­де тұрғанын жақсы білемін. Кез келген мәселені бірлесіп шешкен абзал», деді өңір әкімі.

Н.Ұранхаев таяу жылдары облыста бір­не­ше медициналық нысандар салынатынын жет­кізді.

«Кадрлық әлеуетіміз жеткілікті, себебі Семейде медициналық университет пен орта буындағы медициналық қызметкерлерді даярлайтын 3 колледж жұмыс істеп тұр. Бұл орайда өңірдегі медициналық ұйымдар жоғары технологиялық жабдықтармен де қамтылғанын айта кеткен орынды. Семей мен аудандық елді мекендердегі меди­ци­на­лық ұйымдарды аралап көрдім. Әлбет­те, белгілі бір қиындықтар бар. Бұл, әсіресе тозығы жеткен жабдықтар мен ескі ғи­ма­рат­тарға қатысты. Алайда Жедел ме­ди­ци­на­лық жәрдем ауруханасы сынды жақ­сы жаб­дықталған ірі медициналық орта­лық­тар да қызмет етіп тұрғанын ескеруіміз керек», деді әкім.

Өз кезегінде сала өкілдері қордаланған проб­лемаларды да жасырмай айтты. Ай­та­лық, Семейдегі екі медициналық стацио­нар XIX ғасырда салынған ғимаратта ор­наласқан. Шаһардағы медициналық ұйым­­дардың басым бөлігі 30 жыл бұрын пайдалануға берілгендіктен маман­дар ес­кір­ген нысандарда халыққа қызмет көр­сетуге мәжбүр. Сондықтан да игі­лік­ті сала­ның өкілдері медициналық инфра­құ­ры­лымды жаңарту мәселесін күн тәртібі­не қою керек деп санайды.

Жоғарыда айтылғандай, биыл облыс орталығында жұқпалы аурулар ауруханасын салу көзделіп отыр. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары қолға алынбақ. Биылға межеленген негізгі міндеттердің бірі – Абай аудандық ауруханасы мен Көкпектідегі аудандық ауруханасындағы қазандықты күрделі жөндеуден өткізу.

Бұдан бөлек, жуырда Семейде көп бейінді балалар ауруханасын, облыстық қан орталығын, екі үлгілік емхананы, ме­ди­циналық университет клиникасын, сол секілді өңірдегі елді мекендерде 19 дәрі­гер­лік амбулатория, 44 медициналық және 8 фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәсе­ле­лері қарастырылады.

Облыс басшысы коронавирус ауруының таралуына жол бермеу үшін еліміздегі эпи­де­миялық ахуалды ұдайы назарда ұстап оты­рудың қажеттілігін айтты. Мәселен, шіл­денің басында өңірде 31 адамнан коро­на­­вирус инфекциясы анықталды. Олардың 5-еуі инфекциялық стационарда емделіп жатса, қалғандары амбулаторлық ем-дом шараларын қабылдап жатыр.

«Облыста 31 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Үрейленуге негіз жоқ болғанымен арқаны да кеңге салу әлі ерте. Халықтың қажетті вакцинаны алуына барынша жағдай жасау керек. Ауруын жасыр­ған өлетінін естен шығармау керек. Денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына бірқатар тапсырманы жүктеймін. Жағдайды толық бақылауда ұстау керек», деді Н.Ұранхаев.

Денсаулық сақтау министрлігі шілдеде вирусқа шалдыққандардың саны көбейетінін айтқан еді. Демек қазір инфекциялық ауру­дың маусымдық өсімі байқалса керек.

 

Абай облысы