Оның жырларында жүрек дірілі, рух толқуы және қазақтың көз жасы мөлдіреп тұр. Бұралаң соқпақ пен қараңғылыққа қамалған құпия сырлар, кеудеден құмығып шыққан тылсым дауыс естіледі. Иә, ХХ ғасырдың терезесіне үнілсеңіз, қатал саясат құрдымға құлатқан Алаш алыптарының бейнесі елестейді. Оның ішінде тағдырға иілмеген тауанды тұлға Ілияс Жансүгіров те бар. Арқырап аққан өзендей адуынды ақынның басына бір бақыт айналып келіп қонарын кім болжапты. Асыл мұрасы, жақұт жазбасы жапырақтарын жайқалтып, салқар көшке сая болды. Ол – Жетісудағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейі.
Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің музейі Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында орналасқан. Бұл рухани орданың ғимаратын 1898-1905 жылдары татар көпесі Рахметолла Бұғыбаев салдырған. 1920 жылдары облыстық «Қосшы» одағының уездік бөлімі болған бұл үйге ұлы ақын Ақсудан жұмыс бабымен келіп-кетіп жүрген екен. Баяғы қалпынан айнымаған шырайлы шаңырақ ақынның көзіндей алыстан көзге оттай басылады.
1918 жылдан 1976 жылға дейін Кеңес өкіметі ішкі саясатына байланысты әр түрлі мекеме ретінде пайдаланған. Атап айтсақ, облыстық «Қосшы» одағының уездік бөлімі, облыстық «Октябрь Туы» газетінің редакциясы, ауылшаруашылық мал ұрықтандыру лабораториясы, 1976-1980 жылдары облыстық өлкетану музейі секілді мекемелер ретінде кеңес идеологиясына қызмет еткен. Әйтсе де жел диірменіндей жылдар шыр айналдырғанымен қабырғасы құламаған, іргесі сөгілмеген. Баяғы қалпында қаланың қақ ортасында тұр, құдды қарашаның рухани мектебі дерсіз. Ақынды сағынған жұрт жыл сайын ағылып келіп, нәр алып кетеді. Жастардың ой қорытар ордасы.
Осылайша, қарашаңырақ халықтың қалауымен 1984 жылы мамыр айында, яки ақынның 90 жылдық торқалы тойында «І.Жансүгіров әдеби музейі» болып жаңадан ашылды. 2003 жылы облыс орталығы Талдықорған қаласына көшкеннен кейін, қоғамдық ұйымдардың тілегін ескере келе музей үйі кеңейтіледі. Қосымша жәдігерлер қорын сақтайтын бөлме, кітапхана, мәжіліс залы салынып, үлкен іс-шаралар өтетін рухани мекемеге айналады.
Музейдің көлемі – 268 шаршы метр, экспонаттардың жалпы саны – 6 507. Үй сәулет өнерінің ХІХ ғасырдағы үлгісі ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. Музей бөлімдері 6 бөлмеден тұрады. Түстеп өтсек:
«І.Жансүгіровтің дүниеге келген, туып-өскен ортасы»; «Ақынның азаматтық тұлғасының қалыптасу, қаламының ұштала бастаған іздену жолы»; «Ақынның жұмыс бөлмесі»; «Ақынның шығармашылығы»; «Ілияс мәңгі есте»; «Ілияс Жансүгіровтің ізбасарлары».Міне, заманның талабына сай түрленген қасиетті шаңырақ 38 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Алғашқыдай емес, жыл жаңарған сайын музей де жаңара түскен. Ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, музей қоры құнды экспонаттармен толықтырылып, жаңа экспозициялар келіп қосылған. Осы уақытқа дейін музейге еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шет елдердің келген адамдарда есеп жоқ.
Музей қызметкерлері ақынның мұрасын көруге халық жиі келетінін айтады, әсіресе өлең-жырға құмар, әдебиетке әуес жастардың талабы үлкен. Расымен, бүгінде музей көрермендердің көзайымына айналған. Жылына он мыңнан астам адам музей жұмысымен танысып, тамашалап қайтады екен. Ілім іздеген жастарға өткен тарихтан тәлім-тәрбие беріп, патриоттық рух сыйлап, ізгілікке баулып, игілікті істерді жүзеге асырып келеді.
Мұнда Iлияс Жансүгіровтің құжаттары, баспа ісіне пайдаланған машинкасы, өзі сатып алған кілемі, киген плащы, ұстаған таяғы, дәм татқан ыдыстары, қолжазбалар қоры, әр жылдары шығарылған кiтаптары және ақын шығармашылығын зерттеушiлердiң еңбектерi сақталған. Бәрін қосқанда алты мыңнан астам құнды жәдігер бар. Қаламгердің құлағына азан шақырып, «Қызырілияс» деп есімін қойған, кіндік әкесі саналатын қобызшы Молықбай Байсақұлының қасиетті қоңыр қобызы – музейдегі құнды экспонаттардың бірі. Бұл қобыздың тарихына біз газетіміздің келесі бір санында кеңірек тоқталамыз.
«Бұл рухани орда – құнды құжаттар мен мәнді мәліметтерге толы әдеби музей ғана емес, жастарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қоғам қайраткерінің өмір белестерінің беймәлім сырларына қанықтыратын киелі орын. Қашанда қазақ халқы барын бағалап, ұрпағыӨна сапалы білім беріп, тәрбиелей білген. Музей – әсіресе жас ұрпақ үшін өте бағалы мекеме. Музейден алған мәліметтері арқылы келуші жастар білімдерін бекіте түседі», дейді музей меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева.
Жыл сайын ақынның туған күнін атап өту және репрессия құрбаны болған азалы жылдарға арналған ақынды еске алу жиындарын өткiзу дәстүрге айналған. Атап айтсақ, «Ілияс әлемі» атты республикалық студент-жастар фестивалі, «Ілияс оқулары» қалалық, облыстық байқаулары «Талантқа тағзым» қолөнер шеберлері мен кәсіпқой суретшілер байқауы, «Ілияс тағылымы», жылжымалы көрмелер «Өнерге ұмтыл, өнерді біл, замандас!» атты мектепаралық, сахналық қойылымдар байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында «Ақыннан қалған ән мұра», «Сұлу сөздің сүлейі», «Ұлтын ұлықтаған дара тұлға», «Жансүгіровтің балаларға арналған шығармаларындағы ұлттық құндылықтар» атты лекциялар мен тақырыптық экскурсиялар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Соңғы жылдары музей қоры құнды жәдігерлермен толыға түскен. Мәселен, 2016 жылы Ақсу ауданы, Еңбек ауылының тұрғыны айтыскер ақын Бекболат Атамбаев музейге Ілияс Жансүгіровтің жейдесін тапсырыпты. 2017 жылы Алматы облыстық Ішкі Істер Департаментінің ақпараттық-аналитикалық орталығы І.Жансүгіровтің 1936 жылы Алматы қаласында берілген төлқұжатын және ақырғы бейнесі, яки тұтқындалған кездегі фотосуретінің түпнұсқасын музей қорына сыйға табыстаған.
Алғашында НКВД архивінде сақталып, кейін Ішкі істер департаментіне берілген ақынның жеке куәлігі 80 жылдан кейін өз мекенін тапты. 2018 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан белгісіз себептермен осы уақытқа дейін жинақтарға енгізілмей қалған І.Жансүгіровтің «Қуат» поэмасы мен «Бақытты Жамал» әңгімесі табылыпты. Оны музей қызметкерлері латын қарпінен кириллицаға түсіріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған.
«Мен қазақтан «Құлагерді» қызғанамын»
2016 жылы неміс жазушысы Герт Хайденрайх Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын неміс тіліне аударса, 2019 жылы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен Ілияс Жансүгіров қорының бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесінде поэма ағылшын тілді оқырманның назарына ұсынылды. Шығарманы ағылшын тіліне аударған белгілі ақын, аудармашы Белинда Кук.
Бүгінде қазақ поэзиясының төрінен орын алған І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының ағылшын тіліне аударылуы – рухани өміріміздегі елеулі оқиға болып табылады. Неміс қаламгері кітаптың таныстырылымы барысында «Мен қазақтан «Құлагерді» қызғанамын» деп ағынан жарыла сөйлеген екен. Бұл ұлы ақынды әлем мойындады деген сөз.
Айта кетер тағы бір жаңалық, 2019 жылы 18 мамыр – халықаралық музей күнінде ақынның әдеби музейінің халыққа қызмет етіп жатқанына 35 жыл толуына арналған кеште 1972 жылы түсірілген «І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы» атты деректі фильм көрсетілді. 47 жылдан кейін өңделіп һәм жаңа форматқа көшірілген «Ілияс Жансүгіров. Библиографиялық көрсеткіш» және «І.Жансүгіровтің шығармаларын жаңаша оқыту» кітаптарының тұсаукесері өткен. Сонымен қатар сол жылы музей үйі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа тыныс алып, қала қонақтары мен облыс тұрғындарын қуантқан екен.
«Ілияс Жансүгіровтің өмір жолы мен әдеби-ғылыми мұрасын түгендеу, қолда жоқ шығармаларын жинастыру және жазу мақсатында ақынның 125 жылдық мерейтойына орай «Ілияс ізімен» халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция Ресей еліне барып қайтты. Экспедиция мүшелерінің ішінде музейдің аға-ғылыми қызметкері Салтанат Төлегенова да болды. Олар Мәскеу қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің көзі тірісінде жарық көрген 18 кітабын тауып, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен 73 тарихи құжатын алып келді. Сонымен қатар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған 20 томдық шығармалар жинағы жарық көріп, музей қорын толықтырды. 19-шы томы «Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі» анықтамалық-кітап болып шықты. Жаңа көптомдыққа архивте сақталған еңбектері, хаттары, қабырғалы қаламгер жөніндегі зерттеулер енгізілген», дейді Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева.
Музейге келушілер арасында шетелдіктер және еліміздің әр өңірінен келген меймандар жәдігерлерді өз көзімен көріп, өткен өмірдің бір белесін сезінгендей болып, ризашылығын білдіріп жатады екен. Бұл да болса музей қызметкерлерінің еңбегіне берілген үлкен баға деп түсінеміз.
Жансүгіровтің жейдесі
2016 жылы 15 қыркүйекте аталған жәдігерді музей қорына Ақсу ауданына қарасты Еңбек ауылының тұрғыны, айтыскер ақын Бекболат Атамбаев сыйға берген. 1921-1924 жылдары Ілияс Жансүгіров «Мамания» мектебінің басшыларының бірі Мейірман Ермектасовтың үйінде тұрыпты деген дерек бар. Ақын Мейірман ағамен екеуі елді аралап, Мұзбұлақ, Күреңбел тауларында ит жүгіртіп, құс салып, аң аулаған.
Сол кісінің айтуы бойынша қылышынан қан тамған Сталиндік Кеңес өкіметі 30-жылдары жаппай қуғын-сүргінді бастағаны белгілі. Осындай ел басына күн туған кезде Мейірман Ермектасов бас сауғалап Қытай асады. Өзімен бірге ақынның бір кездері сыйға тартқан жейдесі мен аманат еткен арабша төте қаріптегі қолжазбасын ала кетеді. Кейін Қазақстанға 1958 жылы бұл жәдігерді жары Алтын апамыз әкелген екен. Ал 1985 жылы Алтын апамыз ақынның мұрасын Бекболат ағамызға табыстаған. Талай жылдар бойы сақталып келген бағалы жейде, 2016 жылдан бастап І.Жансүгіров әдеби музейінің экспозициясында тұр.
Тарихи төлқұжат
Музейіміздің ең құнды жәдігерінің бірі ұлы ақынның қолының табы қалған 1936 жылы 11 шілде күні берілген төлқұжаты. Қылмыстық іс ішіндегі түпнұсқа 2 фотосуретті «алдынан, жанынан түсірілген (профиль және анфас)» музей қорына алынуына мұрындық болған Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық орталығы басшысының орынбасары полиция полковнигі Жанар Тұрғанбекова.
80 жылдан кейін табылған тарихи төлқұжат алғашында НКВД қабырғасында сақталып, артынан Ішкі істер департаментіне берілген. Сол жердегі көзі қарақты, көкірегі ояу, жанашырлық танытқан қызметкерлердің бұл игілікті ісіне тәнті боласыз. Төлқұжатты ұлы ақындікі екенін танып, әдеби музейге табыстауға асыққан.
Төлқұжаттың мұқабасында Кеңес өкіметінің елтаңбасы және алты тілде жазылған «паспорт» деген сөз бар. Келесі бетіне ауыссаңыз «паспорт 1941 жылдың 11 шілдесіне дейін жарамды» деген бөлім басталады. Одан кейінгі жолдарда «Джансугуров Ильяс» деп басталып, «1894 жыл ауыл №4, Ақсу ауданы, Алматы облысы, ұлты қазақ, әлеуметтік жайы қызметкер, тұрғылықты жері Алма-Ата қаласы» деп таңбаланған. Әрі қарай әскерге қатысы жоқ екені айтылып, Ілиястың өзінің қолтаңбасы қойылған. Төлқұжаттың ең төменгі жолында «АЕ№503124» деген әріп аралас сандар берілген. 3-ші бетінде құжат иесінің отбасы жазылған.
Бірінші жолда 1930 жылы туған ұлы Азат, екінші жолда қызы 1933 жылы туған Үміт жазылса, үшінші жолда 1935 жылы туған қызы Ильфа, төменгі жолда паспорт үстелінің бастығының қолы тұр. Үшінші бетте түгелімен Ілиястың аты-жөні, туған жылы, тіркелген жері жөніндегі мәлімет латын қарпімен жазылған. Қалған беттерінде ақын жөнінде нақты мәлімет, отбасы жайлы толық ақпарат латын қарпімен толтырылған. Ең соңғы 31-ші бетте Ілиястың тұрғылықты жері туралы нақты ақпар бар. Алып ақынның мұрасын қолмен ұстап көрген адам ұзақ уақыт ой үстінде жүретіні анық. Қазақты Ілиясша сүйген ақындар аз. Бар мұрасы музейдің құнын артырып, оқырманға ой салып тұр.
Жанынан және алдынан түсірілген фотосуретте Ілиястың қатты азап шегіп, қасіретке байланған келбеті түсірілген, арып-ашып шашы мен сақал-мұрты өсіп, көзқарасын басқа жаққа бұрады. Үстіне киген жейдесінің аса қонымсыз екендігін аңғаруға болады. Бұл сурет Ілиястың өзінің қылмыстық ісінен алынған. Бұл сонымен бірге түпнұсқа екендігін айта кеткен жөн.
Ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов жыр иесі Алматының шығыс жағында орналасқан Талғар ауданының «Жаңалық» ауылында жерленгенін айтады. 2 500 адам жерленген қорымның аумағы өте үлкен.
«Кеш болса да, ақын сүйегінің қайда жатқандығы анықталды. Ақсу ауданының Сағабүйен селосында Нұртаза Дүйсеков деген адам тұрған. Ол кісі Ілияспен таныс болыпты. 1930 жылдары елге аштық келіп, дүниенің осындай астан-кестеңі шығып жатқанда: «Қытай еліне барып бас сауғалайық» дегеніне Ілекең келіспей, осы жақта қалып қойған екен. Сол ақсақалымыз бүгінгі күнге дейін «Қайран асыл ер, осындай боларын сезіп едім, боздап кеттің-ау!» деп күйінеді екен. «Елім, жұртым» деп қалып қойған ақынның тағдыры Қытайға кеткенде мұндай болмас па еді деп те қоясың», дейді зерттеуші М.Иманғазинов.
Көзі тірісінде кеменгер ақын сүйген жары Фатима Ғабитоваға сан алуан ғашықтық хаттар жазған екен. Кеңес идеологиясы күйе қолымен ұстап, ақынның мұрасын отқа жақты, жазықсыз екенін біле тұра қаралады. Әйтсе де Фатима анамыз Ілиясты бір сәтке болса да күресінге тастамаған, адал қалпымен дүниеден озған. Оның шынайы махаббатына соңынан қалған ғашықтық хаттар куә. Ең ауыры ақынның жан жары сүйіктісінің қай жерге жерленгенін білмей, арманда кеткен екен. Сөз соңын ақынның ғашығына жазған жырымен тәмамдасақ.
Ылайланып, шыр айналып,
Ақсу суы ағады.
Біздің жүрек, біздің сүйек,
Әлдеқайда қалады.
Ылайланып, шыр айналып,
Ақсу суы тынбасын.
Біздер кешкен қиын жылдар,
Ескерусіз қалмасын.
Жетісу облысы