• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Шілде, 2022

Құстар қайтып барады

658 рет
көрсетілді

Өмір деген – әліппе, біз – тілазар оқушы­мыз. Көңіл деген – керуен, біз – таң алагеуімде ақ қанат бұлтқа арманын асатқан ақтолқын құстармыз. Тағдыр деген – жетіқарақшы, біз – алдымыздан ақтабан жол шығардай асыға жүгірген адасқақ жолау­шымыз. Дүние тыныс тапқан бейқам сәтінде көмейіне бұқтырып келген қиялына қимай қарап тұрған көкжиекпіз. Қарашығына ұя салған сағынышты көз жасымен жуып-шайған ақша бұлтпыз. Ал сіз кім боласыз?

Қиялымызда көлбеңдеген қимас күндер­ге бір сәтке оралайықшы. Жаны­ңыз жалғызсырағанда ән тыңдаңыз, ­бұл – нағыз нәзік ностальгия. Қоздай болып жүр­сеңіз ән-жалын, отқа орана­сыз. Көңіліңіз кедей болса, ән-кеніш, жоқты табасыз. Сосын оны бәрі­мен бөліскіңіз келеді, тәтті түстей біреуге жорытқыңыз келеді. Ол үшін алдыға таудай қылып үйіп арман қоясыз, ниет байлайсыз, мақсат түзесіз. Тамыздың ми қайнатар ыстығында түйі­ліп барып ашылған ақ жауындай сір­кірейсіз. Көбелектей қалықтайсыз, кемпір­қосақтай боянасыз. Жылдардың ығы­на жығылмайсыз, бұл жолы уақыт сізге сүйе­неді. Міне, бұл әннің қасиеті, жо-жоқ қазақ сазының сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиевтің құдіреті. Ол – жеті нота­ның жұмбағын шешкен, екі ішекке елдің назын қондырған таяқ ұшындағы талант.

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр,

бара жатыр құс қайтып.

Зымырайды менің бала кезімдей,

Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.

Мұнда сыршыл ақын Тұманбай Мол­да­ға­лиевтің сартап сағынышы мен мейірім-мұңы бар. Ақын қартайғанымен, өлең қартаймайды. Бұл аксиома өмірін өнерге арнаған әрбір ақыл иесіне айтылар «жұбату» шығар, әйтсе де, Нұрғиса мен Тұманбай жазған шедеврлерден біздің қазақ өнері әлі де қуат алып тұрғандай. Қайтып бара жатқан құстар емес, ол бүтін дәуір, жастық шақ, мөлдір махаббат, сыралғы сәттер, әне, бәрі-бәрі қанатымен қол бұлғап барады. Келер көктемде сол аяулы мезеттердің мәңгілік сағыныштың мекеніне қайтып оралуы екіұдай. Неткен ауыр диллема дерсіз!?

Әне қараңызшы, тамыз табалдырықтан аттағалы тұр, артында қыркүйек менмұн­да­лайды. Күз – бұл соқыр салған суреттің түсін­дей тұңғиық мезгіл. Әйтсе де, Әбіш Кекілбаев:

«Емес бұл табиғаттың кәрі, шыда.

Қараңды өзгерт күздің сарысына.

Күз түсі көрінер-ді көрік болып,

Күзше өлсем, берерімді беріп болып», дейді күзден мият іздеп. Онда неге құстар бізді тастап кетеді екен? Үзілген жапырақтар, сарғайған әлем, көмескі тартқан күннің нұры, қазбауыр бұлттарын сүйреткен алқаракөк аспан, күңіренген кеш, құдды қуаныштың спек­таклі аяқталғандай бәрін қалдырып, қанаттылар басқа мекеннен мейірім іздеп жыраққа ұшып кетеді. Біз сонда өзімізді «Құстар қайтып барады» әнімен жұбатамыз. Әлі күнге дейін...

Алматы. 1965 жылдың күзі. Ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев – «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық бағ­дар­ламалардың бас редакторы. Компо­зи­торды қауырт жұмыс қажытса керек, бәріне қолын бір сілтеп, үйіне қарай бет түзейді. Қабағы салыңқы. Дүние тұнжыр тартқандай. Бәлкім, жұ­мыс­та орынсыз жағдай орын алды ма, әлде шығар­машылық әлемінің ауа райы әдеттегідей құбылып тұр ма екен, шаңырағына қарай көңілсіз жортады. Күрең күз, сұр­ғылт тартқан кеңістік. Дәл Есениннің өлеңін­дегідей: «Құлап жатқан жапырақ, жылап жатқан жүрегім».

Композитор ақырын 28-Панфилов­шы­лар саябағына аяңдай келіп, орын­дық­қа жай­ғасады. Қалың ой үстінде айналасына шола қарайды. Кенет көзіне қалықтап барып ағаш басына қонған тырна түседі. Дүние­ден бір уақыт тыныштық іздеген тырнаға маңайдағы өзге құстар тыныштық бермейді. Қарқылдап қасына қонған қарғалар шоқып өтеді. Құстар­дың бұл қылығын алыстан тама­шалаған Нұрағаң: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді. Көп бөгелмей ары қарай өз жолымен жүреді.

Үйіне келген бойда саябақтағы жағ­дайды жары Дариғаға айтады. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тыр­наны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзіме жас алып, үйге қарай беттедім», дейді өнер иесі. Бұл бір сәттік оқиға сазгердің жүрегінде тұмшаланған көп ойдың бірін босатса керек. Артынан дүниеге «Құстар қайтып барады» әні­нің әуені келеді. Өмір өтпелі, адамның жолы бағдарлы екені аян. Қанатымен еркін­­дікті бағындырған құстарға да бұл әлем тарлық еткені ме, сонда?!

Кейін ғажайып ақын Тұманбай Мол­да­­ғалиевті қонаққа шақырып, әннің шы­ғуына түрткі болған оқиғаны асықпай баяндайды. Талғампаз Тілендиев әннің мәтініне келгенде өте сарабдал еді. Сондықтан болар Тұмағаң ғана жанын жақын түсінетін секілді. Ақын інісі аға­сын мұқият тыңдап, іштей қорытып, жүрек көзімен бір барлап қарайды. Сөй­тіп, күз бен өмірдің сюжетін қаламына қондырады. Осылайша, «Құстар қай­тып барады» туындысы елдің назарына ұсынылады. Ақынның жыры әнсіз де тұнған кіршіксіз поэзия екенін айта кет­кеніміз жөн шығар. Тұмағаңның тарамыс тағдырынан сыр тартады.

Бұл әннің алғашқы орындаушысы халық әртісі Роза Жаманова болған. Ке­йін сол кезде өнерге енді ғана қадам бас­қан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқ­санова деген жас әншілер қос дауыста шырқады. Осы әннің ғажайыбынан болар, орындаған әрбір жас әншінің есімі елге кеңінен таралды. Әннің асқақтығы сонша, «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып барады» се­кіл­­ді түрлі атаумен шырқалды. Саз­гер­дің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұз­бай жеткізу үлкен еңбекті талап етеді. Бұл қатарда халық әртістері Ермек Серке­баев, Нұрғали Нүсіпжанов, Майгүл Қазтұр­ға­нова сияқты ән өнерінің майталмандары бар. Олар ерекше орындап қана қоймай, халықтың жадында мәңгі қалды.

Жарықтық, Нұрғиса Тілендиев көзі тірі­сінде әрбір шығармашылық кешінің соңында осы әнді орындатады екен. Жанын жарып шыққан әндердің ішінде бұл туындының бәсі биік болыпты. Тіпті қайтпас сапарға аттанар шағында: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманаттап кеткен екен. Иә, дәл сол өлеңдегідей ғой өмірдің мәні мен дәмі, тыңдаңызшы?!

Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы.

Ал адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай қалады.