Ақтөбе облыстық ТЖД мамандары мен қалалық Полиция басқармасы қызметкерлері суға түсуге жабдықталмаған және рұқсат етілмеген орындарда рейд жүргізуге кірісті. Соның нәтижесі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364-бабымен 37 адам және 440-бабымен 12 адам жауапкершілікке тартылды.
Бірнеше күннен бері Елек өзені мен Ақтөбе, Қарғалы су қоймасы бойында патрульдік полиция батальонының ат-кавалериялық бөлімшесі кезекшілік атқарып, рұқсат етілмеген және белгіленбеген орындарда шомылып жүргендерге бірден айыппұл салып жатыр.
Су айдындарында бақылауды күшейтуге қалада 19 шілде күні кешкілік уақытта төрт адамның суға кетуі себеп болды. Ақтөбе қаласы Өрлеу ауылындағы 16 және 18 жастағы ағайынды жігіттер кешкілік Елек өзеніне батып кетіп, құтқарушылар 1,8-2 метр тереңдіктен олардың денесін алып шықты. Сол күні қала шетіндегі коммуналдық жағажайға қарама-қарсы бетте, рұқсат етілмеген орында шомылған 19 және 20 жастағы екі қала тұрғыны да суға кеткен. Құтқарушылар марқұмдардың денесін жағалаудан 40 метр жерде, 5 метр тереңдіктен тапты. 6 шілдеде Алға ауданы Тамды елді мекенінің жанындағы өзенге ересектермен бірге шомылып жүрген алты жастағы сәби батып кетті. Шілденің басында Ырғыз ауданы Ақши елді мекенінде 4-5 жастағы үш балдырған ересектердің бақылауынсыз ауылдан екі шақырым жердегі өзенге келгенде, ағыс оларды ағызып алып кеткен. Қайғылы оқиғаларға негізінен өзен бойында кез келген жерге шомылу немесе мас күйінде суға түсу, балалардың өз бетімен су айдындарына келуі себеп болған. Биыл жаз басталғалы он екі адам суға кетсе, олардың алтауы кәмелет жасына жетпеген. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылып, суға кете жаздаған сегіз адам құтқарылса, оның үшеуі – бала.
Ақтөбе облысында суға түсуге рұқсат етілген 72 орын бекітілген. Облыс орталығында бір аквапарк, бір коммуналдық және 16 жекеменшік жағажай бар. ТЖД мамандары су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, тек рұқсат етілген орындарға ғана суға түсуге кеңес бергенімен, оған құлақ аспайтындар көп. Ыстық күндердің басталуымен жүздеген қала тұрғындары жұмыс күндері және демалыс күндері судан шықпайды. Басы ашық мәселе – белгіленбеген және жабдықталмаған жерлерде суға шомылу, қарапайым ережелерді сақтамау жазатайым оқиғаларға соқтырып жатыр. Балалар бақылаусыз өзен жағалап кетеді. Ақтөбе облыстық ТЖД бас маманы Аслан Нұрланұлының айтуынша, жағажайлардың түгелге жуығы жекеменшік орындар. Ал шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге үш жыл мораторийдің жариялануына байланысты ТЖД қызметкерлері жекеменшік жағажайларға емін-еркін кіре алмайды, тек арыз-шағым түскенде ғана барады. Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы құтқару жасағы бар, Елек өзенінде екі, Ақтөбе су қоймасында бір құтқару бекеті орналасқанына қарамастан, олар өзендер бойын түгел бақылай алмайды. Алаңдатарлық мәселе – ТЖД құтқару жасағында мамандар жетіспейді. «Штат бойынша 65 бірлік болуы керек, бірақ бізде құтқарушылар тапшы», дейді Аслан Нұрланұлы.
Шомылу маусымында әрбір жағажай қызметінің өз құтқарушылары болады. Ереже бойынша 75 метрлік жағажайда екі құтқарушы кезекшілікте тұрса, олардың қолдарында міндетті түрде қайығы, құтқару арқаны мен шеңбері болуға тиіс. ТЖД мамандары сәуір-мамыр айларында суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға байланысты интерактивті дәрістер өткізді және мектептер басшылығы ата-аналар чаттарына нұсқаулықтар жіберген еді. Өйткені көптеген бала жүзу білмейді, жазғы каникул кезінде бірнеше баланың топтасып, ата-ана қарауынсыз өзенге бару оқиғалары жылма-жыл қайталанып келеді.
Былтыр Ақтөбе қаласында 15 адам суға кетіп қайтыс болды. Өкініштісі оның төртеуі – бала. Ақтөбе облыстық ПД Жергілікті полиция бөлімінің бастығы Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар мамандарымен бірлесе жазғы лагерьлерде демалып жатқан балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қаладағы, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Ойыл ауданындағы лагерьлерге барып, өрт қауіпсіздігі мен суға түсудегі сақтық шараларын сақтау жөнінде мағлұмат берілді. «Лагерьлер жеке болса да, балалардың қауіпсіздігі үшін еш кедергі болмауға тиіс. Біз әрбір лагерьдегі қызметкерлердің тізімін алып, аспаз, күзетші, тәрбиешілердің құжаттарын тексеріп шықтық», дейді Ардана Саймағамбетов.
Полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдай департаменті мамандарының бірлескен рейдтік жұмыстарына қарамастан, шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде ішімдік ішіп, суға сүңгитіндер қатары азаймай отыр.
Ақтөбе облысы