Осыдан дәл 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 25 шілдесінде Испанияның Барселона қаласында XXV жазғы Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Дүбірлі додада 169 мемлекеттен келген 9 356 саңлақ сайысқа түсіп, олар 32 спорт түрі бойынша 257 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жарыстың ашылу салтанаты Каталониядағы Монтжуик жотасында орналасқан, қыршынынан қиылған ірі саяси тұлға Льюис Компанистің есімі берілген ғаламат олимпиадалық стадионда өтті.
Төрт жылда бір өтетін аталған жарыстың өзіндік ерекшеліктері де аз болған жоқ. Мәселен, ұзақ жылдар бойы Олимпия ойындарының алдыңғы легінде жүрген КСРО келмеске кетіп, Кеңес Одағы құрамында болған бұрынғы бауырлас 12 республика ТМД-ның туы астында өнер көрсетті. Ал Балтық жағалауында орналсқан Литва, Латвия және Эстония дербес команда жасақтауды жөн көрді. Сол секілді Югославиядан бөлініп шыққан Хорватия, Словения және Босния мен Герцеговина да тәуелсіз елдің өрендері ретінде жарыс жолына шықты. 28 жылғы созылған шектеуден кейін ОАР ғаламдық додада қайта бақ сынау құрметіне ие болды. Кезінде ГФР мен ГДР болып бөлінген немістер тұтас Германияның туы астына бірікті.
XXV жазғы Олимпиадада алғаш рет бадминтон, бейсбол және әйелдер дзюдосынан жарыстар өтіп, түрлі-түсті медальдар сарапқа салынды. 20 жылдық үзілістен кейін ескек слаломы ойындардың бағдарламасына қайта қосылды. Бакстардың пелотасы, валенсиялықтардың пелотасы, ролликтік хоккей және таэквондодан көрсетілім сайыстары ұйымдастырылды. Барселонада алғаш рет Ұлттық баскетбол қауымдастығының (ҰБЛ) өкілдері өнер көрсетті. Кілең жұлдыздардан жасақталған АҚШ құрамасы бірден «Dream Team» («Арман команда») деген атауға ие болды.
Барселона Олимпиадасының жалпыкомандалық есебінде ТМД құрамасы теңдессіз деп танылды. Олар 112 (45 алтын+38 күміс+29 қола) жүлдеге қола жеткізді. Екінші орында – АҚШ спортшылары. Америкалықтар 108 (37+34+37) медальді иеленді. Үшінші сатыға Германия табан тіреді. Немістер 82 (33+21+28) жүлде олжалады. Сондай-ақ ТОП-10 командалардың қатарына Қытай (16+22+16), Куба (14+6+11), Испания (13+7+2), Оңтүстік Корея (12+5+12), Мажарстан (11+12+7), Франция (8+5+16) және Аустралияның (7+9+11) өрендері енді. Барселонада барлығы 37 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 64 елдің туы биікте желбіреді. Алғаш рет дербес команда ретінде жарыс жолына шыққандар арасында ең елеулі табысқа Латвия қол жеткізді. Олар екі күміс пен бір қоланы еншіледі. Хорватия бір күміс пен екі қолаға қол созса, Словения қола медальді қоржынға салды.
Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, Каталонияның астанасындағы Олимпиаданың басты қаһарманы Виталий Щербо екені даусыз. ТМД-ның туы астында өнер көрсеткен белоруссиялық гимнасшы алты рет алтын тұғырдан қол бұлғады. 20 жастағы Минскінің тумасы ат, сақина, бөрене, қолды тіреп жасалатын жаттығу, көпсайыс және командалық бәсекеде бас жүлдені қанжығасына байлады. Волгоградтық Евгений Садовый, америкалық Николь Хейслетт және мажарстандық Кристина Эгерсеги жүзушілердің жарысында үш реттен алтын медальді мойындарында жарқыратты. Ал ТМД өкілдері – жүзуші Александр Попов (2+2+0) пен гимнасшы Татьяна Гуцу (2+1+1), румыниялық гимнасшы Лавиния Милошович (2+1+1) және АҚШ-тың жүзушісі Саммер Сандерстің (2+1+1) әрқайсысы төрт жүлдеден иемденді.
Пиреней түбегінде теңдессіз деп танылған ТМД құрамасы сапында Қазақстанның да спортшылары жасындай жарқылдап, аталған команданың жалпы есепте көш бастауына сүбелі үлес қосты. Енді сол саңлақтар жайында жеке-жеке әңгімелейік. ТМД-ның баскетболшы қыздары шешуші тұста АҚШ пен Қытайды қапы қалдырып, алтыннан алқа тақты. Чемпиондар командасының сапында Ирина Герлиц те өнер көрсетті. Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданының тумасы ұзақ уақыт бойы баскетболдан Алматының «Университет» клубының намысын қорғағанын жақсы білеміз. Көп ұзамай дарынды қыз КСРО-ның жастар құрамасы сапына қабылданды. Сол командамен бірге жерлесіміз біраз белесті бағындырды. Атап айтсақ, 1984 жылы Испанияның Толедо қаласында Еуропа біріншілігінде күміс медаль иеленсе, 1985 жылы АҚШ-та әлем чемпионы атанды. Ақтоғайлық арудың үлкен спорттағы карьерасы осындай жарқын жеңістермен басталды.
1986 жылы КСРО-ның бас командасына қабылданған Герлиц әлем чемпионатының күміс медалін мойнына ілді. Содан кейін Еуропа чемпионы атанып, Ізгі ниет ойындары мен Дүниежүзілік Универсиадада күміс медальдар еншіледі. 1988 жылы Сеулде өткен Олимпия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Одан кейін Барселонада алтыннан алқа тақты. Қазіргі кезде күйеуі, еліміздің танымал волейболшысы Виктор Козикпен бірге Францияда тұрып-жатыр. Былтыр біз «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандары атынан Иринаны 55 жасқа толуымен құттықтап, атақты баскетболшы жайында «Ақтоғайдан Алматыға, одан кейін Бордо...» деген атаумен мақала да жарияладық.
Волейболдан ТМД-ның әйелдер құрамасы Барселона Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Сол команда сапында Қазақстанның екі өкілі ойнады. Олар – Елена Чебукина мен Татьяна Меньшова. Елена Қарағанды облысындағы Балқаш қаласында туып-өсті. Алматының АДК клубы сапында ол КСРО чемпионатында топ жарып, алты рет жүлдегерлер (5 күміс+1 қола ) санатына қосылды. Еуропа чемпиондары кубогын олжалады. Одақ құрамасының сапында Сеул Олимпиадасында бас жүлдені иеленіп, әлем және құрлықтың үш дүркін чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізді. Чебукинаның басқа да толып жатқан атақтары бар. Оның бойы – 188 сантиметр. Бұл күндері Елена Хорватияның Дубровник қаласында тұрып жатыр.
Татьяна Меньшова да Қарағанды облысының тумасы. Оның балалық шағы Теміртау қаласында өтті. Бойы – 186 сантиметр. Әйгілі АДК-нің сапында шеберлігі шыңдалған Татьяна әлем чемпионаты мен Дүниежүзілік чемпиондар кубогында қола медальдар иеленді. Екі рет Еуропа чемпионатында топ жарып, Ізгі ниет ойындарында дара шықты.
Испаниядағы жарыста даңқты балуанымыз Дәулет Тұрлыханов қола медальді мойнына ілді. Классикалық күрестің хас шебері Семей өңірінде дүниеге келген. Барселонаға дейін де Тұрлыханов талай биік белесті бағындырды. Тарқатып айтсақ, ол КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 29 жастағы Дәулет Пиреней түбегінде 82 кило салмақтағы белді балуандардың біразын ұтқанымен, жартылай финалда Польшаның апайтөсі Петр Степиннен бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылды. Ал қола медаль үшін тартыста даңқты балуанымыз швециялық Магнус Фредрикссоннан басым түсті. Тағы бірнеше спортшымыз сол Олимпия ойындарында бақ сынады. Жүлделі орындарға іліге алмағандар қатарында боксшы Аркадий Топаев пен Николай Кульпин, көгалдағы хоккейші Берікқазы Сексенбаев және тағы басқалар болды.
Жалпы Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың қатары қалың болуға тиіс еді. Мәселен, ТМД құрамасы сапында 48 кило салмақтағы Болат Жұмаділов пен 51 кило салмақтағы Болат Теміров те Барселонаға барды. Екеуі де нағыз бабында еді. Алайда жарыс басталар тұста олар басқа боксшылармен алмастырылды. Нәтижесінде, қандастарымыздың орнына шыққан Владимир Ганченко мен Антолий Филиппов алғашқы сынақтан-ақ сүрінді. Сол секілді КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы Есенкелді Батырғарин мен күміс жүлдегер Бақтияр Байсейітовті де Пиреней түбегіне апаруға болар еді. Бірақ сол кездегі содыр саясаттың салдарынан оларға Барселонада бақ сынау бақыты бұйырмады. Сол секілді Сеул Олимпиадасының жеңімпазы Анатолий Храпатый да дәл жалындап тұрған шағында ғаламдық додадан шет қалды.
Міне, 25 шілде мен 9 тамыз аралығында өткен Олимпия ойындары осындай оқиғалармен есте қалды. Одан кейін саяси аренада көптеген өзгеріс болды. Әлемдік картада жаңадан пайда болған мемлекеттер 1993 жылдан бері жарыстарға жеке команда болып қатыса бастады. Арада төрт жыл өткен соң Атлантада алауы тұтанған Олимпиадада Қазақстанның Әнұраны шырқалып, Туы көкте желбіреді.