• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Экология 26 Шілде, 2022

Семейдің ауасы зиян

983 рет
көрсетілді

Семей Өскемен немесе Қара­ғанды секілді өндірістік қала­лардың қатарына кірмейді әрі бұл шаһарда айтарлықтай қала құраушы кәсіпорын да жоқ. Бірақ соған қарамастан Абай облысы орталығының атмосферасында зиянды қалдық азаймай тұр.

Азот диоксиді екі есеге ұлғайды

Осылай деуге Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті келтірген мәліметтер негіз болып отыр. Өз алдына жеке облыс болып, әкім­шілік-аумақтық бөлініс амалда­ры жүзеге асырыла бастағанымен өңір­дің экологиялық деректері шы­ғыс­қазақстандық ведомствоның қо­лын­да. Енді осы құзырлы органның ақпа­ратына сүйенсек, биыл Семей бойынша азот диоксидінің көрсеткіші біршама ұлғайған.

«Семейде азот диоксидінің күрт өскені байқалды – орташа деңгейі ұлға­йып, рұқсат етілген шекті деңгейден шамамен 2,7-ге асып кеткенін көрсетті. Былтыр оның көлемі әлдеқайда аз болған еді. Сондай-ақ кейінгі 2 жылда қаладағы атмосфераның ластану индексі күрт өскен. Бұл бірінші кезекте қалада жұмыс істеп тұрған ескір­ген жылу қазандықтарына байланыс­ты. Жылу электр орталығында электр сүзгілерінің жұмысы нашар, сол секілді жеке сектор толығымен көмір жағады. Жеткізілетін көмірдің сапасы да сын көтермейді», деді Шығыс Қазақстан облысының экология департаментінің басшысы Данияр Алиев.

Зиянды қалдықты шамадан артық шығарады

Жауапты ведомствоның басшы­сы ауаға тарайтын зиянды қалдық­тың кө­лемін белгілі нормадан жиі асырып оты­ратын қазандықтар туралы да айтты. Олардың қата­рын­да «Ғаббасов» және «Орталық» қа­зандықтары бар. Жы­лу электр орта­лығы да өрескел бұзу­­шылықтармен жұмыс істейтіні бел­­гілі болды.

«Жылукоммунэнерго» кәсіпорны­на 7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазір олар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, қазандық­тар­ды ауыстырып жатыр. Соның нәтиже­сін­де, қаладағы ауа тазарады деп ойлаймын», деді Д.Алиев.

Семейліктер қаладағы цемент өн­ді­­ретін зауыттың қызметіне бай­ла­ныс­ты да шағым түсіріпті. Тиісті тек­серіктен соң аталған кәсіпорын да айыппұлдан құтыла алмаған.

«Үш пештің ішінен ара-тұра бір-екеуі өшіріліп отырған. Соған сәй­кес эмиссия көлемі де жобалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен болды. Алай­да көміртегі диоксидіне байланыс­ты қалдық мөлшері асып кеткені анық­талып, кәсіпорынға шамамен 12 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Қазір оларға электр сүзгілерді жөн­деу бойынша ұйғарым берілді», деді депар­таменттің басшысы.

3-ЖЭО салу мәселені шеше ме?

Жырға айналған жылудың проблемасы Семейдің «атын» алысқа ас­қақ­татқаны рас. Бұл жайттан облыс әкімі де хабардар. Нұрлан Ұранхаев қызметке кіріскен бойда өңірдегі жы­лу­мен жабдықтау жүйелерінің мәсе­­лесімен айналысуға басымдық бере­тінін жеткізген болатын.

«Бірқатар нысанды аралап көр­дім. Әлбетте, жылдар бойы шешімін тап­паған өзекті мәселелер бар. Айталық, жылумен жабдықтау мәселесі. Қа­зір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жа­­­тыр. Бюджет жеткілікті. Бүгін 1-ЖЭО-да қазан­дықтарға сүзгі орнату мә­се­лесі айтылды. Мұны мамандар­мен әлі талқылау керек. Жылыту мау­сы­мы басталғанға дейін жылу нысан­да­рын­дағы қазандықтардың қызметіне байланысты мәселелер шешілетін болады. Мұны өз бақылауыма аламын.

Оң жағалауда тағы бір ЖЭО салуға келсек, оның құрылысы жайлы 2007 жылдан бері айтылып келеді. Шамамен 5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, бірақ құрылыс тоқтатылған еді. Осы орайда 3-ЖЭО құрылысын аяқтау – бұл бірінші кезектегі міндетіміз деп санаймын», деді Н.Ұранхаев.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сүйенсек, биылғы жылу беру маусымының дайындығына, атап айтқанда, ЖЭО-дағы жаңғырту мен жоспарлы жөндеу жұмыстарына 3,806 млрд теңге, оның ішінде екі қа­зан­дықты жаңартуға 2,002 млн теңге бөлініпті.

Бұдан бөлек 630,6 млн теңгеге 14 жылу көзіне жоспарлы жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіледі деп көзделіп отыр. Тарифте қарастырылған мен­шікті қаражат есебінен жылу көз­дері мен жылу желілеріне жөндеу жүр­гізу үшін 594,3 млн теңге сомасына жабдықтар мен материалдар сатып алу жоспарланған. Осы арқылы қазандықтардың қызметі жақсарып, экологиялық ахуал реттеледі деп үміт­теніп отыр жергілікті билік.

Десе де өңір халқы көгілдір отынға қосылу мәселесін көптен бері айтып ке­леді. Расымен де газдандыру об­лыс­тың экологиялық проблемасын ше­шіп қа­на қоймай, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық мәселелерге нүкте қояр дейді семейліктер.

P.S. Қазақстан климат жөнін­дегі Париж келісіміне қосылғаны мәлім. Еліміз экономиканы көмір қышқыл газынан арылтуға байланысты 2060 жылға қарай көміртегінен толығымен арылуды мақсат етіп отыр. Осыдан бір жыл бұрын бұл бағытта жаңа Экологиялық кодексте қабылданған еді. Алайда аталған реформада көзделген «Ластаушы төлейді және түзейді» қағидаты іс жүзінде қаншалықты орындалып жатқаны үлкен сұрақ? Түйіндей келгенде, төмен көміртекті саясат өңірлерден басталса игі.

 

Абай облысы