• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2022

Қоғамдық көлікке жарымай отыр

447 рет
көрсетілді

Елордада сағат кешкі 22.30-23.00 аралығында көшелерде қоғамдық автобустардың қатынап жүргенін байқауға болады. Сол себепті астаналықтарды жұмыстан кейін үйіне жете алмаймын-ау деген ой мазаламайды. Өкінішке қарай, семейліктердің мұндай сапалы тасымалдау қызметін көрмегеніне 10 жыл немесе одан да көп уақыт өткені жасырын емес. Демалыс күндері сағат 20.00-ден кейін қалалықтардың қалаған жеріне жетуі мұңға айналғалы қашан?!

Сағымға айналған автопарк

Бұдан екі жыл бұрын жағдай әжептәуір жақсы болатын. Бар­лық бағытта жаңа автобустар жүріп, электронды билеттеу тәр­ті­бі енгізілген-ді. «Өркениетті өмір бізге де жетті-ау» деп сол кезде семейліктердің қуанғаны әлі есімізде. Айталық, мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында жергілікті билікке бағынышты Semey Bus кәсіпорны құрылып, бұл компания жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге лизингке 170 жаңа автобусты сатып алған болатын. Алайда жергілікті халықтың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Неге десеңіз, кәсіпорынның «ҚДБ-Лизинг» өнеркәсіпті дамыту қоры алдындағы берешегі 1,14 млрд теңгеге жетіп, ақыры қарызды өтей алмаған соң барлық автобус тәркіленіп, Semey Bus дефолтқа ұшырады.

Бұл ретте аталған кәсіпорын бас­шылығы бірнеше мәрте ауыр қар­жылық жағдайда екенін, бірақ соған қарамастан өңір би­лі­гі жолаушылар тасымалын субси­дия­лау­ға асықпай­тынын жет­кізген болатын. Сел­қос­тық­тың салдары ком­па­ния­ның бас­қа да кредиторлар алдындағы қарызын 400 млн теңгеге, сондай-ақ салық және бюджет аударымдары бойынша берешекті 450 млн теңгеге ұлғайтты. Ақыры салық органда­ры бұл ұйымның шоттарын бұғат­тап, мүліктерін тәркілеп тынды.

«Өкінішке қарай, арадағы келісімшарттық міндеттемелерді бұзуға мәжбүрміз. Қаланы автобуссыз және адамдарды жұ­мыссыз қалдырмау үшін шұғыл шараларды қабылдадық. Қала­да­ғы ірі кәсіпорындар мен жұ­мыс­пен қамту орталығының мамандарын шақырып, бірде-бір адам жұмыссыз қалмайтын болады. «Семавтопарк» кәсіп­орны конкурстық рәсімдер өткі­­зіл­генге дейін белгілі бір ба­ғыт­тарда қызмет көрсетуге дайын екенін, сондай-ақ бар­лық жүргізуші мен кондук­торды жұмысқа алуға әзір еке­нін жеткізді», деген сол кезде ша­һарды басқарған Нұрымбет Сақтағанов.

Электронды билеттен қағаз билетіне дейінгі регресс

Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мәліметіне сүйенсек, дәл сол уақытта жұмыссыз қал­ған азаматтарға 95 кәсіпо­рын­да 692-дей бос жұмыс орны ұсы­ны­лыпты. Содан бері семей­лік­тер бұрынғы өміріне қайта оралғандай. Электронды билеттеу рәсімінің өміршеңдігі де сағымға айналған автопарктің қызметімен бірге тоқтады. Қа­зір тек «Таксомоторлы парк» ЖШС-ның автобустары ғана мо­бильді терминалдармен, стационарлы валидаторлар және QR-код­тармен жабдықталған. Ал «Авто Транс Семей» ЖШС мен «Семавтопарк» ЖШС-ның автобустары электронды билеттеу жүйесіне қосылмаған.

«Semey Bus кәсіпорнына қа­тысты жағдай – сауатсыз ме­нед­жерліктің айқын көрінісі. Тендерге қажетті жүргізушілерді жасақтамай, техникалық базаны қарастырмай, кәсіпорынды басқара алатындай мамандарды тағайындамай қатысу, сонымен қоса тасымалдау нарығында монополияны құру осындай келеңсіз жағдайға әкелді.

№1 және №2 автопаркті сақ­тап қалу керек еді. Әділ бәсе­ке қа­лыптастыру керек», деп өз ойы­­мен бөліскен еді жо­лаушылар тасы­малының бір топ ардагері.

Автобусты тізгіндейтін жүргізуші тапшы

Саладағы монополияны жоя­мыз деген өңір билігінің ұм­ты­­лысынан ақыры түк шық­па­ды. Енді қалалық әкімдік қоғам­дық автобус­ты тізгіндейтін жүргізу­ші­лерді таба алмай әлек. Қазір қалада 331 көлік құралы 40 ба­ғыт­та қызмет көрсетіп жүр. Оның ішін­де №54 бағытта ерекше ша­ғын кластағы автобустар қаты­нап жүрсе, қалған бағыттарда үлкен, орта және шағын санаттағы автобустар жолаушыларды тасымалдап келеді.

2017 жылдан бері қоғамдық көліктегі жол ақысы 80 теңге, ал жеңіл­дікпен жүретіндерге тариф­тің 50%-дық мөлшерінде белгі­лен­ген.

Қалалық әкімдік 2021 жылдан бастап тасымалдаушылардың жеңілдігі бар азаматтарды тасы­малдауға байланысты шығын­да­рын өтеп, 38 әлеумет­тік-ма­ңызды бағытты субсидиялап келеді.

Bus Report бағдарламасы арқылы Семей қаласындағы жолаушылар тасымалын басқару орталығы күн сайын автобус­тар қоз­ғалысына мониторинг жүр­гізе­ді.

Қалалық жолаушылар және багажды автомобильмен тұрақты тасы­малдауды ұйымдастыру жө­нін­­дегі келісімшартқа сәйкес қо­­ғамдық көліктер қозға­лы­сы­ның тұрақтылығы кемінде 70% болуға тиіс. Бірақ бұған қол жет­­кізу әзірге қиын болып тұр. Нәтижесінде, автобустар арасын­да­ғы қозғалыс ара­лы­ғы 30-40 ми­нутқа артып, бұл халықтың нара­зы­­лығын тудырып отыр.

Бұдан басқа шаһардың шеткі елді мекендерінде тұра­тын жо­лаушылардан 2019 жылы мар­шруттық желіден шығарыл­ған бағыттарды қалпына келтіру туралы ұсыныстар да айтылып жатыр. Осыған байланыс­ты қала әкімінің қаулысына сәй­кес арнайы жұмыс тобы құ­ры­лып, қоғамдық көліктердің қоз­ғалыс бағытын оңтайландыру мәселелері пысықталыпты. Мәселен, №7, 17, 23, 31, 32, 37, 38, 40 және 45-ші бағыттағы авто­бус­тардың қозғалысын жаң­ғырту мен қолданыстағы мар­шрут­тардың қозғалыс схемасын өзгерту қарастырылды. Оның нәтижесінде, №17, 31 және 45 маршруттар қалпына келтірілді.

Автобустардың желіге шық­пауы­ның негізгі себептері ретінде «Д» және «Д1» санатындағы жүргізушілердің тапшылығы айтылуда. Кем дегенде мұндай санаты бар 150 жүргізуші қажет. Сол секілді жүргізушілердің жасына байланысты проблемалар да жоқ емес. Автобустардың техникалық жағдайы да (күн сайын орташа есеппен 40 автобус жөндеуде болады) көңіл көншітпей тұр.

«Тектен-текке жаңа бағыт­тар­ды аша алмаймыз. Оларды толықтыру керек. Тағы бір ес­ке­ретін жайт – бұл жөнделіп, жа­ңарған жолдарымыз. Егер де бұрын жолдың нашарлығынан қоғамдық көлік жүрмесе, енді авто­бус­тардың қозғалысына бар­­лық жағдай жасалған», деді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.

P.S. Жүргізушілер тапшылығының бір сыры – жоғарыда айтылған Semey Bus компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің алдындағы қарызда жатса керек. Өйткені жабылған автопарктің қызметкерлеріне былтыр шамамен 65 млн теңге төленуге тиіс еді. Алайда атқарылған еңбектің ақысы сол қалпы төленбеген сынды. Әлбетте, бұдан кейін аталған салада кім жұмыс істесін?!

 

Абай облысы