Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жолдаған үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс белсенді жүзеге асып жатыр. Осы орайда Кеңес Одағы тұсында тоталитаризмнің зардабын тартқан, жала жабылып, итжеккенге айдалып, атылып кеткен жандар оңтүстік өңірде де аз емес. Солардың бірі – Түркістан аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған Аққозы Избанов.
Саяси репрессияларды жүргізу механизмін теңселмелі маятник түрінде болды десек, оның бір шетінде республикалық орталық, траекториялық қозғалыстың орта бөлігінде – облыс орталығы, ал келесі шеткі нүктесінде қалалар мен аудандар болғаны анық. Республика территориясында жаңа облыстар құрылып, жаңа аудандардың саны өскен кезде, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында 19 аудан болған еді. Соғыс алдындағы бесжылдықтарда жаңа өнеркәсіп орындары, колхоздар, МТС-тер мен совхоздар құрылып жатты. Осыған сәйкес әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның да жетіле түсуі облыс экономикасындағы қалалар мен аудандардың маңызын арттыра түсті.
Қалалық және аудандық деңгейдегі партия және кеңес кадрлары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшылары, өздерінің, республиканың саяси өміріндегі орны ерекшеленді. Оларды қалыптасқан тәртіпке байланысты Қазақстан К(б)П ОК ғана қызметке қоятын немесе бекітетін. Оның үстіне, теңселмелі маятник ұғымына сәйкес, саяси қудалаулар орталықтың бастамашылығымен аудандар мен мекемелерде жүргізілді. Оның орталыққа байланысты да қайтарылымы болып, кейбір репрессиялық акциялар аудандарда туындап, облыс орталығына жетіп, тіпті соңында орталықтағы саяси күштердің орналасуына да әсерін тигізе алатын. Партия иерархиясы баспалдақтарымен көтерілу дәстүріне сәйкес партия басшылары өз карьерасында партиялық биліктің аудандық деңгейін аттап кете алған жоқ. Сондықтан да осы аудандарда жақтастарын, өздері қызметке қойған адамдарын, сонымен қатар қарсыластарын да қалдырып кеткен еді.
Аукомдар мен ауаткомдардың партия және кеңес билігі органдарындағы ерекше маңызы халықпен қоян-қолтық араласып, қажетті жағдайда оларға нақты әсер ете алуына байланысты. Олар орталықта қалыптасқан саясатты жүзеге асыруда соңғы буынның рөлін атқарды.
Репрессиялық саясатты жүргізу барысындағы партия және кеңес номенклатурасын жаппай тазалау науқанында, барлық дерліктей ауком хатшысы мен ауатком төрағасының көпшілігі ІІХК органдарының құрығына түсті. Аудандық деңгейдегі кадрларға қарсы репрессиялар стандартты – «буржуазиялық ұлтшыл», «қаскүнемдікпен шұғылданды», «сын мен өзара сынды тұқыртты» деген айыптауларға қосымша «бүгінде әшкереленген халық жауымен байланыста болды» немесе «халық жауының қойған адамы» деу негізінде қылмыстық іс қозғауға ұласты. Соңғы айыптаулар сол уақыттағы кейбір құжаттарда жетекші партия органдарына «өз адамдарын тартудың дұшпандық әрекеттері» ретінде көрсетілді. Тиісінше, егер обком хатшыларына олардың жаңа ауком хатшыларына ұсынуына байланысты айыптаулар табылып жатса, соңғылары дәл осындай кепті ауатком төрағалары мен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы басшыларын тағайындағаны үшін кешті. Сондықтан аудандық деңгейдегілерге «халық жауы ретінде» әшкерелену қаупі «жоғарыдан» да, сол сияқты « төменнен» де төніп тұрған еді. Л.И.Мирзоян ОҚО ҚК(б)П-ның Қарсақбай АК-не жеделхатында «ұлтшылдығы үшін» айыптаулар фактілерімен мұқият танысып, тексеріп шығуды тапсырды.
Осындай аудандық деңгейдегі кадрларды мұқият «тексерудің» нәтижесі 1937 жылдың 3-10 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қабылданған «ҚК(б)П ОК бюросының партия және кеңес органдарының басшы қызметкерлерін жұмыстан шығару жөніндегі шешімінде» анық көрінеді.
«...12п.Қожахметовты Ұлттар Кеңесіне сайлау жөніндегі Түркістан аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен және А.Избановты аймақтың сайлау комиссиясының орынбасарлығы қызметінен босату. 23п. Бекмұратовты Оңтүстік Қазақстан облысының Шарнақ МТС-і директорының саяси бөлімі жөніндегі орынбасарлығынан алу. 31п.Әбдіразақовты Оңтүстік Қазақстан облысы №49 ат зауыты директорлығынан босату. 36п. Оңтүстік Қазақстан обкомы К(б)П –ның А.Избановты Түркістан К(б)П –ның хатшылығы қызметінен алу туралы ұсынысын қабылдау. 37п. Оңтүстік Қазақстан обкомы К(б)П-ның Н.Данияровты Сарысу аукомының хатшылығы қызметінен алу туралы ұсынысын қабылдау …38п. Оңтүстік Қазақстан обкомының… С.Баймахановты Мирзоян аукомы ҚК(б)П хатшылығынан алу туралы ұсынысы қабылдансын». Осылай, аудандық комитет хатшылары мен аудандық шаруашылық қызметкерлеріне қарсы қолданылған репрессиялардың, ОК Бюросының қаулысы негізінде жүзеге асырылуы кездесіп тұратын.
ОК Бюросының Қаулысында Красноводскіде (Түрікменстан) туып-өскен, 1936 жылдан Түркістан АК хатшысы болған Аққозы Избанов (1905-1938 жылдары) туралы екі рет айтылады. Түркістан АК 1937 жылдың 2 қарашасындағы бюро мәжілісінде оны ІІХК органдарының тұтқындағаны туралы хабарланады. Қабылданған қаулыда А.Избановты бюро құрамынан шығарып, «халық жауы және ұлтшыл-фашист» ретінде партиядан да қуады. Бұған дейін-ақ ОҚО облыстық партия комитетінің бюросы 1936 жылдың 29 қазанында «ҚК(б)П Түркістан аукомының бірінші хатшысы Избановты ҚК(б)П қатарынан партия және халық жауы ретінде шығару және жұмысынан босату» туралы қаулысын шығарып қойған болатын. Осылай, 29-шы қазан мен 3-ші қарашаның аралығында, нәйеті 6 күннің ішінде партияның барлық инстанциясы 32 жасар партия функционерінің жұмысын жапа-тармағай қорытындылайды. Ол 30-шы қазан күні тұтқындалып, 1938 жылдың 19 ақпанында ату жазасына кесіледі. Кейіннен республика Компартиясының ІІ съезіндегі есепті баяндама материалдарында Избанов тағы да жамандалады:
«Түркістан партия ұйымында бұрынғы ауком хатшысы, халық жауы Избанов өзіне коммунистерді шақырып алып, оларға адал коммунистерді партиядан шығару мақсатында, олардың үстінен жала жабуды тапсырады. Осылай, халықтық тергеуші Қорысбаевқа Балтабаевтың үстінен материалдар жинап, оны соттатып жіберуді ұсынады. Қорысбаев мұндай дұшпандық тапсырманы орындаудан бас тартқаннан кейін, Избанов Қорысбаевтың өзіне жала жабады. Сөйтіп, оны партиядан шығарып, сотқа жауапкершілікке тарттырады. Тек БК(б)П ОК қаңтар пленумынан кейін ғана облсот Қорысбаевты ақтап шығады, ал Түркістан аукомы оны партияға қайта қабылдайды».
Осылай, имансыздықтың бел алғаны соншалық, сол уақыттың талабына сәйкес, қайтыс болған адамды да қаралау болып жатты. Ал мәселенің мәнісіне бажайлап қарасақ, жоғарыда көрсетілген А.Избановқа қатысты оқиғаның басқаша сипатта болғанына көз жеткіземіз. Ол үшін құжатта көрсетілген Кәрім Балтабаевтың өмір жолына зер сала отырып, мынадай жайттарды анықтадық. КазТАГ-тың Түркістан ауданындағы су тапшылығы туралы мәліметтерінде колхозшылар мақта алқаптарына жеткілікті су жеткізу үшін өздерінің бау-бақшаларын да суғармай отырғанда, су шаруашылығының жергілікті бөлімшесіндегілердің суды бейберекет пайдаланып, мақтаны суғаруда үлкен кемшіліктер жібергені айтылады. Кінәлілердің қатарындағы Балтабаевтың – бұрынғы қалалық мұрабтың, Түркістан ауданында парақорлықпен аты шыққаны да қаперге алынады. Осылай, су шаруашылығы басшыларының сеніміне кіріп алған Балтабаев суды қалауынша реттеп отырған. Мәселен, ол «Ортақ» колхозындағы орден иегері Шарап Ниязовтың мақта алқаптарына қажетті суды бермей қойған. Ленин атындағы колхозға бересілі суды өз бау-бақшасына бұрып алған. Өз бау-бақшасын 3 рет суғарса, колхоздың мақтасы 2 рет қана суғарылған. 21 шілдеде Балтабаев өзінің бау-бақшасына су өтетін құлақты жабуға әрекет жасаған колхозшы Үсеновті кетпенмен ұрып жыққан. Ары қарай құжатта:
«Тап жауының мұндай басбұзарлық әрекеттеріне ауданда саяси баға берілмеген. Тек бір аптадан кейін ғана су шаруашылығы мекемесі Балтабаевтың жұмыстан босатылғаны туралы бұйрық шығарады. Соның өзінде су шаруашылығы бастығының орынбасары Чернов Балтабаевты «тамаша жұмысшы еді», деп қорғаштауын әлі де жалғастыруда. Бұл фактіні ҚК(б)П аукомының хатшысы жолдас Избанов та көзінен таса етіп, Балтабаевтың дұшпандық кейпін аудан еңбекшілеріне көрсете алмаған. Бұл туралы аудандық прокурор – комсомол мүшесі Қуанышбаев та біледі, бірақ ешқандай шара қабылдамайды», делінген.
Байқап қарасақ, кеңестік жергілікті жазалау аппараты мен партия ұйымдары өз-өздерін терістеп тұрғандай көрінеді. Ал мұндай кереғарлық жоғарыдағы құжаттардағы «Балтабаев ісінде» А.Избановты қаралайтындай негіз жоқ екенін ап-айқын көрсетіп тұр емес пе?! Бұл жерде кінә Избановта емес, болған оқиғалардың өңін айналдырып беріп отырған кеңестік билік құрылымдарында сияқты.
Халықтық тергеуші Қорысбаев тұрғысында айтсақ, ол өз іс-әрекеттерін жоғарыдағы кейбір тіміскі-жалақор басшыларының нұсқауларымен жүзеге асырған сыңайлы. Осы орайда Петербург губерниясының түлегі, бірінші хатшы А.Избановтың кезінде Түркістан АК екінші хатшысы болған М.О.Храбровтың (1902-?) ол тұтқындалғаннан кейін, басқалар сияқты оның кебін кимей, 1937 жылдың маусымында Түлкібас аукомының бірінші хатшысының орнына, ал 1938 жылдың қаңтарынан Оңтүстік Қазақстан облыстық жер басқармасының бастығы болғанына мән берген жөн. Бұл «репрессиялық қауіпті» пост әлі де сондай болғандықтан – 1938 жылдың 4 маусымында оны ІІХК-ның басқармасы тұтқынға алады. Әйтсе де, таңғаларлық жағдай, 15 қыркүйекте-ақ оның ісі қылмыстық құрамның болмауы себепті тоқтатылады. Бәлкім, бұған сол кезде ІІХК басқармасына Кальнингтің келуі себеп болған шығар. Ол екеуі 1937 жылдың 26 қарашасында партияның облыстық комитетінің ІУ Пленумында Ә.Досовты «партия мен халық сатқыны» ретінде бірге «әшкерелеген» болатын. Дегенмен сол пленумда ҚК(б)П Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Досовты күстаналап сөз сөйлегендердің көпшілігі кейіннен тұтқындалып, әртүрлі деңгейдегі жазаға ұшырап кеткен еді.
Ал беріліп отырған деректер Қорысбаевтың «қорыққанның құлы болып» Храбров-Кальнинг тандемінің иіріміне тартылып кеткенін анық көрсетіп тұрғандай.
Енді Избанов атамыздың аудандық деңгейдегі (Қазалы ауданындағы) басшы ретіндегі іс-қимылдарына шолу жасасақ, онда атақты жырау Тұрмағамбет Ізтілеуұлының мына бір шумақтарына тоқталмай кетуге болмайды. Зер салайық:
Қаздырып берді Ызбанов,
«Ақжар» атты жарманы.
Бітетұғын болды енді,
Аш арықтың арманы.
Жер менен суда қалай да,
Бұл дүниенің бар малы.
Ағысы сондай суының,
Домалатады арбаны.
Жағалап жүр жұрт біткен,
Қолға алып кетпен, тырманы.
Қуанышты бәрі де,
Толғандай пұлға қарманы.
Жасасын жолдас қайткенмен,
Түзетіп берді шаруаны.
Қатын, еркек қалмастан,
Қаптап барады егіске.
Тамыр жайып талданып,
Айналды дәндер көгіске.
Бәрі де бәйге алатын,
Қалатын емес сөгіске.
Шекелері тоқпақтай,
Тойынғандай жеміске.
Шығып барады шынында,
Күннен-күнге кеңіске.
Дұшпандар да дос түгел,
Санай алмайды кеміске.
Жасаңдар жолдас жай қылып,
Шығардыңдар тегіске.
Қой қоздап, ешкі лақтап,
Ішіп жатыр айранды.
Екі рет туып жылына,
Көбеюге айналды.
Реттеліп от, суы,
Жазы, қыс жақсы жайланды.
Лақтары серкедей,
Қозылары тайланды.
Көтере алмай құйрығын,
Көп қошқарлар байланды.
Қайткенменен күтетін,
Бергенмен Кеңес қай малды.
Халық қалайда біледі,
Асырау жөнін айуанды.
Бұл жерде Тұрмағамбет бабамыздың Қазалы аукомы хатшысының жүзеге асырған әлеуметтік-экономикалық саясатын толықтай танып, түйсініп, сосын ғана мадақтап тұрғаны даусыз. Жырдың 1935 жылы жазылғандығын қаперге алсақ, онда 1932-1933 жылдардағы алапат аштықтан әупірімдеп аман қалған халықтың (қырылғандары қаншама) аузын аққа тигізіп, қырманын дәнге толтырып, алдарына мал салып беру оңай іс-шара емес екені белгілі болатын. Аққозы атамыздың еліне тигізген шарапаты сонысымен де құнды болса керек.
Жалпы, ашаршылық туралы ой-толғауларымызды ары жылжытар болсақ, бірінші кезекте 1933 жылдың қаңтарынан БК(б)П-ҚК(б)П ОК Қазақөлкекомының бірінші хатшысы болған Л.И.Мирзоянның халықты осы зұлматтан оңалту бағытындағы оң істерін лайықты бағалағанымыз дұрыс. Сонымен қатар жергілікті жерлердегі (аудандық,қалалық) басшылардың да мұндай игілікті іс-шаралардан тыс қалмағанын, тіпті қайсыбір жағдайда түрлі бастамамен (мәселен, тоғандар қазып, тіршілік нәрін керекті жеріне қажетті деңгейде жеткізіп беру) халықтың әл-ауқатын көтеруге зор үлес қосқанын білгеніміз ләзім.
А.Избанов атамыздың қазақ-мұсылман руханияты керегесінің сөгілмеуіне сіңірген еңбегі де өте зор деп айта аламыз. Сөзімізді тарқатар болсақ, КСРО-да 1920-1930 жылдары пантюркизм мен панисламизмге қарсы қанқұйлы науқан барысында мешіттер мен шіркеулер сырылып, контрреволюциялық элементтер ретінде молдалар мен басқа да діндарлар жойылып жатқан тұста, қазақ руханиятының көсегесін бүгінгі күнге дейін көгертіп отырған «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіне де үлкен қауіп төнген болатын. Міне, дәл осындай қиямет-қайымда Аққозы атамыз діни діңгегімізді аман сақтап қалуға мүмкіндік беретін жалғыз жолды дұрыс таба біліп, жамағатты ұйыта отырып, нәтижесінде, еңбекшілердің ұсынысы бойынша «Әзірет Сұлтан» (сол кездегі атауы) мешіті мұражайға айналуы арқылы ғана аман қалған еді.
Тақырыпқа қатысты зерттеу барысында қуғын-сүргін теперішін көрген адайлық азаматтардың ішінде Оңтүстік өңірге әйтеуір бір қатыстығына байланысты табан тірегендердің бірі, Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесі құрамында қызмет атқарған Төлесін Нұрмағамбетұлы Әлиев 1937-1938 жылдары ҚАКСР-і Әділет халық комиссариаты басқармасының Алматы облысы бойынша тексерушісі болып қызмет атқарып жүрген кезінде партия қатарынан шығарылып, қудалауға ұшыраған. Дегенмен 1938 жылдың 11-нен 20-сы аралығында өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың аппеляцияларына формалды-бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралып, осыған байланысты нақты шаралар ретінде, үш ай ішінде партиядан шыққандардың аппеляциясын қарап бітіру және партиядан шығарылғандарды бірден жұмыстан қууға тыйым салынғаны туралы айтылады. Партия мүшелеріне жала жапқаны анықталған адамдарды партиялық жауапкершілікке тарту ұсынылады. Пленум шешімдері бойынша репрессиядан ең көп зардап шеккен негізгі категория – партия мүшелері негізсіз қудалаудан біртіндеп құтыла бастайды. Осылай, Төлесін атамыздың да жағдайы кеш те болса түзеліп, 1940 жылдың мамырында партияға қайта қабылданады. Әйтсе де, қуғын-сүргін қыспағын аз көрмеген абзал атамыз көп ұзамай 1941 жылы қаза болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы берген деректерінің негізінде жазылған «Азалы кітап – Книга скорби. Атылғандардың тізімі. Оңтүстік Қазақстан бойынша» кітабы аты айтып тұрғандай қарастырылып отырған жылдары түрлі қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кеткен асыл ағаларымыздың қатарында Адай уезінің тумасы Жұмахан Исатов та бар. Ол – 1914 жылы Батыс Қазақстан облысының Маңғыстау ауданында (құжатта солай) туған, қазақ, есепші. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі Істер Халық Комиссариатының Басқармасы (УНКВД) «үштігі» 1938 жылдың 20 ақпанында соттаған. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты 1959 жылдың 5 наурызында ақтаған.
Осы деректерден Аққозы атамыздың 1958 жылдың 25 наурызында Жоғарғы соттың шешімімен ақталғанын анықтай алдық. Әрине, бұл мәліметтер арқылы біз Оңтүстік өңірде 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған атамыз А.Избанов пен басқа да бабаларымыздың зұлмат кезеңдегі талайлы тағдырларын там-тұмдап болса да көпшілікке жеткізе алдық деген ойдамыз. Ендігі жерде, жоғарыда аты аталған бабаларымыздың өз халқына тигізген шарапаттарын қанықты етіп көрсету, ұрпақтарының, яғни біздің міндетіміз екені даусыз.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық жұмыс тобының жетекшісі