• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Тамыз, 2022

Өңірді көркейтуге атсалысады

221 рет
көрсетілді

Абай облысының әкімі Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілімен кездесіп, өңірдегі бірлескен жобалардың жүзеге асыру барысын талқылады. Мәселен, қаржы институты Семейдегі сумен қамтамасыз ету жүйелері мен көше шамдарын жаңартуға, сондай-ақ Аягөздегі кәріз-тазарту жүйелерін жаңғыртуға септесіп келеді.

Сонымен бірге Еуропа қайта құру және даму банкі облыстың медицинасы мен экологиясы саласында да бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Қазір облыс орта­лығындағы сумен жабдықтау жо­басы аяқталуға жақын. Ал жарық­тандыру мәселесіне келсек, Семейдің көшелеріне әлі 7 мыңға жуық жарық нүктесі жетіспейді. ЕҚДБ бағалауына сәйкес бұл үшін шамамен 2,4 млрд теңге қажет. Оның 500 млн теңгеге жуық сомасын облыс әкімдігі бөлсе, қал­ған бөлігін еуропалық банк несие­леуге дайын. Өңір басшысы Нұр­лан Ұранхаев көшелердің жарық­тандырылуы орталықта ғана емес, бүкіл қала бойынша лайықты деңгейде қамтылып, қараңғы учас­келерде жарық барынша жоғары болуға тиіс екенін айтты.

Семейде ЕҚДБ-ның қол­дауымен жүзеге асырылып жатқан екін­ші жоба – қатты тұрмыстық қал­дықтар полигонының құрылысы. Соған сәйкес былтыр кредиттік келісімге қол қойылған еді.

«Полигонды жаңа жерде орналастыру көзделіп отыр. Өйткені ескі полигон Экологиялық кодекс нормаларына сай келмейді, сон­дай-ақ қатты-тұрмыстық қалдық­тардың биологиялық өңдеуін көздейтін желіні салу қарас­тырылған. Жалпы алғанда, бұл ке­шен алдағы 30-40 жылда полигон­ды одан әрі кеңейтіп, ҚТҚ-ны терең өңдейтін технологиялар арқылы қаланың барлық тұрмыс­тық қалдығын кәдеге жаратуға мүм­кіндік береді», деді Еуропа қайта құру және даму банкі дирек­торының Қазақстан бойынша орынбасары Бақтияр Файзеев.

Әйтсе де облыс әкімдігі қазір­гі полигонның да пайдасыз қал­мауына мүдделі. Бұл үшін рекуль­тивацияны жүргізу қажет деп санайды жауапты ведомство­дағылар.

Үшінші бағыт – кәріз-тазарту жүйелерінің құрылысына байланысты. Қазір Қазақстанда 27 кәріз-тазарту жүйесін жаңғыртуға қатысты бағдарлама қабылданып, Аягөздегі құны 6 млн еуро болатын жоба ең негізгілерінің бірі саналады. Ол тарифтерді субсидиялау қағидаларына сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.

«Бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін басқа да жобаларды қарастыруға болады. Мысалы, Ертіс пен Алакөлдің жаға­лауын нығайтуға, Шүлбі ГЭС-тің контр-реттеуішінің құрылысына және Семей қаласындағы Ертіс өзенінің сол жағалауында жаңа жедел медициналық жәрдем стан­сасын салуға байланысты. Ынты­мақтастықты нақты пайда әке­летін жобалар бойынша талқылауға дайынбыз», деді облыс әкімі.

Семей ЕҚДБ-ның «Жасыл қала» бағдарламасына қатысып келе жатқан еліміздегі төрт қаланың бірі саналады.

 

СЕМЕЙ