Семей қаласының әкімдігі жергілікті тұрғын, грек-рим күресінен балалар жаттықтырушысы Ержан Амархановтың бастамасына қолдау көрсетпек. Мәселен, шаһар билігі аталған азамат қолға алған жағажайдың маңын абаттандыратын болады.
Бұл ретте әкімдік жағажайды көркейтуге байланысты мемлекеттік сатып алуды жариялағанын айта кеткен орынды. Конкурсқа бөлінген қаражаттың бастапқы сомасы осы жылға – 4 642 097 теңге.
Аталған қаржыға күннен қорғайтын 5 шатырды, бақылау пост-мұнарасын, 3 қоқыс контейнеріне арналған шатыр, полиция мен медициналық пунктерге арналған жалпыға ортақ 1 блок-контейнер, 2 биодәретхананы, 2 жуынуға арналған кабинаны, 6 құтқару кеудешесі, 2 құтқару шеңбері мен арнайы құтқару жабдығын және екі стендті сатып алу жоспарланып отыр.
«Осыдан кейін бірден қорытынды шығарылып, мердігерде қажетті керек-жарақты жеткізуді ұйымдастыруға 30 күнтізбелік күн болады. Тамыздың аяғында жарақталған жағажай Ержанға тапсырылады. Мердігер ұйымға мерзімінен кешікпеу ескертіледі», деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.
Абай облысы