Биыл туғанына 110 жыл толып отырған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты ұлықтау шарасы еліміз көлемінде жалғасып жатыр. Осы орайда бүгін біз көпшілік қауым ұлт тарихында орны зор тұлға Жақсылық Үшкемпіровтің 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атауына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың ықпалы болғаны жөнінде айтпақпыз.
Расын айтар болсақ, әртүрлі себептерге байланысты ұлттық құрамадан шеттеп қалған қазақ баласын қайтадан қатарға қосып, оны жігерлендірген адам – Димаш атамыз. Жарықтық кенже туған қоңыр қозыдай сүйкімді, қалқаншадай бойы бар Жақсылықты «менің бір жапырағым» деп еркелетеді екен. Қонаевтың қамқорлығы жайлы Жақсылықтың өзі де көзі тірісінде телеэфирден, сонымен қатар мерзімдік баспасөз құралдары арқылы жиі-жиі айтып жүрді.
Расын айтар болсақ, кеңестік кезеңде қазақ спортшысының Олимпиада ойындарына қатысуы қиын болатын. Ұлтшылдықтың өрті алабөтен өршіп тұрған заманда 1976 жылғы Монреальда өткен жазғы Олимпиада ойындарына Одақ бойынша грек-рим күресінен 48 кило салмақта алдына жан салмай жеңістің туын желбіретіп жүрген Жақсылық Үшкемпіровті көпе-көрінеу ығыстырып, оның орнына красноярлық Алексей Шумаковты таңдап алуы осының көрінісі.
Бұл туралы Жақаңның өзі: «КСРО чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткеніме қарамастан, мені 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадаға қатыстырмады. Ол кезде жасым 25-те болатын, бойымдағы күш-қуатым да жанып тұрған кез. Бірақ жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында менен жеңілген А.Шумаковты команда сапына алды. Мен қатты ренжіп, күресті тастап кеттім. Бірақ бір күні Қазақстан спорт комитетінің басшылары мені Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менен күреске қайта оралуымды өтінді: «Сенің өнеріңді барлық қазақстандық назарда ұстап отыр, ал сенің жекпе-жекке шыққың келмейді. Иә, Олимпиадаға қатыса алмадың. Енді 1980 жылғы додаға сен барасың. Мен сен үшін жанкүйер боламын», – деді. «Жарайды», – дедім, – Димаш ата, егер сіз қолдайтын болсаңыз, мен белдесулерге шығамын. Сөйтіп, 1977 жылы Одақ бойынша – үшінші, 1978-1979 жылдары – екінші, ал 1980 жылғы чемпионатта жеңіске жетіп, Олимпиадаға баратын команда құрамына ендім» деген екен.
Жоғарыда бір жапырақ Жақсылықты Қонаевтың алдына алып барған адам – спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев екен. Бұл оқиға жайлы қазақ спортының шежіре – журналисі Қыдырбек Рысбек «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 2 маусым күнгі санында жарияланған «Балуан биігі» атты мақаласында: «Олимпиада жолдамасы көзінен бұлбұл ұшқан Жақсылық қатты торықты. КСРО құрамасындағы үзеңгілестері «терпеливый Жак» атаған қазақтың төзімі әбден шегіне жеткен. Содан талайлардың қолы жетпей жүрген КСРО құрамасына үш ай ат ізін салмай, Алматыда жатып алды. Ойда-жоқта республикалық спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев шақырып алып:
– Жақсылық, сен неге жаттығуға бармай жүрсің? Ертең дұрыстап киініп маған кел, атаға барамыз, – деп қысқа қайырды. Ертеңіне межелі уақытта Аманша Сейсенұлы мұны машинасына отырғызып алып, Қазақстан Компартиясының орталық комитеті орналасқан зәулім боз үйге бір-ақ тартты. Қазіргі Төле би мен Абылай хан көшелерінің тоғысындағы сұсты да еңселі ғимаратта бұларды Дінмұхамед Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов күтіп алды», – деп жазыпты.
* * *
Осылай Димаш атасынан бата алып рухтанған Жақсылық ақыры 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының кілемінде белдесті.
Олимпиададан өзге атақтың бәрін еншілеген румын балуаны Константин Александру нағыз зар күйінде екен. Шабуылды үсті-үстіне үдетеді. Көзі от шашады. Күреске емес, төбелеске дайындалып шыққандай. Қанша дегенмен жиырма жылдай ұлттық құрама сапында шынығып, әбден толысқан Жақаң оның мысын басып, екінші кезең басталғанда есепті 5:1-ге жеткізіп үлгереді. Үшінші кезеңде екі балуан бір-бір ұпай зорға алады. Тоғызыншы минуттың соңына дейін екеуі кілемге жаңа шыққандай арпалысады. Ақырғы есеп – 6:2. Жеңіс Жақсылықтың жағында.
– Константин өте мықты балуан. Осы қалпында менімен емес, поляк жігіті Керпачпен айқасқанда оны сөзсіз жеңетін еді. Керпачтың бірінші белдесуі көбінде сәтсіз бітеді. Р.Керпач «шүу» дегенде венгр Ференц Шерештен бар-жоғы бір жарым минутта ұтылып қалды да, менімен күресерде ортаға буырқанып шықты. Алғашқы кезеңде бір секунд тыным алмай айқастық. Ұпай санын 11:0 жеткіздім. Екінші кезеңнің алғашқы екі минут ішінде Керпач ұпай санын 11:10-ға жеткізді. Тура «танкі». Қорғанысқа бұзып-жарып кіреді. Бірақ өкпесі осалдау екен. Үшінші кезеңде шаршап қалды, – деп еске алыпты Жақсылық ағамыз.
Осылай кәнігі қарсыласы Роман Керпачты 13:10 есебімен ұтқан қазақ келесі белдесуге жолдама алса, поляк балуаны жарыстан шығып қалады. Адам шамадан тыс, өз мүмкіндігінен жоғары жылдамдықта қимылдап күш жұмсаса, керемет ащы тер шығады. Ал одан әрі зорланса ащы тер бітіп, оның орнына иісі мүңкіген «аммиак» шығатыны жайлы білеміз. Керпачпен күрескенде Жақсылықтың үстінен осы «аммиактың» иісі шықты дейді. Ал үшінші қарсыласы мажар балуаны Ференц Шерешті 17:6 есебімен ойсырата жеңген Жақсылық алтын медаль үшін болгариялық Павел Христовпен жолы түйіседі. Ол жігіт бір жыл бұрын (1979 ж.) әлем чемпионатында қола медаль алған, тәжірибелі балуан. Күрес мамандарының бәрі біледі Христов «көпірге» тұрса, тура темірдей қатып қалады. Оны «құлатқан» ешкім жоқ. Бірақ төрттағаннан жұлып әкету тәсіліне осал. 1978 жылы Швецияның Гетеборг қаласында өткен халықаралық жарыстың финалында Жақаңмен жолығып бір дүркін жеңілген. Павел финалға дейін швед Кенн Андрессонды әдемі жеңіп, фин балуаны Рейе Хапарантаны 27:0 есебімен еркін ұтып шыққан екен. Бірақ үшінші белдесуде Константин Александрудан ұтылып қалады. Христовтың өзгелерден ерекше бір қасиеті әдістің сан түрін жасайды, алысып-жұлысудан ешкімге есе жібермейді. Ұтылып жатса да жанталас жоқ. Қарсыласына өшпенділіктің нышанын да сездірмейді. Күштіні мойындай біледі. Сөйтіп, қазақтың спорт тарихына алтын әріппен жазылған аталған белдесуде 12:7 есебімен Жақсылық жеңіске жетіп, Димаш атасына берген уәдесін орындайды.
* * *
Осылай Олимпиада жеңімпазы болып елге оралған Ж.Үшкемпіровті Дінмұхамед Қонаев көмекшісі Д.Бекежанов арқылы өзіне екінші рет шақырып алып жүздеседі. Ол кезде Олимпиададан жеңіспен оралған «бір жапырақ» жігіт Алматы маңындағы «Қайрат» елді мекенінде орналасқан демалыс орнында тынығып жатыпты. Дінмұхамед Ахметұлы кездесуден бірнеше күн бұрын Грекиядан оралған екен. Осы сапарында Димаш ата Грекиядағы Олимпиада тақтасына жаңадан есімі ойып жазылған чемпион Жақсылық Үшкемпіровтің атын көріп, көңілі толқып отырған сәті екен.
– Қарағым, Жақсылық жат жерден сенің атыңды көріп қанаттанып қайттым. Өзің болып па едің онда? – депті. «Иә, Димаш Ахметұлы, болғам». Содан кейін кеңсеге жиналған көпшіліктің алдында бір жапырақ інісін қолтықтап тұрып: «Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ Жақсылықтың аты қазақ тарихында алтын әріппен жазылары даусыз. Жақсылық сияқты жастар – біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Менің «бір жапырағымды» ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер» деп өзекжарды жүрек сөзін айтқан екен.