Қазір екінің бірінде көлік бар. Кейбіреулер көлік алуға табан ақы маңдайы терімен тапқан табысынан жинаған қаржысын жұмсайды. Алайда «темір тұлпар» міну үшін банктен несие алып, қарызға батып жүргендер де аз емес.
Шетелдік көлік мінгендер vip нөмір тағуға құмар. Бірақ сырт көзге қымбат мәшине мініп, шікірейгендердің арасында көлік салығын төлемейтіндер кездеседі. Мәселен, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрболат Сармановтың мәліметінше, қазір 9 мыңға жуық тұрғын көлік салығын төлемей жүр. Қазір сондай көлік жүргізушілерінің берешегі 355 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде төленбеген көлік салығының қарызы 283 млн теңгеге жуықтаса, 72 млн теңгеден астамы – өсімпұл.
– Ең қомақты қарыз сомасы Атырау қаласында тіркеліп отыр. Мұнайлы шаһар тұрғындарының көлік салығына 278 млн теңге көлемінде берешегі бар. Ал Жылыой ауданындағы автокөлік иелері 37 млн теңге көлемінде салық төлемеген. Құрманғазы ауданы жүргізушілерінің қарызы 16,5 млн теңгеге жетті, – дейді Нұрболат Сарманов.
Оның айтуынша, көлік иелерінің көбі салық төлеуге салғырт қарайды. Сол себептен, көлік салығы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептелетіндіктен, жыл сайын өсіп отырады. Оның үстіне жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін құрастырылса немесе осы уақыттан кейін Қазақстан аумағында тіркелген болса, онда салық көлемі тіптен ұлғаяды. Салықтың мөлшерін мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ, е-Salyq Azamat мобильдік және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы төлеу мүмкіндігі бар.
Атырау облысы