Мүгедек жандарды әлеуметтендіру қоғам алдында тұрған маңызды мәселенің бірі. Олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуында заңгерлердің, психологтар мен кеңесші мамандардың орны бөлек. Мүгедек жандардың жұмысқа орналасуы, білімін жетілдіру мен жаңа кәсіп игеруі кәсіби бағдарды қажет етеді. Мамандардың пікірінше, олардың әрқайсысына жеке назар аударғанда ғана қоғамнан өз орнын тауып, кәсіби маман ретінде дами алады. Осы орайда биылғы жарты жылдықта мамандар Алматы қаласында 400-ден астам мүгедектігі бар жанға қолдау білдіріп, әлеуметтенуіне жәрдем көрсеткен.
Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде инклюзивті жобаларды дамыту барысымен таныстырып, «Тәуелсіз өмір мектебі», «TenQogam» өзін өзі дамыту курстарының тиімділігі туралы айтып өтті.
Бүгінде Алматы қаласында 50 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 8 мыңнан асады. Д.Әлкебайұлының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіру және олардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында «TenQogam» мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы» жобасы жүзеге асып келеді. Орталық мамандары жұмысқа орналасудың бастапқы кезеңінде өз қамқорлығындағы адамдармен тығыз жұмыс істейді. Сонымен қатар олардың бойындағы қорқыныш пен сенімсіздікті жеңуге, өзін өзі бағалауға көмектесетін «Тәуелсіз өмір мектебі» жобасы да жалғасын табуда. Жоба аясында «Ақ бастау» пансионатында апталық курста 112 адам оқытылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 128-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Инклюзивті жобалар аясында қаладағы 10 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа техникалық оңалту құралдары үлестіріліп, 5 200-іне ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілер тарапынан әлеуметтік қызмет көрсетілген. Мүгедек жандарға шипажайға тегін жолдама беру де тұрақты назарда. «Жеке оңалту бағдарламасы арқылы мүгедектер оңалтуға арналған техникалық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен тегін қамтамасыз етіледі. Қажетті қаражатты «әлеуметтік қызметтер порталынан» өтінім арқылы алуға болады. Жекелеген жағдайларда мемлекеттік сатып алу арқылы жеке іріктеуді талап ететін техникалық құралдар сатып алынады», деп түсіндірді ведомство өкілі.
Бүгінде қала әкімінің тапсырмасы бойынша мүдегектерге инватакси қызметі қолжетімді. Қазіргі кезде мұндай таксилердің саны 50-ге жуықтап қалған. Алдағы уақытта инватаксилер санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 244 млн теңге мөлшерінде қосымша қаржы қарастырылған. Инватакси қызметіне ай сайын 1 500 ересек адам мен 357 мүмкіндігі шектеулі балалар жүгінеді.
Мүгедектігі бар адамдарға, мүгедек балаларға, зейнеткерлерге және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге ведомствоға тиесілі 10 медициналық-әлеуметтік мекеме жауапты. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 17 үкіметтік емес ұйым қызмет көрсетеді.
Тиісті басқарманың дерегі бойынша биыл қаладағы әлеуметтік қажеттіліктерге 33,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алғашқы 6 айда 12,5 млрд теңге игеріліп, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жататын 137 мың адамға көмек көрсетілген. Ведомство өкілінің айтуынша, қалада мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мен дамыту бағытындағы жұмыстар жандана беретін болады.
АЛМАТЫ