1950 жылдары КСРО алғаш рет ғарышқа жер серігін ұшырғанда АҚШ қызыл империяның бұл салада қалай демократиялы елден алға озып кеткеніне қайран қалған. Сөйтіп, бұл мәселені зерттеп, балаларға кішкентай кезінен түрлі ғылым саласы бойынша ілім-білім оқыту керек деген тұжырымға келген. Осыдан кейін АҚШ-та 1960 жылдары базалық жобалар ілімі, яғни Project Based Learning жобасы қолға алынды.
Бұл жөнінде «Қазақстанның ұлттық басымдығы: балалар және білім беру көшбасшыларының республикалық тамыз форумы шеңберінде «Қосымша білім беру – балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту әлеуеті» тақырыбында өткен конференцияда жан-жақты баяндалды.
Осы тақырыпта презентация жасаған R4 Technology Research Center ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айдын Түсіпжанов мектеп бағдарламасынан тыс қосымша білімнің пайдасы турасында кеңінен ой толғады.
Project Based Learning жобасы бойынша бала үнемі зерттеу, ізденіс үстінде жүру керек. Мұнда баланы төрт нәрсеге машықтандырады. Ол ойдың сергектігі, қиындықтан жол таба білу, қарым-қатынаста күшті болу және топпен бірге жұмыс істей алу. Балаларға осы базалық ілімді сіңірудің нәтижесінде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Құрама штаттарда кәсіпкерлік саласы күрт дамыған. Тіпті сол арқылы АҚШ заманауи технология, ілімнің барлық түрі бойынша әлемде көшбасшы атанып, алға суырылып шыққан жоқ па?! Спикердің айтуынша, экономиканы алға сүйрейтін келешек жастар. Сондықтан олардың білімді болуына кішкентай кезінен бастап көңіл бөлу керек. Бұл ретте Жапонияның әйгілі Икигай білім жүйесін енгізудің ерекшелігі көп көрінеді. Икигайға сәйкес бала 4 негізгі қасиетті меңгеріп шығады. Ол өзіне не ұнайды, қай салада күшті, қандай іс оған табыс әкеледі және елге пайдасын тигізетін жұмыспен айналысу. Келешекте бала осы 4 сауалдың жауабын таба алса, бақытты жан болып саналады және осындай ілімді үйренген әрбір жастан нағыз білімді, алдына үлкен мақсат қоятын елдің тағдырын қорықпай қолына табыстай беретін жаңа ұрпақ өсіп шығады. Ғылыми-зерттеу орталығының директоры осы аталған ағартушылық ілімнің озық әдіс-тәсілдері отандық мектептен тыс қосымша білім беру жүйесінде де кеңірек қолданылса деген сөзбен ойын тұжырымдады.
Орал қаласынан келген Балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының өкілі Ниязбек Гатауовтың да презентациясы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Баяндамашы мәлімдегендей, Батыс Қазақстан облысында балаларды туризмге баулитын, туған өлкенің жер-су атауларымен таныстыратын, аймақтың алыс-жақын тарихынан сыр шертетін балалар мен жасөспірімдер үйірмесі сондай бір ерекше, дара ұйым саналады. Экскурсия барысында оқушылар топ-топқа бөлініп, өзен бойларын жағалай сол жердің табиғатымен танысады, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін жақыннан көреді, ондағы көнекөз қариялардың аузынан көрген-білгендерін жазып алып, өлкенің шежіресін қалыптастырады. Сонымен бірге балалар үйірме кезінде саяхатқа шығып, археологиялық қазба, зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Осындай экскурсиялардың бірінде оқушылар жер астында жатқанына 150 млн жыл болған динозаврдың бір түрі Ихтиозаврдың сүйегін тауып алған. Осы тектес сүйек қалдықтары әлемнің басқа елдерінде де, тіпті Маңғыстау облысында да табылған екен. Бірақ олардың жасы оралдық жас археологтер қазба жұмыстарында тапқан Ихтиозаврдан әлдеқайда жас. Сөйтіп, көне динозаврдың сүйек қалдықтары өз елімізден, соның ішінде Батыс Қазақстан жерінен табылуына орай бұл жойылып кеткен алып денелі жануарға Қазақстанозавр деп ат қойыпты. Спикер қорытынды баяндамасында осындай туристік, экологиялық орталықтың үлгісі ретінде республиканың барлық өңірінде үйірмелер жұмысын қолға алуға, жандандыруға болатынын айтты.
Тамыз конференциясында өзінің тәжірибесімен бөліскен Ресейлік білім берудің робототехника қауымдастығының оқу-әдістемелік орталығының президенті Владислав Халамов қазақстандық әріптестерін қосымша білім берудің әдіс-тәсілдері бойынша Ресейге келіп, өзара тәжірибе алмасып қайтуға шақырды.
– Бүкіл республикада қосымша білім беру мекемелері бар. Оған оқушылар сарайы, музыкалық, өнер мектептері, жас техниктердің стансалары секілді ұйымдар кіреді. Міне, осы секілді мекемелердің бір жыл бойы атқарылған жұмыстарын саралайтын, есеп беретін, сонымен бірге алдағы жоспарларымен бөлісіп, ой-пікір алмасатын алаңшаның республиканың үшінші мегаполисінде ұйымдастырылуы біз үшін үлкен қуаныш, – деді қалалық Оқушылар сарайы орталығының директоры Бақытжан Мұстафаев.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 9 ірі қосымша білім беру мекемесі бар. Оның ішінде Оқушылар сарайы, дәстүрлі Қаратау секілді өнер мектептері балаларды сабақтан тыс қосымша үйірмелер арқылы өнердің түр-түріне баулуда. Бұдан бөлек Оқушылар сарайының өзінде 20 бағыт бойынша 160 үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ осында күн сайын келіп вокал, би, қолөнер шеберлігі, роботтехника, ІТ және басқа да салалар бойынша қосымша үйірмелерге қатысатын оқушыларға 150-ге жуық ұстаз сабақ береді. Сонымен бірге 260 мыңдай шымкенттік оқушы мектепішілік үйірмелермен де, арт-спорт ұйымдарымен де қосымша қамтылған. Дегенмен маманның сөзінше, балаларды толық қосымша біліммен қамтамасыз етуге соның өзі жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан бүгінгі таңда қалада тағы бір үлкен Оқушылар сарайы, музыкалық мектеп салынып жатыр. Аталған ғимараттар пайдалануға берілсе, оқушыларды қосымша біліммен қамту сұранысы азаяды деген үміт бар.
ШЫМКЕНТ