Алматы қаласының әкімдігі биыл үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен жойып, балалардың заманауи мектептерде білім алуына жағдай жасап отыр. Осы орайда алдағы жылдың соңына дейін 14 245 оқушы орнына есептелген 22 мектеп пайдалануға берілетін болады.
Бұл жайында биылға арналған жергілікті бюджетті нақтылау бойынша өткен қала мәслихатының XVI сессиясында қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Мегаполис басшысының айтуынша, білім беру саласына 275,2 млрд теңге қарастырылған (жергілікті бюджеттен – 196,2 млрд, республикалық бюджеттен – 79 млрд). Бюджетті нақтылау аясында қосымша 9,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары қала тұрғындарын мегаполис аумағының ұлғаюына байланысты мектептер мен балабақшалар жетіспеушілігі толғандыруда. Осы орайда оқушы орнының тапшылығын азайту мақсатында 46 мектептің құрылысы жалғасып, Бостандық, Әуезов, Алмалы, Жетісу аудандарындағы мектептерге жапсарлас 5 ғимараттың құрылысын аяқтауға қосымша 1,8 млрд теңге қарастырылып отыр.
Бүгінде Бостандық ауданында мектептер мен балабақшалардың құрылысы қарқын алып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімінің орынбасары Ренат Сейдраманов мектептердің құрылысы мен кеңейту жұмыстарының үздіксіз жүріп жатқанын жеткізді. Қазірдің өзінде 1 625 орындық №38, 60, 199 мектептерге жапсарлас құрылыстар пайдалануға беріліп, 300 оқушыға арналған №191 мектеп маңындағы құрылыс аяқталып қалды. Әлеуметтік жауапкершілік аясында №146 лицей ғимаратына қосымша 300 орынға арналған құрылыс жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта Bazis-А компаниясы №65 жалпы білім беретін мектепке қосымша 300 орынға арналған құрылыс жұмыстарын бастайтын болады. Сонымен қатар №81 мектеп-гимназиясы мен № 40, 45 жалпы білім беретін мектепке сейсмикалық күшейту, Орбита-3 шағын ауданындағы № 145 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Қалада жекеменшік мектептердің ашылуы орын тапшылығын азайтуға ықпал етуде. Былтыр ауданда 705 орындық 6 мектеп ашылған. RAMS City тұрғын үй кешенін салу барысында 1 100 орындық мектеп пен екі балабақша салу қарастырылса, № 21 гимназия аумағындағы 120 орынды жаңа балабақша құрылысы аяқталды. Сондай-ақ №71 балабақша ғимаратын күрделі жөндеумен қатар сейсмикалық жағынан күшейту жұмыстары да аяқталды. Науаи көшесінде орналасқан, ашылуы биыл 1 қыркүйекте жоспарланып отырған № 113 балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда сонымен қатар денсаулық сақтау нысандарының құрылысын нығайту да басымдыққа ие. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, «Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының» операциялық блогы бар қабылдау бөлімшесі корпусының құрылысы жалғасуда. Ғимаратты келесі жылдың сәуір айында аяқтау жоспарда тұр.
Ал Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай атап өткен деректерге тоқталсақ, ауданда халық саны артып келеді. Осыған орай әлеуметтік нысандарға да сұраныс артып отыр. Бүгінде шағын ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды бой көтеріп, оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі іске асуда. 2 700 орынды үш мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Оның қатарында «Қалқаман» шағын ауданындағы 1 500 орынды және «Шұғыла» шағын ауданында орналасқан әрқайсысы 1 200 орынды екі мектеп бар.
Биыл «Қалқаман» шағын ауданында 1 800 орынды мектеп және «Ақжар» мен «Таусамалы» шағын аудандарында әрқайсысы 120 орынды 2 балабақша пайдалануға беріледі. Ал «Ақжар» және «Рахат» шағын аудандарында 2 жекеменшік мектеп ашылды. Заманауи жабдықтармен жабдықталған «Заман» жекеменшік мектебінің құрылысы аяқталды. Санжар Тоғай атап өткендей, бүгінде ауданда 100 жекеменшік балабақша мен 5 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Алайда бұл нысандардағы орын да жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарында екі мемлекеттік балабақшаның құрылысын бастау жоспарланды.
АЛМАТЫ