Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің қатысуымен құрылған Еуразиялық даму банкінің бақылау пакетінен Ресей бас тартып, бұл мандат Қазақстанға берілуі мүмкін. Bloomberg ақпараты бойынша, банктің 65,97 пайыз акциясына иелік ететін Ресей санкциялық тәуекелге байланысты Белоруссиямен бірге өз үлесін қысқартқысы келеді.
Ресей мен Белорусияның көптеген мемлекеттік құрылымы қазірдің өзінде АҚШ пен ЕО-ның қатаң санкцияларына ұшырап үлгерді. Санкция сынағына тап болғандар ішінде ЕАДБ жоқ. Дегенмен Ресей осы бастан бұл банктен «іргесін аулақ салып», сақтық қамына кіріскен сыңайлы. Банктегі Қазақстанның үлесі 32,99 пайызды құрайды. Бұл ретте Белоруссияның үлесі – 1 пайызға жуық, Тәжікстан мен Арменияның үлесі – 0,04 пайыздан. Егер бұл ақпарат шындыққа жанасып, мәміле жүзеге асса, Қазақстан банктің бақылаушы акционеріне айналуы әбден мүмкін. Банк сайтындағы ақпарат бойынша қаржы институтының жарғылық капиталы – 1,5 млрд доллар.
Bloomberg ақпараты бойынша, 8 тамызда Еуразиялық даму банкі айналымдағы 436 млн долларлық облигациядан қыркүйекте өтеу мерзімімен 300 млн доллар облигацияны сатып алуды ұсынған.
Банк қатысушы мемлекеттер аумағында 76 жобаны жүзеге асырады. Банктің қатысушы-мемлекеттерге салған жалпы инвестициясының көлемі 12,185 млрд долларға жеткен. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлесті транспорттық инфрақұрылым, цифрлы жүйе, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және көлік құрастыру жобалары алып тұр.
Еске салайық, бұл банк мемлекетаралық келісім негізінде 2006 жылдың 12 қаңтарында құрылып, жұмыс істей бастады. Банктің міндеті – қатысушы-мемлекеттердің экономикалық өсіміне жағдай жасап, елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейту және еуразиялық кеңістікте инвестициялық жобалар арқылы интеграциялық процестерді дамыту. Банктің штаб-пәтері Алматыда орналасқан.
«2022-2026 жылдар стратегиясында 3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған: «Еуропа-Батыс Қытай» транспорт дәлізі, бірыңғай тауар тарату желісі және банктің жалпы инвестициясы шамамен 1, 2 млрд доллар болатын су-энергетикалық кешені. ЕАДБ мемлекеттері үшін стратегияда жобаларды ұлттық валютада қаржыландыру және еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді интенсификациялау, сондай-ақ тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің ортақ нарығын құру үшін Ресейге басымдықтар берілген. Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің экономикалық даму министрі бірінші тоқсанда ЕАЭО аумағында бірыңғай рубль аймағын енгізуге ұсыныс жасады. Сол кезде бұл ұсыныс резонанс тудырып, біздің үкімет тарапынан ешқандай бірыңғай рубль кеңістігі болмайтыны мәлімделіп, Қазақстанда кедендік баж салығы доллармен есептелетіні айтылып еді. Енді Ресей үлесі азайып, бақылау Қазақстанға берілгеннен кейін ЕАДБ-ның стратегиялық басымдықтары да қайта ыңғайланады. Бұған дейін басқару және үйлестіру рөлі Ресейдің қолында болса, енді Қазақстан үшін ЕАЭО мемлекетаралық бағдарламалары шеңберінде емес, елдің әлеуетін дамыту үшін жобаларды іске асыру мүмкіндігі пайда болады», дейді телеграмдағы Risk Rakers каналы.
Дегенмен соңғы шыққан бір ақпаратта ЕАДБ өзінің инвестициялық портфеліндегі Ресей үлесін азайтуды жоспарламайтыны айтылды.
«Инвестициялық портфелдегі Ресей үлесі 40 пайыз мөлшерінде сақталуы мүмкін. Портфелдегі елдік құрылымның айтарлықтай өзгеруі орын алмайды. Жыл бойынша кейбір ауытқулар туындап, бірқатар жоба бойынша конфигурация өзгеріске түсуі ықтимал. Дегенмен ресейлік портфель 40 пайыз деңгейінде сақталады. Ешқандай қысқарту болмайды. Өйткені әртүрлі сектордағы әлеуетті жобалардың саны өте көп. Бірақ Ресей мен Беларусь үлесі сәл азаяды. Жоғары мөлшерлемелер аясында жоспарлы жұмыс біршама тежеліп қалды, алайда қазір макроэкономикалық жағдайлар біртіндеп қалыпқа келіп жатыр және бізде динамика күшейіп жатыр», дейді банк басшысы Николай Подгузов.
Оның айтуынша, ЕАДБ түрлі жобаны қаржыландырудан бөлек Қазақстанға 10 млрд доллардан астам жеке және стратегиялық инвестиция тарту бойынша драйвер болуға ниетті. Ол бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде мәлімдеді.
«Қазақстандағы экономикалық міндеттерді шешуде банк үлесін күшейту, орнықты даму мақсатына қол жеткізу және әлеуметтік маңызды жобаларды құру – Еуразиялық даму банкінің 2026 жылға дейінгі жаңа стратегиясының негізгі бағыттары болып саналады. Алдағы бес жылда біз 3,8 млрд доллардан кем емес мөлшерде инвестиция жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл соңғы республикаға 15 жылда берілген қаржыландыру көлемімен тең. Инвестиция қарқыны 2 есеге артады. Біз негізінен «жасыл» экономика, азық-түлік қауіпсіздігі, Қазақстан экспортының инфрақұрылымына капиталдық салым жасауға ниеттіміз. Негізгі мақсаттың бірі – Қазақстанның және тұтастай алғанда аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынатын бірыңғай тауар тарату желісін құру мәселесі. Жобаны жүзеге асыру азық-түлік бағасын төмендетуге және азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деген еді Н.Подгузов.