Мадридтің «Реалы» Хельсинкидегі «Олимпийский» стадионында өткен матчта германиялық «Айнтрахт» клубын 2:0 есебімен жеңіп, УЕФА Суперкубогының иегері атанды.
Карло Анчелотти баптайтын клуб биыл Чемпиондар лигасын жеңіп алса, неміс клубы Еуропа лигасының жеңімпазы атанған еді. Тартысты өткен матчта корольдік клуб қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Ойынның 37-минутында аустриялық қорғаушы Давид Алаба «Айнтрахт» қақпасынан саңылау тапса, 67-минутта Кәрім Бензема нәтижелі соққы жасап, командасының мерейін үстем етті. Осылайша, шабуылшы өзінің «Реал» сапындағы 324-ші голын соғып, мергендер көшінде Раульді басып озды.
УЕФА Суперкубогын «Реал» бесінші рет жеңіп отыр және Суперкубок саны бойынша «Барселона», «Милан» клубтарымен теңесті.