Павлодардағы қоғамдық көлікте жыл соңына дейін сараланған тариф енгізілмекші. Шаһардағы атқарушы билік өкілдері алдағы уақытта автобус пен трамвайдағы жол жүру құны 130 теңге болады деп отыр. Бұл – ақшаны қолма қол төлеген жағдайда қойылатын баға. Ал Avtobys жүйесін пайдаланып, арнайы картамен немесе QR-код арқылы смартфоннан төлесеңіз, бұрынғыша 80 теңгемен жүре бересіз.
Мұны қоғамдық көлік маршруттарын ұйымдастырушы кәсіпорындардың басшылығы мен электронды төлем жүйесінің өкілдері күн сайын жолаушылардан түсетін пайданы бақылау үшін жасап отырғандары сөзсіз.
– Бүгінгі күні облыс орталығының қоғамдық көлік бағыттарындағы барлық тасымалдаушы «Смарт автобус ПВ» ЖШС-ның бірыңғай операторымен жұмыс істейді. Осы жылдың алғашқы жартысында қоғамдық көлікті 9,1 млн жолаушы қолданса, оның ішінде 3,8 млн адам қолма-қол төлем жасаған. Ал 5,3 млн азамат, яғни 58,2 пайызы жол жүру құнын картамен төлеген. Ендігі кезекте сараланған тарифты енгізу электронды билет үлесін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арслан Қалияқбаров.
Биыл қаладағы автобустар, шағын автобустар мен трамвайлардың барлығы Avtobys жүйесін пайдалануға көшкен. Жолаушылар қоғамдық көлікке мінгенде жол ақысын картамен төлейді. Бірақ төлемді ақшалай бергенді құп көретіндер әлі де азаймай тұр. Көлік карталарын пайдаланудың шекті мерзімі жоқ. Павлодар қаласындағы қоғамдық көліктерде көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ауған соғысының ардагерлері сынды 14 топ өкілі тегін, зейнеткерлер 50 пайыздық жеңілдікпен қатынайды. Қариялар төлеуге тиіс жолақының қалған бөлігін жергілікті билік өтейді. «Балалар жылына» орай облыс әкімінің шешімінен биыл Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы балалар қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік алғанын да айтып өткен абзал.
Жоғарыда аталған санаттарға жататын тұрғындардың қаншасы қоғамдық көлікпен жүретінін ешкім білмейді. Соның салдарынан билік пен тасымалдаушылар арасында түсініспеушілік туындап келген. Мұндай жағдайдың алдын алып, компанияларға субсидия төлеуді бір ізге келтіру үшін жолаушылардың нақты саны қажет екен.
– Оны тек электронды билет жүйесі арқылы анықтауға болады. Сондықтан осы жылдың наурыз айынан бастап «Смарт Автобус ПВ» трамвайлар мен үлкен класты автобустарға планшеттер (стационарлы валидаторлар) және мобильді валидаторлар орнатты. Біздің басты міндет – бір күнде, бір сағатта, тіпті минутына дейін неше адамның қоғамдық көлікке кіріп-шыққанын, олардың қандай төлем тәсілі арқылы жолақысын өтегенін және қай аялдамадан отырып, қайсысынан түскенін көрсету, – дейді «Смарт Автобус ПВ» ЖШС техникалық директоры Талғат Тоқтағанов.
Облыс орталығында бүгінде үлкен және шағын автобустардың жетпейтіні де байқалады. Өңірлік көлік жүргізушілер одағы қауымдастығының президенті Василий Рудаков аймақ бойынша 100-ге жуық автобус жүргізушісі қажет екенін айтады. Көліктердегі жол ақысы бақылана бастағалы бұрынғы жүргізушілердің көбі жұмыстан шығып кеткен. Себебі олардың бұған дейін тапқан табысын ешкім бақыламай, әр автобустың тізгініндегі жүргізуші мен кондуктор күнделікті түскен қаражатқа өздері би, өздері қожа болған.
«Әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау жүргізілуде, бірақ бұл қаладағы көлік жұмысын жақсартуға жеткіліксіз. Олқылықтың шешімі – электронды билет жүйесін пайдаланатын тұрғындардың санын көбейту. Қазір зейнет жасындағы азаматтар қолма-қол төлем кезінде жол жүру құны үшін 40 теңге төлеп жүр. Ал сараланған тариф енгізілгенде олар картасы жоқ болса 65 теңге төлеуі мүмкін. Бірақ бұл бойынша нақты шешім қабылданған жоқ», дейді бөлім жетекшісі Арслан Қалияқбаров.
Айтпақшы, көпшілік Avtobys жүйесінің QR-кодын kaspi.kz қосымшасы арқылы сканерлеп, төлем жасау мүмкіндігін енгізуді сұрап келеді. Бұл тұрғындар үшін ыңғайлы болар еді. Алайда «Смарт Автобус ПВ» бұл бойынша банкпен келісе алмай отырған көрінеді. Қаржы ұйымы оларға күніне қанша төлем жасалғаны туралы ақпарат беруден бас тартамыз деген талап қойыпты.
Павлодар облысы