СҚО-да 7 ай ішінде «банктен қоңырау шалу» жолымен жасалған 129 интернет-алаяқтық тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полицейлер бұл алаяқтардың қолданатын аса қауіпті алдау жолы екенін атап өтті, салдарынан жәбірленушілерге 100 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін шығын келтірілген.
Облыстың ауылшаруашылық кәсіпорындары бірінің басшысы полицияға интернет-алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Оған 2 тамыз күні банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері атынан белгісіз қылмыскер қоңырау шалған. Ол оның атына біреулердің ірі көлемде несие ресімдеуге әрекет жасап жатқаны туралы және бұған жол бермеу үшін барлық қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігі туралы айтқан. Алаяқтарға сенген жәбірленуші өзінің депозитінен 15 миллион теңгені алып, олардың көрсеткен шотына аударған, бұл шот шын мәнінде алаяқтарға тиесілі болған. Кейін ер адам полицейлерге осындай алдау тәсілі туралы естігенін айтқан. Алаяқтардың сенімді, кәсіби терминдерді қолдана отыра сауатты сөйлеуі оны жалған сөзге сендірген.
«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Интернет-алаяқтықты ашу кезінде көптеген қиындықтар кездеседі, көп жағдайда желідегі алаяқтар басқа мемлекеттерде, басқа өңірлерде болады. Полиция қызметкерлері халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Басты кеңес: «банктен қоңырау шалғандарға» сенбеу, тапжылмай сөйлесуді тоқтату. Егерде өз қаражатыңызға қатысты күмәніңіз болса, банк бөлімшесіне барыңыз. Өтіріктің бетін ашу үшін қылмыскерлер өзін таныстырған кезде атаған ұйымға ресми нөмірлері бойынша хабарласыңыздар. Өзіңіздің құпия және қаржы мәліметтеріңізді, парольді, sms бойынша келген cvv және пин-кодты ешкімге айтпаңыздар», деді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.