Алматыда жыл басынан бері 1560 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жыл басынан бері Алматы аумағында 1560 интернет-алаяқтық тіркелген. Егер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, қылмыс саны 34,6%-ға төмендеді. 2022 жылдың 7 айында қылмыстарды ашу пайызы 30%-дан асты», деді Қуатбек Науатов.
Спикердің сөзінше, интернет саласындағы қылмыстар санының азаюына тәртіп сақшылары жүргізетін профилактикалық жұмыс әсер етті.
«Ведомствоның жедел қызметкерлері мен баспасөз қызметі хабарламаларды таратады, алаяқтардың қылмыстық сызбалары туралы баяндайтын бейнероликтер дайындайды. Сонымен қатар, ақпарат орталық көшелер мен кинотеатрлардың электронды билбордтарында орналастырылды», дейді ол.
Қуатбек Науатов азаматтарды қырағы болуға және негізгі сақтық шараларын ұстануға шақырды. Мысалы, бейтаныс адамдардың өтініші бойынша Anydesk және Teamviewer сынды қашықтан кіру бағдарламаларын орнатпау керек. Бұл бағдарламалар алаяқтарға телефон кітапшасына, мобильді банктерге және гаджеттің жадында сақталған басқа жеке мәліметтерге толық қол жеткізуге мүмкіндік береді.