• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 17 Тамыз, 2022

Қасқыр жайлы хикаялар

1407 рет
көрсетілді

Атам қазақ «ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпаған екен. Дәл осы тұрақты тіркестің растығына жуықта туған жерге барып, сол өлкеде өсіп-өнген ағайындармен болған әңгіме үстінде көз жеткіз­гендей болдық. Яғни ел аузынан небір қызықты оқиғалар есті­дік. Әсіресе тау жас­танып, жазира жамылып, тұмса табиғаты бұзылмаған өлкеде өмір сүрген халық арасында небір таң­ғаларлық, тосын қызықты оқиға­лар кездеседі екен. Оның дені қасқыр жайлы хикаялар. Соның бір шоғырын газет оқырманына ұсынып отырмыз.

Қасқыр жетелеген кемпір

Бұл оқиға ертеректе болған екен. Жайлаудан құлаған ел күзеулікке жамырай келіп қонып жатқан тұс. Бұрынырақ көшіп келген ауыл адамдары кейін келгендерді ерулікке шақырып мәре-сәре. Осындай бір қыдырыс кезінде жасы әудем жерге келіп қалған кейуана кемпір әдеттегідей Қаратұмсықтың арғы бетіндегі Жағалтөбені жастана қонған үлкен нағашыларына ерулеп баруға жолға шығады. Екі ара онша алыс емес, жаяуға етасым жер.

Еңкіш тартқан кейуана күзгі самал желпіген ақшытыра шылауышын желбіретіп, қолында көнетоз орамалға түйіп ұстаған бес-алты құрты мен жарты таба наны бар баяу адымдайды. Жарықтық кезінде Алтай-Қобдаға аты шыққан байдың қызы екен. Қазіргі күні мынау, яғни төңкерістен кейін төңкеріліп түскен көптің бірі. Әкеден қалған мыңғырған мал қазір үкіметтің мүлкі. Тек шешесі бейбақ байталау (кәмпеске) кезінде енесінен қалған жал­пақтығы бес елі, сом күмістен құйы­лып, жиегіне жіңішке күміс жіппен сыр­малы ою шекіткен, қалыңдығы пышақ ­сырты білезігін беріп кеткен. Оны кейуана көп жыл жан баласына көрсетпей сандыққа сақтап келген еді. Диірменнің тасындай шыр айналған дүние тағы бір төңкерілгенде, саясат жұмсарып, қарғыс алғысқа ауысты. Сөйтіп, кейуана апамыз сандықта жатқан сом білезікті жасқанбай тағып жүретін күнге де жетті.

Енді сүтпісірім жүрсе апамыз діт­теген жеріне жетері хақ. Алдағы ұрым­тал белегірден асса болды. Бұл жер­ді былайғы жұрт «Қасқырсоқпақ» дей­ді. Себебі артқы жақтағы қызыл тау Жаматыда бөрі ұялайды, олар күзде есейген күшіктерін ертіп осы соқпақпен ойға түседі.

Қызық болғанда апамызға ұялы қасқыр кездесе кеткені. Бұлар сел жыр­ған терең жылғаға жығылып, үйелеп өлген кәрі сиырдың жемтігін жеп жатыпты. Жалғыз-жарым кәрі кейуананы көрген үйірдің арланы ақырын тайқып, күшіктерін бастап жылыстай берген көрінеді. Әлде қорықты, әлде солай жасауды құп көрді ме екен апамыз қолында қисық таяқ, қасқырларға қарай ақырып ұмтылыпты. Сол сәтте жемтікті қызғанған өлікшін қаншық қасқыр тұра ұмтылып, кейуананың қо­лын білегіне дейін қауып қалса керек. Қызық болғанда қасқырдың тісі сом білезікке тиіп, шақыр-шұқыр тіс­те­сіп тұрып қалмай ма. Сасып қал­ған апа­мыз қасқырдың тілін қызыл өңе­шімен қо­сып бүріп ала қойыпты. Әлде ерлік, әлде Құдайдың қуаты. Сөйтіп, жарық­тық тілі тұтылып, өңеші шеңгелден­ген қаншық қасқырды жетелеп ауылға алып келіпті. Мына қызықты көрген нағашылар ауылының білекті жігіттері дереу кемпірдің жетегіндегі қасқырды сойылмен соғып алыпты.

Аю жарған қасқыр

Бұл оқиға да тым ертеректе, шамамен Шыңжан-Алтай бетіне қо­ныс тепкен қазақтар өрісін кеңейтіп, Қобда бетіне қоныстана бастаған тұс дейді үлкендер. Білтелі мылтығын асынған аңшы қазақ Өрмегейті асуы­ның екі бетін кезек-кезек шолып аң аулайды екен. Бірде биік жартастың көлеңкесінде жусап жатқан бір топ тауешкіні көреді. Бұлардың біреуін атып алмаққа ық жағына шы­ғып, аяқты мылтығын құрып қойып, жа­нуарлардың өруін күтіп жатады. Сол екі ортада үлкен қоңыр аю жардың үстіне баспалап шығып, күректей тас­ты жусап жатқан тауешкілерге атады. Ешкілердің біріне тас дәл тиіп сеспей қатқан екен. Қалғаны дүр етіп үркіп жоқ болады. Аңшы Құдай берді деп аюды атуға ыңғайланады. Аю қобаңдап келіп, олжасын жәукемдей бастайды.

Аңшы асықпай белдігіне байлаған дәріқабын алып, оны оқшантайға құюға оқтала беріп, аюдың оңжағынан баспалап келе жатқан көкшулан қасқырды байқап қалады. Енді не болар екен? Қасқыр оқша атылып аюдың астынан зып етіп өте шыққандай болады. Аю арс етіп бауырынан өте шыққан қасқырды қауып түседі де, қорбаңдап бірдемелерді суырып әбігерге түседі.

Аздан соң қорбаңдаған аю тып-тыныш жер бауырлап жатып қалады. Не болып жатқанын көлденеңнен аңдып отырған аңшы түсіне қоймай, ақырын күтеді. Арада сүтпісірім өткенде мана аюдың астынан ағындап өте шыққан көк­шулан асықпай келіп, аюдың олжа­сын жей бастайды. Аю тыпыр етпей үнсіз жатыр. Оған бір нәрсе болғанын аң­ғар­ған аңшы дереу қасқырды атып алып, жар­тастың түбіне келсе, аю өзінің ішек-қа­рнын суырып алған, өліп жатыр.

Сөйтсе, оқиға былай өрбіпті. Олжа­сын апыл-ғұпыл жәукемдеп жат­қан аңқау аюдың сырын білетін кәнігі қас­қыр оның астынан өткенде жұқа шабын жарып кеткен екен. Қасқырды қабам деп арс еткен аю өзінің шала жарылған ішек-қарнын өзі суырып алып, ақыры өліп тынған. Оның өлгенін күтіп тұр­ған айлалы қасқыр жетіп келіп, семіз тау­ешкінің етін жей бергенде оны аңшы атып түсірген.

Қасқыр алған сасықкүзен

Тағы бірде жалғыз аңшы иен далада келе жатып, құладүзде жайылып жатқан қалың суырды көреді. Суыр жүрген жерге қасқыр, қарсақ, сасықкүзен сияқ­ты терісі бағалы жыртқыштар келері хақ. Осы түйсікпен аңшы атын сай­дың ішіне доғарып тастап, өзі тастан тұрғызған қалқанның ығында жасырынып жатады.

Көп өтпей суырлардың аңқитта­ған даусын естіп басын көтермей маңайын шолып қараса, қарсы беттен бір қасқыр суыр ұстау үшін бауырлай баспалап келе жатқанын көреді. «Қап, бәлем, қанды басыңды бері тарт», деп мылтығын кезей бастағаны сол еді, әлгі қасқыр ыршып-шоршып, өзінен-өзі жанталасып қарғи бастайды. Алыстан анық көрінбейді, қасқырдың алқымында бір нәрсе жабысып жүрген сияқты. Не болып жатқаны түсініксіз.

Бір заманда қарғып-қарғып болдыр­ған қасқыр сылқ түсіп жатып қалады. Сол беті тұрмайды. Аңшы оқтаулы мыл­тығын кезей ұстап жақындап келсе, қасқыр өліп жатыр. Алқымы қанжоса. Тамағынан әлі қан ағып жатыр. Аңшы жан-жағына бажайлап қараса, анадай жерде шақар сасықкүзен отыр. Сонда барып аңшы оқиғаның мән-жайын түсінеді.

Яғни есі кетіп суырды баспалап келе жатқан аш қасқырды сасықкүзен көреді де, жеміме ортақ болмасын деп, білдірмей келіп оның тамағына жабыса кеткен. Оны есіл-дерті суыр болып келе жатқан қасқыр байқамай қалған. Сөйтіп, өткір тістерімен қасқырдың күретамырын орып жіберген. Қасқыр алған сасықкүзен ақыры аңшының оғынан құтылмаған көрінеді.

Қарға көмілген қасқыр

Ел жақта Қабылмұрат Қариұлы дей­тін сыныптас досым бар. Мына әңгі­мені сол айтып берді. – Өткен екі мы­­ңыншы жылдардың басы болатын, – дейді Қабаң дос. – Қараша айының басында табиғатты қорғау қыз­мет­керлерімен бірге Ақсу-Сырғалы өлке­сіне бардым. Менің міндетім – қар көп жауған жағдайда жол бұзатын техниканы басқару еді.

Расында, бұл өлкеге қар ерте түседі. Соған байланысты таудың суыр, тарақ­құйрық сияқты ұсақ аңдары ойдағы хайуандарға қарағанда ерте ұйқыға кетеді. Бұл өлкеде тауешкі мен арқардың үйірі мол. Табиғат қорғаушылар қыс түспей тұрып белгіленген нүктелерге кесек-кесек тұз тастап, қар қалың жауа­тын ойпаң жерге емес, биік-биік жала­ңаш қыраттарға престелген шөп апа­рып тастайды.

Қабаң достың айтуына қарағанда, жұмысшылар ерте тұрып тұз бен шөбін арқалап тауға шығып кеткен. Тұрақта бір өзі қалған соң іргеде қаңтарулы тұрған қарда жүретін көлікті міне са­лып, күртік қарды жиектеп біраз жү­ріпті. Таудың ықтасын қолатында қо­нақ­­таған бір топ тауешкі мотордың үні­нен үркіп өрлей бергені сол екен, бөк­терден құлдай жел­ген үш қасқыр тұра қалып, ішіндегі ірі­леу бірін суа­ғар жылғаға жиналған омбы қарды апыр-топыр қазып көміп тастайды да, қал­ған екеуі тауешкілерді екі жақтан қау­малап тықсыра-тықсыра дәл көмулі қас­қырдың үстіне әкеліп тоғытады.

Осы сәтте қардың астында көмулі жатқан қасқыр қарғып тұрған үйірдің дәл ортасында орғып бара жатқан сер­­кештің алқымын ала түсіп басып қалып­т­ы. Бұл оқиғаны көзімен көрген до­сым «Егер бұл дүниені көзіммен көр­мей біреуден естісем сенбес едім, қас­қыр­дың мұндай ақылды боларын кім біл­ген» деп басын шайқап, таңданып отырды.

Қасқыр соққан Кәсіп апай

Бұл оқиға Қобда аймағының тек қазақтар мекендейтін Қобда сұмыны жерінде болған екен. Жон жайлап, тау сағалап өскен халық даланың тағы­сы қасқырмен соқтығыспай жүруі не­кен-саяқ. Осындай күннің бірінде Кәсіп Бейісбайқызы дейтін апамыз түн ішінде қотанда дүркіреп қой үріккен соң жүгіріп далаға шығады. Ай сүттей жарық. Екі күн бұрын қыстауға көшіп келгендіктен отар қойды тас қораға қамамай сыртқа тастап қойған болатын.

Үйден атып шыққан апамыз бажайлап қараса, отар қойдың ортасында ит сияқты бір хайуанның жүргенін көзі шалады. Қасқыр дейін десе тұрқы кіші. Ал иттің қотанға түсіп қой үркіткенін бұрын-соңды көрмеген. Ойланып тұ­руға уақыт жоқ, апамыз жан-жағына қараса қолына іліп алар ештеме жоқ. Содан тұра ұмтылып ақшулан иттің артқы сирағынан шап еткізіп ұстай алып, сүйрей жөнеледі. Сүйреп келе жатып ойланды. Мына хайуан ит емес. Ит болса қыңсылар еді. Тегі күшік қасқыр болса керек...

Көңіліне күдік кірген Кәсіп апамыз қасқырдың сирағын тастай беріп, қақ шекеден құлақтайды. Қасқыр бұлқынған сайын бас терісі бұлғақтап күш беретін түрі жоқ. Бір кезде арпалысқан қасқыр кірш еткізіп алақанын тістеп алады. Оған қарайтын уақыт қайда. Айқасып жүріп үйде жатқан күйеуіне «Тез, тесені әкел!» деп айғайлайды. Ойында ештеңе жоқ үйден шыққан күйеуі кеше ғана қойдың қиын ойған темір тесені іздеп кетіп барады. «Тез тесені әкел!». «Не болды?».

– Көрмей тұрсың ба, бейбақ, қасқыр құлақтап жатырмын, – деп астына басып алып, тыпыр еткізбей ұстап отыр­ған қасқырды көрсетеді. Енді момын күйеу сасқалақтасын. Тесені алып жетеді.

– Ұр, тұмсықтан! Сасқан күйеуі тесе­­мен қасқырдың тұмсығын емес, әйелінің қанжоса қолын періп кетеді.

– Өй, қара басқыр, мені емес қас­қырды ұр! Содан не керек тесемен соққы­лап жүріп, қасқырды естен тандырады. Қасқыр өлді. Бірақ апамыздың қасқырдың құлағында қарысып қалған қолы жазылмайды. Зорға дегенде қа­рыс­қан қолын босатып, «үһ» деп көршісі Оразбайға «тез жетсін» деп адам жібереді.

Сол екі ортада қойлар тағы да дүр етіп үркеді. Қараса, әлгі өлген қасқыр сүйегін сүйретіп, жер бауырлап жылжып барады екен. Әбден ашуланған Кәсіп апамыз үйден соғым соятын ағаш сапты пышағын алып шығып, ақшу­ланның қарнын жарып тастап барып тынышталады. Таң жарығымен шауып жеткен Оразбай оташы дереу қасқырдың өті мен бауырын араластырып, бөрінің тісі тиген жерлерге жағып шығады да, сыртынан қасқырдың шарбы майымен орап тастайды. Аз күнде апамыздың жарасы жазылып, ел ішінде «Қасқыр соққан Кәсіп» атанып кеткен екен. Осында келген соң Кәсіп апамызды білетіндерден сұрастырып едім, жарықтық дүниеден өтіп кетіпті. Өзінен тараған ұрпақта­ры Қарағанды облысы, Ақтау-Теміртау маңында тұрады екен.

Таяқты қасқыр

Ал мына оқиғаны айтып берген адам – Шынай Рахметұлы дейтін танымал өлкетанушы ағамыз. – Бірде, – дейді Шықаң, – Сайыр тауына аң қарауға шыққан аңшылар қатар жұп­тасып, бірін-бірі қолтықтап қашып бара жатқан үш қасқырды көреді. Аң­шы­лар аң-таң. Қасқыр деген хайуан бірінің артынан бірі тізбектеліп жүруші еді, мыналардың әрекеті қызық екен. Жүрістері де өнімсіз бе қалай...

Содан аңдыған алмай қоймас дегендей, қолтықтасқан қасқырлардың ізіне түскен кәнігі аңшылар келесі белестен күтіп жатып ең ірісін қарауылға ала­ды. Оқ дәл қос өкпеден тиген арлан сес­пей қатады. Мына қызыққа қараңыз, қалған екі қасқырдың бірі жосып бере­ді де, екіншісі тыпыр етпей жатып қалады. Тәжірибелі аңшылар аттарын жақын маңға тұсап қойып, оқтаулы мылтықтарын кезіп жақындап келсе, үлкен қасқыр өліп қалыпты, ал жер бауырлап қаша алмай қалған қасқырдың алдыңғы екі аяғы жоқ екен. Бейбақ жер бауырлап жатып қалған артқы екі аяғын шондайына дейін көтеріп, тыпыр-тыпыр етеді.

Мұндай тосын оқиғаға тап болған аңшылар анықтап қараса бұл хайуан­ күшік кезінде қақпанға түсіп, содан ал­дыңғы екі аяғын қиып құтылған сияқ­ты. Содан бері екі аяқтап күн көр­ген. Ұяластары мұны далаға тастап кетпей, алдыңғы екі қолтығына көлденең ағаш­қа жүгіртіп, оның екі басын екі қасқыр аузымен тістеп алып, үшеуі қатарласа қашады екен. Шамамен осылай 7-8 жыл өмір сүрген сияқты.

Екі көзі қанталап кеудесімен жер жастанып жатқан қасқырды аңшылар атып алып қараса, көлденең таяқ ағаш тіпті жүніне оралып, қолтық етімен тұтаса бітіп кеткен екен. Осылай таяқты қасқырды атап алған аңшылар бұл хайуанның әрекетіне тамсана таңданып, ел-жұртқа көргендерін айтып жүріпті.

Ақтөс қара қасқыр

Менің туған ауылымның батыс жа­ғын­да оншалық алыс емес Доланқара (Жылы­қара) деген тау бар. Бала кезден біле­мін, таудың күн беті қыстың өзін­де шуақ тартып тұрады. Сол себепті де, осы­лай аталған болуы керек. Дәл тау­дың бөктерінде менен бірнеше жас кіші Қуаныш дейтін азаматтың қыстауы орналасқан.

 – Осыдан оншақты жыл бұрын, – дейді Қуекең. – Қайдан келгені белгі­сіз ақтөс қара қасқыр пайда болды. Өз­дері тым әккі, маңайдағы тайынша-тор­пақтан түк қоймады. Бұрын мұндай ақтөс қара қасқыр көрмеген ел аң-таң. Біреулер бұлар қасқыр емес, жабайы ит шығар дейді. Қысқасы, нақты жіп таға алмай қиналады. Содан Бердіхан деген аңшы қақпан құрып қасқырдың бірін қолға түсірді. Кәдімгі қасқыр. Екіншісін, аңшы Жәнібек атып алды. Бұл жігіттер қасқырдың қара терісіне қызыққан сияқты.

Кешікпей бұл қара қасқырлардың да сыры ашылыпты. Жаңағы Долан таудың теріскейіне қыстау салған Кең­шілік деген қойшының атақты қасқыр алатын «құтпан» атты ақтөс қара иті бар еді. Осы ит екі жылдың алдында жоғалып кеткен болатын. Кеңшілік қария тап бір атан түйесі жоғалғандай қайғырған екен.

Артынан анықталғандай құтпан Қату­белдің жонында ылыққан қасқыр­лар­мен бірге жүргенін мал отарлатып бар­ған қойшылар көрген екен. Қысқасы, батыл тө­бетті үйіккен ұрғашы қасқыр ертіп кет­кен екен. Ақыры ана ақтөс қара қас­қыр­лар құтпанның күшігі болып шықты.