• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Тамыз, 2022

Тиграй тынышталмай тұр

12644 рет
көрсетілді

Эфиопия үкіметі Тиграйдағы атысты тоқтату жөніндегі келісімге тез арада қол жеткізу қажет екенін мәлімдеді. Сонда ғана соғыс өрті шарпыған аймақта гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруға, қарапайым қажеттіліктерді өтеуге мүмкіндік туатынын айтып отыр.

Тиграйдағы көтерілісшілермен келіс­сөздер жүргізу жөнінде құрылған комитет тыныштық орнату жөнінде ұсыныс әзірлегенін хабарлады. Осылайша, 2020 жылы қарашада басталған қақтығыстарды тоқтатуға талпынбақ.

«Гуманитарлық көмектің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, негізгі қыз­мет­терді қалпына келтіруді жеңілдету үшін, сондай-ақ қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін комитет мүмкіндігінше тезірек атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізу қажет», делінген комитет жасаған мәлімдемеде.

Бейбітшілік жөніндегі комитет осы процесті жеделдету үшін бітімгершілік ұсынысын қабылдаған көрінеді. Бұл құжат атысты тоқтатуға және саяси диалогты жүргізуге жол ашпақ.

Тиграй халықты азат ету майданы (TPLF) мұндай ұсынысты қабылдамады. Топтың пайымдауынша, ел премьер-министрі Абий Ахмедтің үкіметі диа­логқа келуге ынта білдірмеген. Сон­дық­тан құжатты ақылға қонымсыз деп са­найды.

«Олар бейбіт келіссөз жүргізуге қо­лайлы жағдай жасауға әрекет етеміз деген жиі қайталанатын уәделеріне ашық түрде қарсы шықты. Шынында, олардың әскері бізге қарсы арандату әрекетін жасап, қоғамда жағымсыз пікір қалып­тас­­ты­рып отыр», деді Тиграй халықты азат ету майданының баспасөз хатшысы Ге­тачью Реда.

TPLF өңірдегі 6 млн халықтың тұр­мы­сына қажетті негізгі қызметтерді орын­даған кезде ғана келіссөз үстеліне отыратынын талайдан бері айтып келеді. Жалпы, Эфиопияның солтүстігіндегі қақ­тығыс биылғы наурызда бәсеңдеген. Сөй­тіп, тоқтап қалған гуманитарлық кө­мекті қайта жеткізе бастауға мүмкіндік туды.

Тиграй аймағы соғыс басталғалы бері электр жарығы, байланыс, банк қызметі секілді негізгі қызметтерге қол жеткізе алмай қалған. Халық аштыққа ұшырап, дү­кен сөрелерінде азық-түлік қалмады.

Бейбітшілік жөніндегі комитет алдағы уақытта ұсынысын Африка одағына жі­беретінін алға тартады. Өз кезегінде қара құрлықтың басты ұйымы соғыс өрті шарпыған аймақтағы ахуалды реттеуге бар күш-жігерін жұмсап келеді.

«Келіссөздердің орны мен уақытын анықтауға, бейбіт келіссөздерді тез бас­­тауға және жақын арада атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуге мүм­­кіндік алу үшін Африка одағымен ын­тымақтастық орнатуға күш салып жатырмыз», деп хабарлады комитет.

Сондай-ақ келіссөздерге кімнің төра­ғалық етуі де талқыға түсіп жатыр. Абий үкіметі кез келген келіссөзді Африка ода­ғының Сомали түбегіндегі өкілі Олусегун Обасанджо жүргізуі керек деп есептейді. Алайда көтерілісшілер Кения пре­зиденті Ухуру Кениаттаның ара ағайын болғанын қалайды.

Халықаралық қоғамдастық та Тиграй­дағы ахуалға алаңдаулы. Осыған байланыс­ты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бірнеше отырыс өтіп, қарар қабылданғаны мәлім. Қақтығыс салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын босып кеткен.

Дегенмен елдегі ахуалға әлем жет­кілікті түрде назар аудармай отыр деп есептейтіндер де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус Тиграй айма­ғындағы дағдарысты «жердегі ең ауыр апат» деп сипаттады. Ұйым басшысы «Жаһандық көшбасшылардың салғырт­тығы онда мекендеген тұрғындардың нәсі­ліне байланысты ма?» деген сауал тастайды.

Жалпы, ұйым басшысының туған жері осы Тиграй аймағы. Сондықтан Тедрос мырзаның алаңдауы түсінікті. Эфиопияның солтүстігінде қақтығыс басталғалы халықаралық қоғамдастық гуманитарлық көмек жеткізуге бел шешіп кіріскен жоқ. Алайда Украинадағы қақ­тығысқа қарсы бүкіл Еуропа өре түрегелді.

Тедростың айтуынша, Тиграйдегі 6 млн адамның соңғы 21 айда әлеммен байланысы үзілген. Осы орайда, ол Украи­надағы қақтығыспен салыстыра отырып, Тиграйдағы апатты бұдан да сорақы деп айтты.

«Кейінгі бірнеше айда әлемнің да­мыған елдерінде бірде-бір мемлекет басшы­сының Тиграйдағы жағдай туралы айтқанын естіген жоқпын. Кез келген жерде. Неліктен? Бәлкім, бұл Тиграйдағы тұрғындардың түсіне байланысты шығар», дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы.