• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Тамыз, 2022

Қазығұртта үйлесім тапқан елдік идеясы

440 рет
көрсетілді

Шымкенттен – Ташкент шаһарына бет алған күре жолдың оң жақ бетіндегі Қазығұрт тауының етегіне созыла орналасқан жотада «Мәңгілік Ел» аталатын саябақта «Алаш арыс­тары», «Анаға тағ­зым» және Қажымұқан Мұ­ңайт­пасұлына арналған ес­керткіштер кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Осы шараға қатысуға елі­міздің түрлі өңірінен арнайы келген көпшілік сол арада бұл бір халықтың көптен бері көкейінде жүрген, енді міне шешімін тапқан тарихи оқиға болғанын бір ауыздан мақұлдап, ризашылық сезім білдіргеніне куә болдық. Орнымен және мақсатты түрде атқарылған бұл үлкен іске жеткізген жолдың өз тарихы бар екенін көпшілік қауымның біле бермеуі мүмкін. Соған қысқаша тоқталайын.

Өткен ғасырда совет өкіметі орнаған бетте қоғамда саяси-экономикалық, әлеуметтік және басқа өзгерістер енгізумен қатар мәдениет және руханият саласында да белсенді түрде жаңа құндылықтарды орнықтыру ісін қолға алды. Осы арнада біраз іргелі шаруа тындырғанын совет билігі тарих сахнасынан кеткеніне қаншама уақыт болса да, күнделікті өмірде оның іздерімен бетпе-бет келіп жүрміз. Қала, елді мекендердегі көше аттары мен жаңа өмірдің орнығуына еңбегі сіңген тұлғалары қойылған ескерткіштер сол қызметтің кө­рінісі болса керек. Бүгін сол ат­қарылған жұмысты түгелдей тарих қоқысына итере салуға ауыз да бармайды, қол да жүрмейді. Бұл, әрине, үлкен, арнайы тоқталуды талап ететін тақырып.

Өзгеріс арнасына түскен қоғам өз талғам-тілегіне сәйкес құн­­дылықтарын анықтайды. Бұл – ілгері ұмтылған өмір заңдылығы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­ры Астанадағы еуразиялық уни­верситеттің кіреберіс дәлізіне тарихи тұлға Күлтегіннің құрметіне қойылған мүсіннің жарасымды көшірмесі орнықты. Ресейдің Керман шаһарында (Рязань) жерленген Тәуекел ханның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Оразмұхаммед сұлтан мен оның ұстазы, тарихшы Қадырғали бидің жатқан жеріне жаңадан белгі-құлпытас орнатылды. Ұлы ғалым «Тарихи-и Рашидидің» ав­торы Мұхаммед Хайдар Ду­лати бабамыздың Кашмирдегі (Үн­дістан, Сринагер шаһары) зираты мен құлпытасын 447 жылдан (1550 ж. қаза тапқан) соң тауып, ризалық сезімге бөлендік...

Ұлттың рухани өмірінде кең етек алған осы әрекеттің астарында не жатыр?! Ұлт өмірінің алыста қалған қайталанбайтын жұлдызды сәттерін құр аңсау, сағыну ғана ма? Жоқ, әлде, өткен өмірдің сабақ­тарына, елдік пен ерліктің үл­гілеріне сүйеніп жігер жану, жол іздеу әрекеті ме?

Қалай болғанда да мем­лекеттік тәуелсіздік алған бет­те қоғам алдында ұлттық руха­ниятқа жаңа серпін, жаңа өріс беру міндеті тұрды. Ал бұл телегей-теңіздей сан-салалы шар­уаны мемлекеттік мекемелер міндетіне артып қоюдың қате ұстаным екенін түсінетін жеке тұлғаларға сұраныс арта түскен мезгіл болатын. Және ондай азаматтардың қоғамдық өмірдің барлық саласынан бой көрсеткені қажет-ақ еді. Халық, ел болған жерде ондай тұлғалар шықпай қоймайтынын өмір ағымы көр­сетті. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, ұлттың өткен өміріне қатысты тарихи оқиға­лар мен жеке тұлғалардың өнегелі қыз­метін еске салатын ес­керт­кіштер мен кешенді белгілер неге мемлекеттің астаналық ор­талықтарымен шектелуге тиісті. Ол ескерткіш белгілер елдің түк­­піріндегі ауылдар мен елді ме­­кендерде бой көтеріп, оны көрген сол өңірдің жасөспірімі тарихи тұлғалардың елі үшін атқарған еңбегі мен ерлігі туралы ойланып өскені маңызды болса керек.

Қазығұрт жотасында орын тепкен ғажап саябақ еріксіз осы ойға жетелейді. Осы ретте мынадай жағ­дайға тоқталуға тура келеді. «Мәңгілік Ел» саябағы көпжылдық ізденістің, шығармашылықтағы ойдың нәтижесі, тіптен қорытын­дысы десе де болады. Ал оны бастап, логикалық шегіне жеткіз­ген, іскер және ойлы азамат Бе­кет Тұрғараұлы. Және «Өзі бас­тап жүргізген істің негізгі ерек­шелігі қандай?» деген са­уалға жауап іздер болсақ, ол, әрине, осы мақалада біз санама­лап өте­тін игілікті істердің Бекеттің ұйым­дастыруымен іскер тұлға­лар­дың және оның жеке жұмсаған қайырымдылық қара­жаты арқылы атқарылғаны еді.

Біз хронологиялық тұрғыдан Бекет пен оның қорының атқар­ған көпқырлы жұмысының бір­нешеуін ғана атап өтелік.

2009 ж. Қыркүйек. Б.Тұр­ғараұлы өзі қызметте жүрген Солтүстік Қазақстанда «Жеті жар­ғы және Қожаберген жырау» аталатын қоғамдық қайырым­ды­лық қор ұйымдастырады. Мақсат қазақ тарихы мен оның рухани өмірінде өз орны бар Қызылжар өңірінің шежірелі бай өткенін қайта жаңғырту еді. Бекең бұл іргелі шаруаны атақты Тоқсан бидің зиратының басына кесене тұрғызып, сол жердегі елді мекенге бабаның есімін бергізу ісін ұйымдастырудан бастайды. Қордың жемісті қызметі әсіресе «Елім-ай» жырының авторы Қожаберген жырау То­лыбайұлының есімін жаңғырту ісінде анық байқалады. Жыраудың шығармашылық мұрасы Бекеңнің тікелей қолдауымен бірнеше кітап түрінде жарық көріп, туған жері Пресновка ауылының орталық алаңына ескерткіш-мүсіні орнатылып, сондағы қазақ орта мектебіне оның есімі берілді. Қор­дың тікелей атсалысуымен Шал ақын мен академик Ев­ней Букетовтің туған жерінде ескерткіш бюстері қойылды.

Б.Тұрғараұлы Ұлы Отан соғы­сындағы жеңіс күніне орай өзі туып-өскен Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылында «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, майданнан оралмаған 384 боздақ­тың, соғыстан аман оралып дү­ниеден өткен 190 ардагердің аты-жөнін мрамор тасқа ойып жаздырып, ескерткіш-монумент пен тағзым сағанасын тұрғызады. Қор осы кешеннің маңынан бө­лінген 10 гектар жерге жастар саябағын абаттандыру ісіне атсалысып, 6 мың түп түрлі ағаш отырғызып, жарық орнатып, тро­туар жүргізіп, гранит тасқа Абай­дың қарасөздерін ойып жаздырды.

Осы жылы Бекет басқаратын қордың қолдауымен Сайрам қаласын қалмақ шабуылынан қорғау ісінде ерлігімен танылған даңқ­ты батыр Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдаяқтың құр­метіне Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадион түбіне ескерткіш бой көтерді.

2017 жыл. Тамыз. Ұлттың тарихи жадының жаңғыруының айшықты көрінісі Орбұлақ шай­қасына (1643 ж.) қатысқан сарбаздармен олардың басшыларына деген ықыласынан анық байқалды. Б.Тұрғараұлы осы ретте Орбұлақ шайқасының 350 жылдығына орай Қазақстан үкіме­тінің қаулысына (1993 ж. 7 маусым), жазушы Б.Нұржекеұлының осы тақырыпқа байланысты бел­сенді қызметіне қолдау көр­сетіп, алдымен Алматы облысы Пан­филов ауданындағы Бел­жай­лаудағы Орбұлақ шайқа­сында мерт болған сарбаздар байыз­дап жатқан қорымды қоршатып, оған белгі құлпытас қою ісіне мұрындық болды.

2018 ж. Сәуір. Б.Тұрғар­а­ұлы­ның басшылығымен және ол басқаратын қордың қаржылай қолдауымен Шымкент-Таш­кент күре жолының бойында «Бабалар рухына тағзым» кеше­нінің маңындағы «Мәңгілік ел» саябағының алдында Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс ба­һадүрге арналған еңселі ескерт­кішпен «Батыр Бабалар» мемо­риалдық кешені бой көтерген. 

2019 жылы 27 сәуірде «Мәң­гілік ел» және «Бабаларға тағзым» саябағында «Ұлттың ұлы билері, ұлы дала даналары» атты Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге арналған сәулетті ескерткіш орнатылды. Сәулетшінің орындау шеберлігімен қатар тарихи тұлғалардың «Жеті жарғы» заңын жазғанынан мол мәлімет беретін «Жеті жарғы» заңының да кітап бейнесі, билердің сөз сөйлеуге ұсыныс белгісі – «Қам­шысы» да алдарына гранит тас­пен бейнеленіп қойылып, өткен тарихтың өнегесін көрсете білгені де өте орынды болған.

Саябақ ішіне аталған жәдігер­лерден басқа да тарихи маңызы терең «Киелілер кесенесі» этноауыл көріністері бой түзегені саябақ ішіне көрік беріп, келу­шілер қызығатындай дүние тұр­ғызылған.

Кешенді жобаның концеп­туалдық мазмұн-мақсатын анық­тап, ұйымдастыру жұмысын жүр­гізген Бекет Тұрғараұлы, сәу­лет­шілік қызметін атқарған скуль­п­торлар – Ескен Сергебаев, Алек­сандр Бурганов және Самат Бөкебай.

«Мәңгілік Ел» жобасы Алаш ұстанымындағы заңгер-ға­лым Бекет Тұрғараұлының көп­жыл­дық ізденісінің қорытынды сәті десе де болады. Ол жобаның кон­цептуалдық ұстанымына байланысты «Халқымыз жүріп өткен тарихи жолдың ауыртпалығын кейінгі ұрпақ есінен шығармаса екен, аға буындардың бізге қалдырған мұрасын бағалай білсе екен деген тілекті басшылыққа алдық» деген оймен түйіндейді.

Тәуелсіздіктің жинақы көрі­нісіндей әсерде қалдыратын бұл аяқталған жұмыс еліміздің мем­лекеттік сыйлығына лайық екені күмән тудырмаса керек.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

академик