• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Тамыз, 2022

Ашық қалған арық, ашынған халық

868 рет
көрсетілді

Теміржолшылар мекені саналатын Сұрыптау кентіндегі көшеде арықтар ашық күйінде жатыр. Қандай арық дейсіз ғой? Су құбырын жүргізбекші болған. Алайда мердігерлер шаруаларын аяқсыз қалдырған. Жарайды, жобаны қаржыландыру немесе аяқтау мерзімі биылғы жылға ауысқан шығар. Десек те қазылған арықтарға не ескертпе белгі қоймай, не қоршамағаны мердігердің де, жергілікті биліктің де салғырттығын танытады.

Ол аз десеңіз, Лермонтов көше­­сінде тау-тау болып үйілген қоқыс­­тың жатқанына да 10 жыл­ға жуық­тапты. Не керек, сол жақ­қа өз аяғымызбен бардық, көр­­дік, тұрғындардың базынасын тыңдадық.

Сұрыптау кенті қаладан қашық емес. Іргесінде. Бірақ бұл жақта әлі де ауыз су мәселесі өзекті дегенде бас шайқадық. Әне-міне ауыз суға жаримыз дегеннің өзінде жұрттың санаулысына ғана су тиіп, біразының аңқасы кеуіп отыр. Ал қоршауы жоқ арықтың жабусыз күйінде жатқанына жазда жыл толады. Өзге де проблема жетерлік.

– Суды келесі көшедегі бір үйден тасып ішеміз. Үй шаруа­сының өзіне су жоқ. Мұнда зейнет­керлер көп тұрады. Суды дүкеннен тасып ішеді. Шығын. Бірақ­ тартып, қазып алған кісілер бар. Дегенмен денінде су жоқ. Енді, бағдарламамен су тартамыз дегенде шаруаларын шашып кетті. Арықтың беті жабылған жоқ, не белгі қойған жоқ. Және он жыл бойғы қордаланған қоқысты шығарта алмай келеміз. Үйіліп қалды. Балаларға обал. Ауа лас­танады. Қоқысты шығарып беріңіздер деп шулап бақтық. Ешкім құлақ аспады, – дейді тұрғын Күлшаш Сағынбай.

 – Менің осы жерде тұрғаныма он жылдан асты. Үй шаруасына деп үш метрлік құдық қазып алдық. Ауыз суды тасып ішеміз. Осында жер қазып жүрген жігіттер су тартамыз дегенде қатты қуанған едік. Бірақ үлгере алмай қалды ма, әйтеуір, түк бітпеді. Бітіргендері жерді қазды да оны қоршамай кетті. Қалай тастады, солай кетті. Оның өзін ретімен қазбай, секіріп-секіріп өтеді. Әкімдік тексеріс жүргізіп, қарау керек қой. Ертең, бетін аулақ қылсын, біреудің баласы арыққа түсіп кетсе, кім жауап береді? Арыққа су толып қалған. Дәл Қарағандының іргесінде осындай мәселенің бары қынжылтады бізді, – дейді Лермонтов көшесінің тұрғыны Әбілқайыр Төлепберген.

Лермонтов көшесіндегі жұрттың шағымы – осы. Тек, бұл екі тұрғын ғана емес, бірнеше кісі мұңын шақты. Алаңдайтындары – ауыз су мәселесі. Ашынатын­дары – ашық қалған арықтар. Шыр-пыр болатындары – балаларының қауіпсіздігі. Ал бұған бас ауырып, балтыры сыздаған құзыр­лы органды байқамадым. Неге десеңіз, осы салаға жауапты Әлихан Бөкейхан ауданы әкімі­нің орынбасары Сәтбек Әбді­халықовқа телефон шалып, мән-жайды жеткіздім де, жауап беруін сұрадым. Бірден келіс­кенімен жауапты созып жүрді. Есінен шығып кеткен болар деп кешкілік Whatsapp желісі арқылы қайыра есіне салдым. Маған сілтеме жіберді. Онда есеп үшін салынған фото мен ақпарат қана тұр. Тағы да сұра­дым: «Ауыз су мәселесі қашан то­лық шешімін табады?», «Не­ге қор­шалмаған? Қауіпсіздік қамта­масыз ету шаралары қайда?» және «Он жыл бойғы қоқысты қа­шан шығарасыздар?» деп сауал­ды нықтап, қайыра жолдадым. Алайда әкім орынбасары сұрақ­тан жалтарды ма, кім білсін, тағы да сұрағыма толыққанды жауап ала алмадым. Жекеме төмен­дегідей жауаптарды жолдапты. Қаз-қалпында берейік. Себебін төменде түсіндіре кетемін…

«2021 жылы мердігер ұйым («Дәнекер» ЖШС) Лермонтов көшесі, Новая, Рабочая және Урановый тұйық көшелері бо­йынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтады, шамамен 8,9 км желі өткізілді. Су құбыры желілерінің құрылысы 2022 жылы жалғастырылады.

Су құбыры құрылысы бағдар­ла­масының әкімшісі «Қараған­ды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ болып табылады».

«Биыл аудан бо­йынша рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою бо­йын­ша 009 «Елді мекендердің сани­тариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша бюджеттік қаражаттар бөлінді. Бүгін­гі күні элект­ронды мемле­кеттік сатып алулардың конкурс­тық рәсім­дері жүргізілуде, қоры­тынды­лар шығарылып, қыз­меттерді жеткізушімен шарт жа­сал­ғаннан кейін Қарағанды қа­ла­сының Әлихан Бөкейхан ауданы бойынша оның ішінде жос­пар­да көзделген рұқсат етіл­ме­ген қалдықтарды орналас­тыру орын­дарын уақтылы жою жос­пары­мен космомониторинг нәтиже­сінде анықталған қоқыс­тарды жою бойынша тиісті шаралар қа­был­данатын болады. Рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою мәселесі аудан әкімі аппаратының тұрақты бақылауында».

Сіз мұндай жауапқа қанағат етер ме едіңіз? «Мен не деймін, домбырам не дейді?». Түсінікті тілмен 2-3 мәрте жолдаған едім сауалымды. Ол кісінің жауабы – осы болды. Әкім орынбасарына бір қызметкері жолдаған болуы керек. Ол соны маған жібере салып, оңай құтылған сыңайлы. Whatsapp арқылы келген хабар­дың төбесінде «пересланное сооб­щение» деген жазу тұр. Сон­дық­тан осы мәселеге тікелей жауап­ты басшы тілшінің сауалына, тұрғындарды толғандырған мәсе­леге жүрдім-бардым қараса, бізде шынымен қадір қалмаған екен…

Ал ашық қалған жыра мен тау-тау болған қоқыстан жер­гілікті тұрғындар зардап шегіп отыр. Күні кеше ғана осы Сұрыптау кентінде тоғыз жасар баланың арыққа құлап, көз жұмғаны естеріңізде болар. Дәл сол қайғылы оқиға қай­таланбасына кім кепіл?!

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

журналист

 

Қарағанды