Балалар құқығы – қоғам назар аударатын мәселе. Әсіресе ерекше қамқорлыққа мұқтаж балаларға білім беру, денсаулығын жақсарту, қоғамнан қағажу көрмей өсуіне толық жағдай жасауға кешенді қадамдар қажет. Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» мәселесі педагогтардың республикалық тамыз конференциясының пленарлық секциялық отырысында талқыланды.
Орталық директоры Әйгерім Күдеринова жаңа оқу жылы қарсаңында ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беруге қатысты нормативтік құжаттардағы өзгерістер, әлеуметтік ұйымдар алдында тұрған келелі міндеттер туралы айтып өтті. Осы орайда арнайы және инклюзивті білім беру, тәжірибе алмасу, педагог кадрларды даярлау, білім беру қызметтерінің сапасына жете көңіл бөлуге байланысты туындайтын мәселелерді шешу уақыт күттірмейді.
«Мемлекет тарапынан баланың дамуындағы кедергілерді ерте анықтау және түзету үшін қосымша жағдайлар жасалуда. Осы бағытта психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары санының артуына байланысты балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту жағы 40 пайыздан асты. Оңалту мен логопедиялық орталықтар желісін кеңейтудің ықпалы зор. Өткен жылы осы орталықтар тарапынан 30 мың балаға қызмет көрсетілсе, биыл бұл көрсеткіш 50 мыңнан асып отыр», деді Ә.Күдеринова.
Оның айтуынша, елімізде 457 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша арнайы мектепке дейінгі ұйымдар саны – 45, ал арнайы мектеп ұйымдары – 99, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің саны 213 болса, 87 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен 13 оңалту орталығы бар. Бұған дейін осы мекемелер медициналық модельмен жұмыс істеп келсе, ендігі кезекте педагогикалық модельге көшетін болады. Яғни баланың диагнозын емес, баланың оқу барысында қандай ерекшелігі бар, соны анықтай отырып, білім беру ұйымына нақты ұсыныс берілетін әдіс кеңінен қолданылады. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда, жалпы білім беретін ұйымдар жанындағы арнайы топтар мен сыныптарда да жүзеге асып келеді.
Бүгінде елімізде арнайы білім беруді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалардың саны – 175 082. Балалардың жас ерекшелігіне қарай бөліп қарастырсақ, 3 жасқа дейін – 7 864, мектеп жасына дейін 3-6 жаста – 54 944, мектеп жасындағылар, яғни 6-16 жастағылар – 97 284, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер саны – 14 990. Республика көлемінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 2020 жылмен салыстырғанда 13 256 балаға немесе 8,2 пайызға көбейген.
Аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы бар балалар жас ерекшелігіне қарай: 18 жасқа дейінгі балалар саны 8 796-ны құрайды, бұл көрсеткіш ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жалпы санының 5 пайызына тең (6 771 – 2020 ж.). Олардың қатарында 3 жасқа дейінгілер – 867, 3-6 жастағылар – 3 693, 7-10 жаста – 2 696, 11-15 жаста – 1 323, 217-сі – 16-18 жастағылар. Мектепке дейінгі балабақшалар мен орта білім беру ұйымдарында аутизм спектрінің бұзылуы диагнозымен арнайы сыныптарға (топтар) – 701, оңалту орталығына – 466, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне – 2 675, логопедтік пунктерге 258 бала қамтылған.
Елімізде инклюзивті білім беретін оқу орындарының (балабақша, жалпы білім беретін мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері) саны – 1 227. Осы орайда жалпы білім беру ұйымдарына түзету-педагогикалық қолдауымен біріктірілгендер – 2 042 болса, үйде оқытуға қамтылғандар – 1 058, кәсіптік мектептер, колледждерде – 9, ал 1 219-ы басқа да білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, әлеуметтік қорғау, оның ішінде жеке және қоғамдық негізде болса, әртүрлі себептер бойынша тәрбиемен және оқытумен уақытша қамтылмаған балалардың саны – 519.
Республикада арнайы білім беру ұйымдарының қызметін жүйелеп, білім алуда ерекше қажеттіліктері бар, мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдаумен айналысып отырған Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері Алмагүл Сейсенова орталық тарапынан арнайы мектептер мен балабақшаларға оқу-әдістемелік қолдау көрсетіліп, мамандарға қажетті құралдарды дер кезінде үлестіріп отырудың маңызды екенін атап өтті. Осы орайда САТР орталығымен бірлесіп, қажетті құралдар республика бойынша үлестіріліп келеді.
«Өкінішке қарай, елімізде ерекше қажеттілігі бар балалардың саны жыл сайын көбейіп келеді», деп қынжылысын білдірді А.Сейсенова. Маманның айтуынша, мұндай диагноздарды ерте кезеңде анықтау өте қиын. Ата-ана үшін баласының ерекше қажеттілікке мұқтаж болғандығы ауыр соққы, тіптен алғашында мойындамайтын жағдайлар да кездеседі. Ерекше қажеттілікке зәру балаларды тәрбиелеу, оқытудың машақаты өз алдына. Десек те бала бойындағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға, нақты диагноздың қойылуына мән беру басты мәселе. Ал ерте кезеңде анықтауға байланысты құрал-жабдықтар, әрі қарай емдеу, оңалту бағытындағы орталықтар жұмысы жолға қойылған. Диагноз ерекшеліктеріне қарай балабақшалар да жұмыс істеп келеді. Осы орайда инклюзивті қоғам құру аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру мекемелерінде оқытуға аса мән беріліп отыр. Сонымен қатар олардың әлеуметтенуінде кемсітушілікке жол бермеу бағытындағы ағарту, ақпараттандыру жұмыстары, білікті мамандар даярлау мәселесі жетілдірілуде.
Бүгінде Алматы қаласында ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған – 3, есту қабілеті нашар, мүлде естімейтін балаларға арналған – 2 және тірек-қимыл және көру қабілеті нашар балаларға арналған мектептер жұмыс істейді. Сонымен қатар әр ауданда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері бар. Ал мұндай орталықтардың нақты мекен-жайға жақын жерде орналасқаны маңызды.
Аталған жиын тақырыптық сессиялар бойынша жалғасын тауып, ел өңірлерінен жиналған мектептер, балабақшалар, психологиялық-медициналық кеңестер, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің мамандары ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау мәселесіне қатысты пікір алмасып, ұсыныстарымен бөлісті.
АЛМАТЫ