Былтыр Семейде Ядролық медицина және онкология орталығы ашылды. Бұл отандық денсаулық сақтау саласындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Оның артықшылығы – орталықтағы жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен мамандар түрлі ауыр дертті ерте анықтап, сапалы ем көрсетуге мүмкіндік алып отыр.
Тың технологияның мүмкіндіктері
Медициналық ұйымның іске қосылу процесі 3 кезеңнен тұрды. 1-кезеңінде «ОФЭКТ-КТ» (бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография) диагностикасының жұмысы жолға қойылды. Бұл тың технология арқылы адам ағзасының құрылымы мен анатомиясы зерттеледі. Анатомиялық өзгерістер болса, аталған аппарат бүйректің қалай жұмыс істейтінін анықтайды. Ядролық медицина және онкология орталығы директорының міндетін атқарушы Татьяна Белихинаның айтуынша, бұл – өте сапалы диагностикалық әдіс. Қазір осы әдіс көптеген елде кең тараған үрдіске айналыпты.
Таяу перспективада орталықтың тек құрсақ қуысын, бауырды және бүйректі зерттеумен ғана шектеліп қалатын ойы жоқ. Қазір осы аппараттардың көмегімен қалқанша без бен сүйектің қызметін және әлемдік медицинадағы трендтердің біріне немесе «алтын» стандартқа айналған миокард перфузиясын бағалау, яғни жүректің жұмысын зерттеу қолға алынды.
Радионуклидті терапияның артықшылығы
«Орталық қызметін жолға қоюдың келесі кезеңі радионуклидті терапияның ашылуымен байланысты. Бұл еліміз үшін көптен күткен оқиға болары даусыз. Өйткені емдеудің мұндай тәсілі Қазақстанның өзге өңірлерінде жүргізілмейді. Осы арқылы қалқанша безінің қатерлі ісігін радиоактивті йодпен емдеу көзделген. Папиллярлы қатерлі ісік ауруының 85%-ын алып қарасақ, оның барлығы бірдей емделе бермейді. Ал біз науқастың толығымен айығуын айтып отырмыз. Сонымен қатар аталған емдеу әдісінің баламасы жоқ. Осы арқылы науқас күнделікті дәрі-дәрмектерді қабылдаудан құтылады. Тиреотоксикоз ауруын емдеу де әзірге стационарлы режімде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ таяу болашақта бұл дертті де амбулаторлық негізде емдеу көзделіп отыр. Яғни пациенттер емдеу орталықтарына йодты қабылдау үшін ғана келіп, үйлеріне оралады. Алайда әзірге біздің радиациялық қауіпсіздік нормаларымыз бұл емді жүргізуге мүмкіндік бермей тұр», деді Т.Белихина.
Ядролық орталық жұмысының тағы бір кезеңі Позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) диагностикасына қатысты. Оның қатерлі ісік ауруын ерте анықтауда пайдасы зор. Дәрігерлер бұл диагностикалық әдісті қолданудан көп үміт күтеді. Неге десеңіз, қатерлі ісіктің 80%-ға жуығы – онкологиялық ауру. Мамандар осы әдістің ісіктің дамуын бағалауға мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар ПЭТ диагностикасы неврологиялық бағытта және басқа да ауруларды зерттеп, ем-дом шараларын тағайындауда септігі мол.
«Қазір мұнда онкологиялық ауруларға басымдық беріліп келеді. Себебі Ядролық орталық Семейдегі онкологиялық орталықтың базасында жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде. Таяуда осындағы дәрігерлер натрий фторидін де қолдануды тәжірибеге енгізбек ниетте. Өйткені оның көмегімен иммундық ауруларды метастазалық ісіктен ажыратуға болады. Бұл науқастар үшін өте маңызды», дейді ядролық медицина мамандары.
Келесі кезеңі – тұтастай ядролық медицинаға тән тераностика. Ол метастазаның дамуын бәсеңдету үшін қатерлі ісік жасушаларын бір уақытта диагностикалауға және оларға әсер етуге мүмкіндік беретін агенттерді құруды қамтиды.
«Шартты түрде қалқанша безін емдеуге бізге науқас келді делік. Алдын ала оған диагностикалық сцинтиграфияны жүргізіп, йодқа тарап жатқан жасушаларды байқаймыз. Осы сәтте біз йодтың емдік дозасын береміз. Содан кейін үшінші күні сцинтиграфиядан ісіктің қалай жиналғанын, емдеудің әсері бар-жоғын қараймыз. Міне, тераностика дегеніміз – осы. Демек, нені көреміз соны емдейміз. Ядролық медицинаны дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде жаңа радиофарм дәрі-дәрмектердің өндірісін жолға қойып, арнайы жол картасын дайындау жоспарланып отыр. Өкінішке қарай, қазақстандық нарық шағын және шектеулі. Әйтсе де елімізде Ядролық физика институты жұмыс істейтіні қуантады. Неге десеңіз, әр елдің өз арсеналында ғылыми редакторы мен Ядролық физика институты бола бермейді», деді медициналық орталықтың басшысы.
Кемінде 3 технология дайындалады
Т.Белихина сүйек метастазасын емдеу орталық үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты. Себебі бұл – бірінші кезекте науқас адамды жаппай ауырсыну азабынан құтқару әрі өмір сүру сапасын жақсарту. Сондықтан самарий терапиясы науқастың жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, остеобластикалық метастазадан құтқаруға септеседі. Сүйектердегі метастаза – науқас адам үшін бітпейтін ауырсыну мен азапқа толы уақыт. Сол себепті Ядролық медицина орталығы елордадағы медициналық орталық пен Ядролық физика институты, сондай-ақ Семейдегі медицина университетімен бірлесіп, арнайы ғылыми жобаның аясында 2025 жылға дейін ядролық медицинаға арналған кем дегенде 3 технологияны дайындап шығуды межелеп отыр.
«Жыл сайын осындағы радионуклидті терапия бөлімінде Қазақстанның әр түкпірінен 500-ден артық адам емделіп шығады. Ядролық орталықтың қажетті мамандармен қамтылуы – 100% деңгейде. Өйткені медициналық ұйым ашылмай тұрып, 10 жыл көлемінде тиісті мамандарды дайындау жұмыстары жүргізіліпті. Бұған қоса олардың көбі әлемнің үздік медициналық орталықтарында біліктілігін арттырған және кәсіби білімді шыңдауға орталық тарапынан ұдайы көңіл бөлініп келеді», деді Ядролық медицина және онкология орталығы директорының міндетін атқарушы.
Орталық тұтастай алғандай 600 мыңнан аса адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Кейінгі жылдары 80 қызметкер әлемнің 20 елінде (Аустралия, Польша, Италия, Корея, Швейцария, Эстония, Хорватия, Португалия, Дания, Жапония, Ресей және т.б.), оның ішінде МАГАТЭ жобалары шеңберінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алыпты.
Ядролық медицина және онкология орталығында тәулік бойы стационарлық емге шақталған 155 орын, оның ішінде: 86 онкологиялық, 9 хирургиялық, 53 радиологиялық бейіндегі орын (оның ішінде:15 РНТ), 7 паллиативтік көмек және 40 күндізгі стационар орны қарастырылған.
Абай облысы