Инвестиция – қызығы мен тәуекелі қатар жүретін ерекше әлем. Мұнда кездейсоқ кіріс әркез салтанат құрмайды. Ұзақ уақыт жинақталған білім мен тәжірибе акциялар бағасын тез аңғарып, тап басуда үлкен рөл ойнайды. Әдетте ең құнды акцияларды «көгілдір фишка» деп атайды. Көгілдір фишкалар деген не және ісін жаңадан бастаған инвесторға қаржысын қайда салуға болады деген сауалға азды-кем жауап іздеп көрейік.
Әдетте, казинодағы көгілдір түсті фишка ең қымбат жетон саналады. Ең құнды акцияларды да ерекше бағалап, оларға «көгілдір фишка» деген атау берілген. Бұл термин биржа айналымына 1920 жылдардан бастап кірген көрінеді. Fingramota-ның жазуынша, blue chips, яғни көгілдір фишкалар – елдің, өңірдің немесе бүкіл әлемнің ірі, тұрақты, сондай-ақ сенімді компанияларының әдеттегі акциялары. Оған мынадай компаниялар жатады:
Нарықта бұрыннан келе жатқан және беделі жоғары; Капиталы көп, кірісі тұрақты; Өз саласында әркез алдыңғы қатарда болатын; Акцияларының өтімділігі жоғары және бағасы қатты өзгермейді, яғни құбылмалылық деңгейі төмен.«Өтімділік инвестордың осы компанияның бағалы қағазын сатып алу бағасы мен сату бағасының арасындағы болмашы айырмашылықпен тез сату мүмкіндігін білдіреді. Әдетте, көгілдір фишкаларға сұраныс жоғары болады, демек олардың бағасы жоғары болғандықтан тез сатуға болады. Көгілдір фишкалармен инвесторлар әдетте көп мәміле жасасады. Капиталдану деген компанияның барлық акциясының құны екенін айтып өтелік. Алайда бағалы қағаздар құнының жоғары болуы компанияның сенімділігінің көрсеткіші емес, себебі акцияның бағасы болашақтағы табысты ескеріп өсуі мүмкін. «Көгілдір фишкалардың» жоғары капиталдануы бұл компаниялардың кірісінің айтарлықтай жоғары екендігін білдіреді, ол миллиардтаған доллармен есептеліп, оларда меншікті үлкен активтері болады. Осының барлығы инвесторларға бұл компаниялардың акциялары құнсызданбайды және олардың баға белгілеулері күрт құлдырамайды деген нық сенім береді», дейді қаржы сарапшылары.
Бір жағынан көгілдір фишкалар – қор нарығының индикаторы, олар бүкіл нарыққа әсер ете алады. Дәстүр бойынша, ұлттық және әлемдік биржалар көбіне өздерінің арнайы индекстеріне көгілдір фишкаларды қосады, оған тек инвесторлардың жоғары сеніміне ие таңдаулы компаниялар кіреді. Танымал индекстердің ішінде, мысалы, Доу Джонстың өнеркәсіптік индексін атауға болады. Бүгінде оған АҚШ-тың ең көп капиталы бар 30-ға жуық компаниясы, оның ішінде Coca-Cola, Apple, Boeing, Microsoft, Nike, Visa, Walt Disney және басқалары кіреді.
Еуропадағы ең танымал индекс – EURO STOXX 50 компаниясы. Оған еуроаймақтан 50 компания жиналған. Арасында әлемге әйгілі Total, Volkswagen, Telefonica, Siemens компаниялары бар. Жапонияда инвесторлар Honda, Sony, Panasonic, Toyota, Nissan және басқалары сияқты компаниялардың бағалы қағаздарынан тұратын Nikkei 225 индексіне сенім білдіреді. Қазақстандағы ең өтімді акциялардың көшін «Банк ЦентрКредит», «Халық Банк», KCell, KEGOC, Kaspi.kz, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, «Қазақтелеком», «ҚазТрансОйл» компаниялары бастап тұр.
Ал инвестиция әлеміне енді араласқан жас инвестор ә дегенде көгілдір фишкаларға қол жеткізе ала ма? Алдымен қандай қадамдарды аттағаны жөн? Кәсіби сарапшылардың айтуынша, міндетті түрде басып өтуге тиіс үш белес бар. Оның біріншісі – өз портфеліңізді әртараптандыру, яғни ақшаңызды әртүрлі активтерге салу. Егер бұл бағалы қағаздар болатын болса, онда экономиканың түрлі секторындағы компанияларды таңдаған дұрыс және тек акциялармен ғана шектеліп қалмай, сондай-ақ мысалы облигациялар сатып алу керек. Және, әрине, шаралар қолданып, өз инвестицияларыңызды қорғау үшін елдегі және әлемдегі жағдайды үнемі қадағалап отыру қажет. Дұрыс әрекет жасайтын болсаңыз, көгілдір фишкаларды қоса алғанда, бағалы қағаздардан тұратын жақсы портфель жинап алуға болады дейді олар. Екінші міндет – сіздің инвестициялық портфеліңіздің 60 пайызы акциялардан және 40 пайызы облигациялардан тұруға тиіс. Дәстүр бойынша қаражат салудың сенімді әрі барынша тұрақты құралы – мемлекеттік облигациялар. Нарықта бір-бірінен купон бойынша, сондай-ақ айналым мерзімі бойынша ерекшеленетін түрлі облигациялармен танысуға болады.
Инвестордың үшінші алтын қағидасы – өзіңіз білетін құралға ғана ақша салу.
«Белгілі бір инвестициялық құралдың мәнінің неде екенін түсінбесеңіз, ақшаны босқа жұмсаудың қажеті жоқ. Өзіңіздің соңғы қаражатыңызды, сондай-ақ қарызға алған ақшаңызды инвестиция ретінде салмаңыз – қаржы нарығы сіздің мұндай қатеңізді кешірмейді. Сіз пайда таппағаныңыздан бөлек, бар ақшаңыздан айырылып қалуыңыз әбден мүмкін», дейді білікті мамандар.