• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Тамыз, 2022

Қымбат билеттен әуе хабына дейін: Азаматтық авиация проблемалары қалай шешіледі?

194 рет
көрсетілді

Елімізде 1941 жылдан бері 89 әуе апаты болыпты. Әрине, тым көп. Әріге бармай-ақ, берідегі – 2019 жылы Алматы маңындағы Bek Air, 2013 жылы Алматы облысының Қызыл Ту ауылы тұсындағы Scat ұшақтарының апатқа ұшырағанын ел ұмыта қойған жоқ. Оның арасында демі көк жүзінде таусылған әскери, санавиация ұшақтары қаншама. Әрбір апат болған са­йын елдегі азаматтық авиацияға жүйелі өзгеріс қажет екені айтылады. Соның ішінде ұшақ паркін жаңарту, сапа мәселесін қолға алу өте маңызды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазір Қазақстанда ұшақпен ұшатын жолаушы саны артып келеді. Бұл өз кезегінде ұшақ жетіспеушілігі, рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр. Министр сөзін ресми деректер де растайды. 2022 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында әуе транспорты 5,8 млн адамды тасымалдаған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғары. Тек шілде айының өзінде 1,2 млн адам әуе компанияларының қызметін тұтынған. Өңірлік бөліністе жолаушылар ағынының көп бөлігі Алматыға тиесілі – 4 млн адам, тиісінше 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға көп.

«Қызметіме алғаш кіріскен күннен бастап мәселені зерделеп, оны шешу мақсатында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырған болатынмын. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, SCAT авиа­компаниясы – 9, Fly Arystan – 3, Air Аstаnа 2 ұшақпен толықтырылады», деді министр.

SCAT әуекомпаниясы өз паркіне 174 орындық Boing-737 МАХ 8 заманауи ұшағын қосып үлгерді. Онда бизнес-кластағы орындар да қарастырылған. Қыркүйек айының ортасына дейін компания тағы 4 Boeing әуе кемесін сатып алмақ. Атал­ған әуе компаниясының флоты 27 ұшаққа дейін көбейеді деген жоспар бар. Жалпы, әуе тасы­малына қатысты сұраныс жыл­дан жылға артып келе жат­қандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны мәлім болды.

Жақында министр еліміздегі ең ірі әуе тасымалдаушысы – Air Аstаnа президенті Питер Фостермен кездес­кен еді. Сол кезде ведомство басшысы әуе рейстерінің кеші­гуі мен ауысты­рылуы, соны­мен бірге билеттердің тапшылы­ғына байланысты алаңдау­шылық білдірген. Министрдің айтуынша, компания басшысы міндеттемелерді орындау үшін тиісті барлық шара қабыл­данатынын айтып сендірген.

Сонымен бірге, әуежай мәселесі де – басты назарда. Азаматтық авиация ко­ми­теті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында аймақтық әуежайларды субсидия­лау мәселесіне арналған жиын өткізген еді. Жиын барысында министрлік бас­тамасымен аймақтық әуежайларды қаржылай қолдау бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жан-жақ­ты екшеліп, осы тараптағы ұсы­ныстар ортаға салынды. А.Өтеповтің айтуынша, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына өзгерістер Үкіметте мақұл­данып, Парламент Мәжілісінің қарауына жолданды. Аталған өзгерістер операциялық шы­ғындарды жабуға кіріс дең­гейі жетпейтін жергілікті әуе­жайларды субсидиялау меха­низмін қарастырады. Бұл өз­герістер енгізілгеннен ке­йін жылдық жолаушылар ағы­ны 200 мыңнан төмен ком­му­налдық меншіктегі әуежайлар субсидияланбақ.

«Бүгінгі таңда еліміздегі көптеген жергілікті әуежайлар қар­жылық қиындықтарға тап болып жатыр. Бұл өз кезе­гінде ұшу қауіпсіздігіне әсер ететіні белгілі. Себебі қар­жының жеткілік­сіздігі тиіс­ті техникалық жаңалау жұмыс­­тарын жүргізуге кедергі кел­тіреді. Олқылықтың орнын тол­тыру мақса­тында осы тарап­тағы заңға өзгеріс­тер енгізу қажеттілігі туындады. Жуық арада аталған өзгерістер заңға енгізі­леді деп күтілуде. Осы­ған орай әуежай­ларды субси­диялаудың жаңа ережесі бекі­тілмек. Бұл орайда, әуежай, Азаматтық авиация қауым­дастығы мен «Атамекен» ҰКП өкілдерімен талқылаулар өткізу үлкен маңызға ие», деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ ол әуежайларды субсидиялау шарасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­вері» Ұлттық жобасында да қарас­тырылғанын айтты. «Ел аймақ­тарын экономикалық және әлеуметтік дамыту бағдар­ламаларын кешенді қолдау арқылы ондағы әуежайлардың инфрақұрылымы мен адами ресурстарын жаңғыртуға да мүмкіндік тумақ. Бұл – жолаушылар мен жүк тасымалына оң әсер етіп, тың серпін бермек», деді А.Өтепов.

Қазір Қазақстанда 25 әуежай бар, оның 18-і – халықаралық рейстерге де қызмет көрсетеді. Кейбірін жеке инвес­торлар басқарады, көбі негізінен жер­гілікті биліктің немесе квази­мемлекеттік компанияның қарамағында.

Азаматтардың көңілінен шыға алмай отырғанына қара­мастан азаматтық авиацияның қызмет құны шарықтап шыға келген. Соңғы бір жылда әуе компанияларының қызмет құны 27 пайызға қымбаттап, 277 млрд теңгеге жеткен. Былтыр қаңтар-шілдеде тасымалдаудан компаниялар 189,2 млрд теңге табыс тапса, биыл табыс көлемі 276,8 млрд теңгеге жеткен. Табыстың басым бөлігі, 270,6 млрд теңге – жолаушылар тасымалынан, 6,2 млрд теңге – жүк пен багаж тасымалынан, 3 млрд теңге транспорттық құралды экипажбен бірге жалға беруден түскен. Қызмет құны дегеннен шығады, әуе билеттерінің бағасы да оңып тұрған жоқ. Тап қазір кез келген қалаға билет іздер болсаңыз, баға бір бағыттың өзіне 30-40 мың теңгеден кем соқпайды. «ВВП Казахстана» телеграм-каналы «Егер дәл ертең елордаға ұшу қажет болса, бір бағытқа билет бағасы қанша шығады?» деген сұрақпен зерттеу жүргізіп көрген.

«Ертең елордаға ең арзан билет Петропавлдан табылды – 12 мың теңге. Ал ең қымбат билет – географиялық тұрғыдан жақын орналасқанына қарамастан Павлодардан шықты – 104 мың теңге. Қостанайлықтар – 24,8 мың, алматылықтар – 37 мың теңгеге алады. Өзге өңір тұрғындарының елордаға әуе жолымен сапар шегуі 40 мыңнан арзанға түспейді», делінген канал хабарламасында. Жалпы, 2021 жылдың қазан айынан бері билет құны 4 есе қымбаттапты. 

Азаматтық авиация саласында тізбектей берсек, проблема көп. Жыл басында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев соның біразын айтқан. Мәселен, отын. Мұнай өңдеу зауыттарының жиі жөн­деу жұмыстары үшін жабылып қалуы нарықта үлкен тапшылық тудырады. Әуе компания­лары 2022 жылға 1 млн тонна әуе керо­синіне тапсырыс берген. Ал әуе керосинінің жылдық өндірісі 700 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, әуежай маңындағы аумақтарда тұрғызылған заңсыз нысандар түйткілі мен әуежайда санитарлық-қорғау аймағын құру да өзекті. Сонымен қатар елімізде бұл салада кадр тапшы. Азаматтық авиация коми­тетінің дерегінше, бізде 25 сертификатталған авиациялық оқу орталығы бар. Олар ұшу эки­паждарын, инженерлік-тех­ни­калық персоналды, диспет­черлерді, авиациялық станса операторларын даярлаумен, қайта даярлау­мен және кәсіби деңгейін қамтамасыз етумен айналысады.

«Қазір азаматтық авиацияда 20 мың адам жұмыс істей­ді. Оның 10 мыңға жуығы – әуе­жай жұмысшылары, 3 мыңға жуығы – ұшу құрамының қыз­меткерлері, 2 мыңға жуығы – инженерлік-техникалық құрам және басқа да қызметкерлер. Саланың дамуын ескере отырып, 2025 жылға дейін жыл сайынғы қажеттілік 500-600 адамды құрайды», делінеді комитет хабарламасында. Осы және өзге де мәселелердің жедел шешілуі маңызды. Өйткені әуе компаниясындағы, әуежайдағы ұсақ-түйек кемшілік үлкен қатерге соқтыруы ықтимал.

Қауіп пен қатерден алшақ, бірақ түпкі дамуымызға, эко­но­микамызға серпін берер тағы бір маңызды жайт бар. Бұл – азаматтық авиацияны ин­вестиция тарту, табыс табу­дың көзі ретінде қолдану. Зерт­теуші Қанат Махановтың айтуынша, әуе транспорты мен әуежайдың дамуы эконо­микалық өсіммен тікелей байланыс­ты. Жолаушылар ұшағының көбеюі қызметтер секторындағы еңбекпен қамту көрсеткішінің өсуіне алып келеді. Тағы бір ескерілуі керек фактор – Қазақ­станның географиялық орналасуын ұтымды пайдалану жайы.

«Қазақстанның әуе тасымалы сала­сын­дағы маңызды артықшылық­тары­ның бірі – оның Еуропа мен Қытай ара­сындағы маңызды буын қыз­ме­тін атқаруға мүмкіндік бере­тін геогра­фия­­лық жағдайы болып саналады. Бұл ретте Франкфурт, Амстердам, Синга­пур сияқ­ты әуе хабтарын табысты инвести­ция­лық саясаттың мысалы деп атар едік. Болжам бойынша, алдағы 20 жылда Қытай, АҚШ және Үндістан азаматтық авиация­сы жедел дамыған нарыққа айналады. Өңірлер арасынан Азия-Тынық мұхиты аймағы ерек­ше рөлге ие болады. Осы­ған байланысты Қытайда және басқа да Азияның ірі авиа­ция­лық нарықтарында әуе тасы­ма­лына қатысты өсіп келе жатқан сұраныс таяу бола­шақта Қазақстан авиациясын да­мытудың тіректерінің бірі­не ай­налуы мүмкін», дейді сарапшы.