• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Тамыз, 2022

Өзгерді заңың, ашиды жаның

1079 рет
көрсетілді

Оқу жылы басталмай жатып мұғалімдердің көңіл күйі бұзылды. Себебі дене шынықтыру және еңбек пәндеріне өзгерістер енгізілген. Тарқатып айтқанда, 2022-2023 оқу жылы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» №604 бұйрығының күші жойылуымен және Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» №348 бұйрығын қолданысқа енгізу бойынша жаңашылдығымен басталмақ.

Онда дене шынықтыру және технология пәндерін оқытуда сыныптардың топтарға бөлінбеуі туралы шешім қабылданған. Бұл жағдай педагогтер санының қысқаруына, көптеген мұғалімнің жұмыссыз қалуына әкеледі деген үрей бүгінде әлеуметтік желіде қызу талқылануда.

Бұл орайда оқушы саны аз шалғай жатқан ауылдардың да жағдайы мәз емес. Айталық, Жамбыл облысынан шалғай орналасқан мойынқұмдық мұғалімдер арасында да өте өзекті мәселеге айналып отыр. Аталған аудан орталығындағы Жамбыл мектеп-гимназиясында 27 жылдан бері дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келе жатқан Жарқын Әуесбекұлы заңдағы өзгеріс көп мұғалімге оңай тимегенін айтады. Ол өз сөзінде: «Мектебімізде 7 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар. Бәрінің сағаты қысқарды. Дене шынықтыру мен көркем еңбек пәні бұған дейін де ұл мен қыз болып бөлініп келген. Ауылдық жерлерде 20 оқушы болған кезде де екі топқа бөліне беретін. Ал қазір 24 оқушыға барлық сынып толмайды. Негізі мұғалімнің ставкасы 16 сағат болуы керек. Енді бәріне бөлгенде 0,5 ставка ғана болып, 16 сағатқа толмай, бар болғаны 9,6 сағат болып отыр. Бұл дегеніңіз, күнделікті көнкөріске жетпейді деген сөз. Мұғалімдердің жұмысқа деген құлшынысы болмай отыр. Қазіргі қымбатшылықта мұғалімдердің сағатын қысқартқаны көңілге сыймайды. Күнде бір өзгеріс, енді не болар екен деп алаңдап отырмыз» дейді.

Ал аталған мектептің 31 жыл еңбек өтілі бар, Сызу, бейнелеу өнері және еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Светлана Айкенова: «Қысқарту деген халықты аштыққа итеру деген сөз. Сол пәннің орнына жаңа пән енгізу керек еді. Оқушы санын 24-ке қалай жеткіземіз? Әр сыныпта 20-21 баладан отыр. Сағатымыз не болмақ? Мектебімізде 10-нан аса орыс тілі пәні мұғалімі бар. Жарты ставкамен жұмыс істейміз бе? Көркем еңбек пәні ұл-қыз болып бөлінбейтін болса, қандай бағдарламамен, қай кітаппен оқытамыз? Көркем еңбек пәнін ұл-қыз неге бірге оқуы керек? Қыз бала станок, балта, балғамен жұмыс істеуді ұлдармен бірге үйренгенде, іс тігіп, тоқыма тоқуды, қол өнерін, тамақ дайындауды қай кезде үйренеді? Ортақ білім беретін оқулық та шыққан жоқ», деген жан шырылын жеткізді.

Иә, расында бұл шешім мұға­лім­дер үшін мүлде күтпеген жағдай болды. Мамыр айында Оқу-ағарту министрлігінің жауапты қыз­меткерлері педагог қауымға жаңа оқу жылының басынан бастап елдегі мектептерде дене шынықтыру және технология пәндері ұл-қызға бөліп оқытылатынын мәлімдеген еді. Енді оқу жылының басталуына 10 күн қалғанда бұл жаңалық мұғалімдерге «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей әсер етіп отыр. Байқағанымыздай, әлеуметтік желідегі пікірлер де екі ұшты. Бұл шешімді бірі қолдаса, бірі тиімсіз деп санайды. Әсіресе ауылдық жердегі сынып оқушысын 24 балаға толтыру тіпті мүмкін емес.  

Ал Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп­одағының баспасөз қызметі кәсіподақ педагогтер мен олардың отбасы мү­шелерінің мәселелеріне бейжай қарай алмайтындықтарын, оқу-ағарту саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға туындаған шиеленісті қысқа мерзімде Әлеуметтік әріптестік та­раптарының келісімі аясында шешу туралы ұсыныс жолданғанын хабарлады.

 

Уәлихан ЖАЙЛАУ,

журналист

 

Жамбыл облысы