• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Қыркүйек, 2022

Ұлт руханиятының тұғыры

285 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, қайраткер, қысқасы, жалпақ қазақ бірауыз сөзбен ұлт ұстазы деп дәріптейтін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­­дығына орай «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт руханияты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынды белгілі сыншы, әдебиет­танушы Амангелді Кеңшілік жүргі­зіп отырды. Кіріспе сөз кезегі тиген Мажар­стан ғылым академиясының кор­­респондент-мүшесі, түркітанушы, этно­граф Давид Қара Ахмет Байтұр­сы­нұлының есімін алғаш ұстазы Қоңыр Мандокиден естігенін жеткізді.

«Содан соң Қытайдағы Шыңжаң айма­ғында тұратын қазақтармен танысып, ара­ласып, солардан қазақ тілін төте жазу арқылы үйрендім. Кейін Қоңыр аға осы төте жазуды ойлап шығарған Ахмет Байтұрсынұлы екенін айтты. Өзім әлі күнге дейін төте жазуды қолданамын. Ахмет Байтұрсынұлы – сегіз қырлы, бір сырлы адам. Оны ғалым ретінде ғана емес, қайраткер ретіндегі тұлғасы да биік. Алаш идеясын қолдап, қозғалысты құрушылардың бірі болды. Оның қазақ елінің мәдениеті мен руханиятына сіңір­ген еңбегі зор» деп жылы ілтипатын білдірсе, онлайн байланысқа шыққан Анкара университетінің профессоры Севиль Пириева да ұлт ұстазының еңбегі мен мұрасы туралы парасатты ой өрбітті.

Ал Халық­ара­лық Түркі академия­сының вице-пре­зи­денті Физули Мад­жидли Ахмет Байтұр­­сынұлының 100 жыл бұрынғы ортақ әліп­биі және бүгінгі түркі әлемі зиялыларының қатынасу мәселелері тақы­рыбында ой қозғап, өткен ғасырдың басындағы түркі зиялы­ларының болашақ туралы бір пікірде болғандығын айтты.

«Әсіресе алфавит мәселесінде XIX ғасыр­дың соңы мен XX ғасырдың басын­дағы түркі зиялылары пікірлерінің бір болуы – олардың арасындағы ортақ бір түсініктің қалыптасқандығын көрсетеді. XX ғасырда түркі әлемінде болған қай­ғылы оқиғаларға байланысты ол үдеріс тоқтап қалды. Бірақ кейін тәуелсіз түркі мемлекеттері пайда болғасын, түркі әле­мінде жаңа үміт оянды. Бүгінде Халық­аралық Түркі академиясы түркі әлемін­дегі өзекті мәселелерге назар аударып, солар­дың шешу үшін жаңаша жобаларды дамытты» дей келіп, осы бағытта түркі әлемі ғалымдарынан құралған тер­мино­логия комиссиясы жұмыс істеп жатқан­дығына маңыз берді.

Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры Жантас Жақыпов «Ахмет Байтұрсын­ұлы және қазақ тілінің мәселелері» атты баян­дамасында ұлт ұстазының араб ­жазуы негізінде қазақ жазуын шы­ғарудағы ерекшелігіне тоқталды.

«Қандай жазу болсын ол дінмен байланысты. Мәселен, латын жазуы католик, кирилл жазуы православ, араб жазуы ислам дінімен, Міне, осыны жақсы білген Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында араб жазуын таңдады. Жақында мен Санкт-Петербургтегі архивте болып келдім. Сонда Ахаңның өз қолымен орысша 4-5 бет жазылған жазуын көрдім. Сол жазудың әдемілігі мен сауаттылығы – сол мұрағатта сақталған басқа жазуларды шаң қаптырады. Және ол кісі орыс-қазақ училищесін бітірген. Сөйте тұра, араб жазуын таңдады. Неге десеңіз, алдымен ол ұлт мәселесін ойлады. Себебі сол ке­зеңде қазақ халқын жаппай шоқындыру басталған болатын. Сондықтан Ахаң араб жазуының негізі тұрғанда қазақтың ешқашан шоқынбайтынын білді. Сол үшін араб жазуын алды деп ойлаймын. Екіншіден, араб жазуы жазуға ыңғайлы. Сағат бойымен, жердің айналуымен бірге үйлеседі. Ал кирилл мен латын жазуы табиғаттың қозғалысына қарсы. Соны Ахмет Байтұрсынұлы білді» десе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры Рахым­жан Тұрысбек ұлы ғалымның артында қалған мол мұрасында қазақ руханиятына қатысты тұстар аса мол екендігін ­баяндады.

«Ахмет Байтұрсынұлының әсіресе ғылым, білім жүйесіндегі мұралары ерек­­ше назар аудартады. Одан кешегі мен бүгін­гінің арасындағы байланысты аңғара­мыз. Мысалы, Байтұрсынұлы­ның шығар­машылығынан менің бір байқағаным, қазақ филологиясына қатысты тұстары аса мол. Оны біз тіл бағы­тынан да, әдебиеттік жағынан да, фольклорлық қырынан да анық көре­міз. Ғалым орта мектеп жүйесіне қатыс­ты да бірқатар еңбек жазды. Олар­дың көсемсөздік сипаты болғанымен бү­гінгі күнмен үндесетін тұстары бар» деді.

Сондай-ақ конференция барысын­­­да Назарбаев университетінің профес­со­ры Юлай Шамилоғлы, Л.Гумилев атын­дағы Еура­зия ұлттық университеті­нің ­профессоры Мағрифа Қайранбай­қызы, Е.Бөке­тов атындағы Қарағанды мемлекет­тік университетінің профес­соры Жандос Смағұлұлы, Л.Гуми­лев атындағы Еура­зия ұлттық универ­си­тетінің про­фес­­соры Болат Қорғанбек және тағы да бас­қа ғалымдар өз баяндамаларында ұлт ұста­­зының сан қырлы бейнесі мен әдеби мұрасын жан-жақты сараптады.