Осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда 66,4 млн тонна тас көмір, қоңыр көмір және көмір концентраты өндірілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға артық, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған саладағы өндірістің 92,6 пайызы, яғни 61,5 миллион тонна тікелей тас көмір болып отыр. Оның ішінде жылу көмірін өндіру 9,3 млн тоннаны, кокстелген көмір 4,5 млн тоннаны құрады. Қоңыр көмір (лигнит) өндіру 2,6 млн тоннаны, көмір концентраты 2,3 млн тоннаны құрады.
Өңірлік тұрғыдан өндірістің ең үлкен көлемі – 39 млн тоннасы – дәстүрлі түрде Павлодар облысына тиесілі, жылына 5% артық өндірілген. Одан кейін, әлбетте, Қарағанды облысы тұр – 21,3 млн.
Жалпы, 2021 жылы еліміздің кәсіпорындары 116,2 миллион тонна көмір алды, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,5 пайызға артық.
2022 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Қазақстан көмірге деген сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) толық қанағаттандырды. Тас көмір ресурсының 30%-ға жуығы экспортқа шығарылды – 16,4 млн тонна көмір 457,4 млн АҚШ долларын құрады. Өсім физикалық мәнде 20,8%, ақшалай тұрғыдан 2,1 есе көп болды.
Қазақстан ТМД елдеріне тас көмірдің ең көп көлемін жеткізді – 156,2 млн долларға 10,9 млн тонна. Атап айтқанда, жалпы экспорт көлемінің 62,2%-ы Ресейге тиесілі. Үш негізгі импорттаушы қатарға Қырғызстан мен Өзбекстан да кірді.
ТМД-дан тыс елдерге Қазақстан 301,2 млн долларға 5,4 млн тонна көмір экспорттаса, мұнда Швейцария негізгі бағыт болып табылады – 3,7 млн тонна, плюс 73,1%.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар жағдайында 2022-2023 жылдарға арналған көмірге сұраныс жоспарын қалыптастырды. Бюджеттік ұйымдар мен тұрғындар үшін көмірді алдын ала дайындауды көздейтін жол картасы әзірленді. Жоспар бойынша тұтыну көлемі шамамен 9,6 миллион тоннаны құрайды, оның 2,6 миллион тоннасы бюджеттік секторға, 7 миллион тоннасы халыққа тиесілі. Ағымдағы жылдың жеті айында қазірдің өзінде халық пен бюджеттік ұйымдарға 4,5 миллион тонна жөнелтілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артық.
Сонымен қатар өткен жылғы халыққа арналған әлеуметтік көмірді арнайы тарифтер бойынша экспорттау фактілерін ескере отырып, көмірді автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу туралы бұйрық әзірленді. Теміржол көлігінде ешқандай шектеулер жоқ.