• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Қыркүйек, 2022

Транзиттік көліктер дизель отынын құйып әкетуде

386 рет
көрсетілді

Өңірдегі жанармай құю стансалары (ЖҚС) өкілдерінің айтуынша, бүгінде ішкі нарықта дизель отынына шамадан тыс жоғары сұра­ныс байқалады. Ресей, Өзбекстан және Қыр­ғызстанмен шекаралас аймақтарда трактор отынына сұраныс артып кеткен. Сұраныстың еселенуінен Қазақстанда жанар-жағармайды тұтыну көлемі өсуде. Бұл мәселе аталған мем­­ле­кеттерден транзитпен өтетін ауыр жүк көлік­терінің дизельді көп мөлшерде құйып әкетуі салдарынан туындап отыр. Контра­бан­далық жолмен шығару фактілері де аз емес.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайырденов мұнай өңдеу мен мұнай өнімдерін өндіру көлемі жыл сайын тұрақты өсіп келе жатқанын айтады. Үш ірі МӨЗ-дің 2022 жылға арналған мұнай өңдеу жоспары 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 1 млн тоннаға ұлғайды. Осылайша, биыл ҚМГ 17 млн тоннаға жуық мұнай өңдейді. Бұл ретте зауыттар ең жоғары қуатында жұмыс істеп тұр, соған орай жабдықтардың техникалық жағдайы тәулік бойы бақылау жүргізуді талап етеді.

ЖҚС өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бүгінде ішкі нарықта дизель отынына сұраныс шамадан тыс артып отыр. Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас өңірлерден тапсырыс көп түседі. Соған қарағанда транзиттік жүк көліктері трактор отынын молынан құйып әкетеді. Дизельді сыртқа шығару бойынша контрабандалық әрекеттер де байқалып қалып жүр. Мұның бәріне шекаралас елдердегі дизель отынының бағасы бізге қарағанда арзан болғаны әсер етеді. Қазақстанда дизель отынының бөлшек саудадағы құны Ресейге қарағанда 1,5 есе арзан. Тамыз айында көрші елдің жанармай құю стансаларында дизель бағасы литріне 429 теңге болса, Қазақстанда орташа алғанда 238 теңгеден сатылды. Нәтижесінде бағасы арзан қазақстандық отын шекара асып, көрші елдердің нарығы қарық болып отыр. Қазір Қазақстан мен Ресейге Орталық Азия елдерінен ауылшаруашылық тауарлары және жеміс-көкөніс өнімдерінің белсенді тасымалдануы да аталған өнімнің сыртқа бақылаусыз ағылуына жол ашып беруде.

Қазақстанда дизель отынын ағымдағы тұтыну көлемі 2020 жылмен салыстырғанда кемінде 800 мың тоннаға өседі деп болжанып отыр. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,7 млн тонна болса, 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша 5,5 млн тоннаға жетеді деп күтіледі.

Диқандар күзгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізуі үшін ЖҚС-тер ел нарығында дизель отынын тұрақты сатуды қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін компанияның мұнай өңдеу зауыттары жұмысын еш кідіріссіз жалғастырады. МӨЗ-дерден жанармайды үздіксіз жөнелту үшін вагондар мен локомотивтерді уақтылы беру бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен өзара іс-қимылды күшейту қажет. Бұған қоса ҚМГ мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында Шымкенттегі МӨЗ-дің жоспарлы жөндеу жұмыстарын биылдан келесі жылға шегермек.

 

Павлодар облысы