Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған кеш болып өтті. Оның жұмысына кітапхана қызметкерлерімен қатар облыстық Полиция департаменті кадр саясаты басқармасының басшысы, полковник Абылғазы Ғабдуллин бастаған жеке құрамның белсенділері, М.Қозыбаев атындағы университеттің оқытушылары мен студенттері, ардагерлер ұйымы, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, қызметі жөнінде көптеген мағлұмат пен дерек айтты. Сол деректердің ішінде С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов сынды тұлғалардың Ахаң туралы айтқан ой-пікірлеріне ерекше екпін берілді. А.Байтұрсынұлы жөнінде С.Сейфуллин: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы көптеген оқығаны уезд, губерния соттарына күш салып, тілмаш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. Халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті», деп жоғары баға берген екен. Ал Мұхтар Әуезов: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң әдебиетте салған елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты – біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер», деп көрегендікпен жазған. Сәбит Мұқанов Кеңес өкіметінің алдыңғы жылдарында Ахаң еңбегіне былай деп баға береді: «Ұлы ағартушы Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген – Ахмет Байтұрсынұлы». Жиында осындай дәйексөздер мен деректер тыңдармандарға барынша қызық және әсерлі болды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы Гүлфайруз Синбаеваның «Ахмет Байтұрсынұлының тағылымы» және осы университеттің доценті Сабина Ағыбаеваның «Творчество А.Байтурсынова в контексте эпохи и литературной традиции» деген ғылыми баяндамалары да қызығушылықпен қабылданды. Осы кеште Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері де оқылып, жас ақындар Диас Аяған, Самрат Құскенов және т.б. қайраткерге арнаған жырларын оқыды. Халық арасында А.Байтұрсынұлының термесі деп жүрген «Еліме» атты терме де тыңдалды. Сонымен бірге жиналғандар бір қызғылықты жайттың куәсі болды. Осы кеште Ахаңның 1895 жылы «Тургайская газета» деген басылымда жарияланғаны белгілі болғанымен толық нұсқасы табылмаған «Киргизские приметы и пословицы» деген еңбегінің Мәскеудің «Российская национальная библиотекадан» табылғаны айтылды.
Осыдан біраз бұрын Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәліковаға Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бір қызметкерінен Ахаңның алғашқы мақалаларының бірі 1895 жылы «Тургайская газетаға» жарияланғанын, бірақ соның түпнұсқасы табылмағанын айта келіп, соны Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатынан қарап көруді өтінеді. С.Мәлікова оны өзінің архивінен таба алмағанымен ұлттық кітапханасында барлық басылым сақталатынын білген соң Мәскеуге сұрау салады. Ондағы қызметкерлер бұл сұранысқа жауапкершілікпен қарап, Ахаңның «Тургайская газетаның» 1895 жылғы 24 қыркүйегіндегі №39 санында шыққан материалын салып жібереді.
Ахаңның бұл еңбегі күні бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Онда қазақ шаруасының табиғаттың өзгеруіне байланысты күн райының қалай болатынын болжау әдістері, қазақ шаруасының күн райына байланысты айтқан мақал-мәтелдері бар. Бұл – Ахаңның өзге қызметтерімен қатар өз халқының табиғат құбылыстарына қатысты болжамдары мен таным-түсінігін де зерттеп, біле жүргенінің бір көрінісі.
ПЕТРОПАВЛ