Біздің заманымыздың идеал адамы деп өз ісінің хас шеберін, елдік істерге қолынан келгенше белсенді түрде араласа білген және адамгершіліктің ақ туын ешқашан жықпаған зипа мінезді, мәдениетті, интеллектуал адамды айтар едік. Замандастар арасында ондай адамдар қазір өте сирек кездеседі. Өзіміз көрген сондай адам, марқұм Қайролла Мұқанов ағамыз еді.
Қайролла Мұқановтың тыным таппайтын еңбекқорлығын, қолға алған ісін жоғары деңгейдегі сапаға жеткізбей тастамайтын табанды адам екенін, оны білетін замандастары қазір де ауыздарынан тастамай еске алады. Ол барынша қарапайым, көзге түсуді қаперіне де ілмейтін, өз ісіне қатысты дүниені ғана текшейтін мұқият жан еді.
Оның әкесі кезінде аудан бойынша артта қалған бірнеше шаруашылықты дөңгелентіп, алға бастырған шебер ұйымдастырушы, талмайтын шаруақор жан болыпты. Екі баласы шетінеп, үшінші ұлы – 1932 жылы дүние есігін ашқанда әкесі оның кіндігін балтамен кескізген екен...
Қазақтың көптеген ырым-жырымының өз негізі бар. Жапон, корей, қытай сияқты халықтар ырымдардың философиялық астары, оларда өмірлік қуаттың бастауы бар екенін әлдеқашан дәлелдеген. Ал біз олардан ат-тонымызды ала қашамыз немесе қайдағы бір дөрекі түрлерін ойлап табудамыз. Кіндікті балтамен кескізгеннің де өзіндік философиясы барын, бұл бойдағы энергетиканың бір арнаға тоғысуын және ол сыртқы күштің әсерімен байланатынын тумысынан даналыққа құштар қазақтар сезген. Сондықтан да кіндігі балтамен кесілген кісінің осалы болмайды.
Мүмкін осы ырымның тылсым күші шығар, бәлкім кездейсоқтық болар, әйтеуір Қайролла ағамыз өзінің өмірінде қайраты мен қажыры бойына сыймаған, бірақ соны сыртқа сездірмей, кемерінен асып, тасымай өткен ерекше жан болды. Осы арада сәл шегініс жасап, өз көзімізбен көрген бір мысалды айта кетелік.
Бұл оқиға 2002 жылы болған еді. «Егемен Қазақстан» газеті байырғы журналист ағамыз, отаншыл тұлға Мамадияр Жақыптың бастамасымен «Ұлылыққа тағзым» атты акция ұйымдастырды. Оның мақсаты дүниежүзі және республика көлемі бойынша аталып өткелі жатқан айтулы шараларға халықтың назарын аудара түсу және халық құрметінің ерекшелігін білдіру болатын, сол үшін Абай мен Жамбылдың 150 жылдық, Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық және т.б. сияқты мерейтойлардың қарсаңында облыс орталықтарынан бастап сол ерлердің кіндік қаны тамған мекендерге жаяу барып, иіліп тағзым жасау еді. 2002 жылы 100 жылдық мерейтойына орай сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің туған жеріне де сондай құрмет жасалды. Оған Алматыдан Мамадияр Жақып, әдебиетші ғалым Зейнолла Серікқалиев, Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімұлы, «Егеменнің» ардагер журналистерінің бірі Дәулет Сейсенұлы қатысты. Ал жергілікті жерден топ құрамына Қайролла Мұқанов, Сағындық Салмұрзин және осы жолдардың авторы енді. Сол кезде Қайролла ағамыздың жасы 70-те, топтың ең үлкені. Сапар жеңіл болды деп айта алмаймын, Қызылжардан бастап жазушының туған ауылы Жаңажолға дейін 240 шақырым жолды араға бес күн қонып жаяу жүріп өттік. Қонған жерімізден таңғы сағат жетіден аттанып, күні бойы 11-12 сағат жүріп, кешкі 7-8-дерде ғана қоналқаға тоқтап отырдық. Сонда ішіміздегі ең үлкеніміз Қайролла ақсақал еш қиналмай, бәрімізден оқ бойы озық жүріп отырған еді.
Жол қиындығы өтіп кеткен өз басымыз үйге келген соң бірнеше күн дем алып, бойымызды зорға жаздық. Ал Қайролла ағамызбен келген күннің ертесіне хабарлассам... үйінде жоқ, өзі кешке хабарласып, саяжайының арамшөбі өсіп кеткенін, соны күні бойы отап келгенін айтып тұр... Не деген қажыр, не деген талмайтын қайрат екенін оқырман өзі салмақтар... Бәлки осының өзі кіндігін балтамен кескен салттың әсерінен шығар. Ол 1932-1933 жылдардағы аштықты да бастан өткізген ғой. Өзі қағылез, артық еті жоқ, ортадан төмен ғана бойы бар, пісіп-қатқан, шымыр адам болатын. Сырт көзге ол әрқашан биязы, артық сөзі жоқ, жылы ғана жымиып тұратын адам болып көрінетін. Ал оған рухани жағынан күш берген білім, кітапқа деген сүйіспеншілік, білмекке құштарлық екені даусыз.
Сонымен бірге туған жердің құнары да жас өскіннің бойына айрықша нәр берген шығар. Сол жылдары Шал ақын туған осы өңірде өмірдің есігін қатар ашқан бірге өскен достары ақын Кәкімбек Салықов, академик Аманжол Қошанов, архитектор Шота Уәлихановтардың қайсысы болса да осал емес. Олардың әкелері де бір-бірімен дос-жар болған екен. Ал өзімен университетте бірге оқыған атақты академик Кеңес Нұрпейісов, белгілі философ Марат Сужиковтер (Шұжықов) Қайролла Мұқановты еске алғанда үнемі «нағыз ғалым болатын жан еді, әттең тұрмыстың күрмеуімен аспирантураға келе алмай қалды-ау» десіп өкінішпен еске алады екен. Бұл туралы Аманжол Қошанов өзінің Қайрекең туралы «Ағартушы-Ұстаз, қоғам қайраткері» деген мақаласында айтады.
Қайрекең өте қарапайым, жан болды. Жоғарыда айтқан Ғабеңнің 100 жылдық мерейтойына арналған кешкі аста «Ұлылыққа тағзым» жасаған біздер қазақтың нелер бір қасқа-жайсаңдарымен табақтас болдық. Төрдің төбесінде академиктер Серік Қирабаев пен жұбайы Әлия Бейсенова, Кенжеғали Сағадиев, композиторлар Еркеғали Рахмадиев, Жоламан Тұрсынбаев, ақын Кәкімбек Салықов, жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Медеу Сәрсеке және т.б. отыр. Асабамыздың өзі облыс әкімінің орынбасары, жасындай жарқылдаған жігіт ағасы Қуат Есімханов. Сөз кезегі тигенде Кәкімбек Салықов мәртебелі қонақтарға өзінің досы Қайролла Мұқановты арнайы таныстырып, оның өрнекті өмір жолын шолып өтті. Сонда Қайрекең... не бір сөз қоспай, не қарсы шықпай, тым болмаса жымиып бір күлмей қарапайым қалпымен оқушы балаша төмен қарап, түрекеліп тұрған еді... Қандай қарапайымдылық десеңізші... Республикаға белгілі аузы дуалы ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың өзі аузының суы құрып мақтап жатқанда ол басын көтеріп, төрге бір жымиып қарамады-ау. «Қанша құйсаң да толмайтын, қанша толса да төгілмейтін» адам осындай-ақ болар.
Енді, осы Қайролла Мұқанұлының өмір жолына шолу жасап көрелік. Ол 1932 жылы шағын ғана қазақ мекені «Ынтымақ» ауылында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш мектепті ана тілінде аяқтаған соң «Дмитриевка» деген көрші орыс селосында білімін жалғастырады. Ол кезде қазақ мектебінен орысшаға ауысқандарды қалай оқыса да, бір жылын шегеріп, төменге түсіріп тастайтын жазылмаған заң бар. Бұл да сол орыс дүниесінің «артықтығын» жас санаға сіңірудің қитұрқы амалы сияқты, ал оның балаға қаншалықты психологиялық соққы болатынына ешкім назар аудармайтын. Қайролланы да шектеп 3-сыныпты бітіріп келген оны төртіншіге алмай, бір жылын жоққа шығарып, қайтадан үшіншіге отырғызады. Бірақ зейінді бала ұзамай сыныптастарын қуып жетіп, олардың алдына түседі.
«Оқу – инемен құдық қазғандай» деп қазақ аз сөзбен ғана оқу азабының үлкен қырын ашады. Бала Қайроллаға да оқу оңай болған жоқ. Үш жасында шешесінен айырылған оны әжесі ғана бағып-қаққан. Соғыс кезінде әкесін еңбек армиясына әкетеді. 1946 жылы әжесі де қайтыс болып, баланың басына ауыр күндер орнайды. Тек соғыстан жараланып келген ағасы Хамзаның қамқорлығымен ғана пәтерге тұрған үйінде түлкіқұрсақ бола жүріп, оқуынан қалмайды. Тойып тамақ ішпесе де, 8 шақырым жердегі ауылына күз бен көктемгі ызғырық соққан лайсаңда, бораны ұлып тұратын қақаған қыста бүрсеңдеп бара жүріп, талапты бала оқуын босатпайды. Осындай қысылтаяңнан талай бала оқи алмай да қалған. Ал Қайролла барынша тырысып, білім нәріне бойлай береді. Орыстың белгілі ақын-жазушыларын да талмай оқып, өлеңдерін жаттап алатын ол тіл байлығы жөнінен кешікпей сыныптастарының алдына шығады.
Бұл ауылдағы мектеп 7 жылдық еді, оны бітірген соң Қайролла 8-шіге аудан орталығы Марьевкадағы жалғыз мектепке барады. Кейін облыстық нан өнімдері басқармасын ұзақ жылдар бойы басқарған сыныптасы Петр Демьяненко: «У нас в классе лидерами были Лукин Виктор и Муканов Кайролла» деп жазады. Ол кезде мектептерде оқушылардан тұратын «учком» деген беделді ұйым болатын, жас Қайролла соның төрағасы болып та сайланады.
1952 жылы Қайролла орта мектепті күміс медальмен бітіріп, ҚазМУ-дың тарих факультетіне түседі. Бірге оқыған курстастары оның кітапханадан шықпай, семинарға дайындалу ғана емес бос уақыттарының бәрін білімін толықтыруға жұмсағанын айтады. Курстасы, академик Кеңес Нұрпейісовтің «нағыз ғалым болатын адам еді» деуі де содан. Ал жерлесі, кейін облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Евгений Викторов осы кезеңді: «В свободное от учебы время мы разбегались кто куда: кто в кино, кто в театр, кто просто пивка попить. А Кайролла где? А Кайролла как всегда в библиотеке!» деп еске алады.
1957 жылы Қайрекең университетті жақсы аяқтап, туған жеріндегі «Комсомол» деген орыс селосының мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады. Өз ісіне тыңғылықты, ұйымдастырушылық және оқу әдістемелік жұмыстарға шебер, жас өркендерді жақсы өнегеге бастай білетін ұстаз екенін көрген ауданның оқу бөлімінің басшылығы оны 1959 жылы осындағы Городецк сегізжылдық мектебіне директор қылып ауыстырады. Ол кезде орыс мектебіне қазақтың директор болып баруы сирек болатын оқиға. Кейбір кері сөйлейтіндер Қайроллаға күдікпен қарап, оның ісінен нәтиже шығарына күдікпен қарайды. Алайда осы Городецк мектебін 12 жыл басқарғанда жас директор оны орта мектепке айналдырып, әбден түрлендіріп, облыстағы алдыңғы қатардағы оқу орындарының біріне айналдырады. Мектеп ауылдағы шаруашылықпен де біте қайнасып, мәдени-рухани шараларын өткізуге белсене қатысады. Сол жылдарда осындағы кеңшардың директоры, артынан ауданның бірінші хатшысы болған Геннадий Бубнов былай деп еске алады: «В единение школы и хозяйства большая заслуга К.М.Муканова, который пользовался вполне заслуженным авторитетом не только среди учащихся и педагогов, но и у всех жителей совхоза». Ал оқу-тәрбие жұмыстары жөнінде осы мектепті бітіріп, кейін техника ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған Ажар Баешова тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директоры Қайролла Мұқановтың сабақтары әрқашанда қызық өтетінін айтады. «То были не простые уроки, а увлекательные рассказы, они уносили нас далеко от нашего класса, в гущу событий: войн, революций. Вместо со своим учителем мы находились то в Древнем Риме, то в Афинах...», деп жазады өзінің естелігінде. Оқушыларды елітіп әкетіп, ой-қиялын дамыту арқылы білім құятын ұстаздар сирек болатыны рас. Мұндайдан баланың білімі толығып, санасы берік орныға береді.
Кеңес өкіметінің басқа барлық істерін сынасақ та кадрларды табу мен орнына қою ісіне мін таға алмайсың. 1971 жылы облыстық билік ауыл мектебінің директоры болып жүрген Қайролла Мұқановты облыстық білім бөлімі бастығының бірінші орынбасарлығына бір-ақ жоғарылатады. Осының өзі өкіметтің іскер жандарды қалай бағалап, оларды қалай тиімді пайдалана алғандығын көрсетеді. Әрине, билік осындай биік лауазымға алып кел, шауып келге ләббайлап тұратын біреуді қояйын десе обком мен қалкомның маңында жүрген қазақ шенеуніктері көп еді. Бірақ ақылды билік бүкіл облыстың білім беру қызметінің кілтін тек қолынан іс келетін адамды дөп тапқаннан ғана Қайрекеңді биік лауазымға бір-ақ көтереді. Осындай мысалдардан біздің қазіргі билігіміз де үлгі алса құба-құп болар еді...
Өзіне деген сенімді ақтау үшін Қайролла Мұқанов бұл іске барлық ынта-шынтасымен беріліп қызмет істейді. Соның арқасында барлық мектептің материалдық-техникалық жағдайлары түзеліп, оқу-тәрбие жұмыстары жетілдіріліп, білім беру сапасы артады. 23 жыл табан аудармай отырғанда ол салалық министрліктің барлық марапатын алып және «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Әсіресе оның қазақ мектептерін сақтау жолындағы жанкешті еңбегі орасан. Кезінде таза қазақ ауылдарының өзі мектебіміз орысша болсын, болашақ орыс тілінде деген бастамаларымен шығып жатты. Қарағаш, Жаңажол, Жарқын және т.б. ондаған ауылдардың әсіребелсенділері өздерінің мақсаттарына жетті. Бұрын ғалымдар, ақын-жазушылар немесе жай да білікті адамдар шығып жүрген осындай ауылдардың мектептері орысша болып, білімдері дүбәра (өйткені мұғалімдердің өзі орысшаны шала білетін) болып қалған соң таланттар да тоқырады. Қайролла Мұқанов осындайлармен қатты күресті. Қазақшасы жабылмай, тым болмаса аралас мектептер болуын ол қатаң қадағалады. 1989 жылы қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген кезден бастап ол бұл істерге белсене кірісті. Ал «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда лауазым иесі бола тұра оның жұмысына белсене қатысты. Қоғамның облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары болып, небір өзекті мәселелерді көтеруге, олардың шешілуіне белсене араласты. Әсіресе Тәуелсіздік алған жылдары бұл іске қатты кірісті. Ауылдардан білікті, белсенді азаматтарды облыстық білім бөліміне жұмысқа тартты. Мәселен, Ақтас ауылынан Асхат Сағындықов, Бостандық ауылынан Орынбай Нұрмұқанов сияқты азаматтарды қалаға алдырып, қызмет қана емес үй де бергізді. Жанкешті еңбектердің арқасында 1990-1991 жылы облыста 49 қазақ және 30 аралас мектеп болса 1994-1995 оқу жылында 61 таза қазақ мектебі, 38 аралас мектеп жұмыс істеді, 40 орыс мектебінде қазақша кластар ашылды. Осы оқу жылында қазақ балаларының 34 пайызы ана тілінде оқитын болды, ал 1990-1991 оқу жылында ол 24 пайыз болған еді... Қанша қысталаң, талас-тартыстың ортасында жүрсе де әріптестері Қайролла ағаның бірде-бір адамға дауыс көтеріп, зекіп сөйлеп, зіркілдегенін естімеген екен. Әрқашан ізетті болмысымен, шектен шықпай, сабырлы ұстамдылықтан айнымаған. Өзіміз де оның осы қылықтарына талай жерде куә болдық. Ағамыз сонысымен де құрметті, сыйлы еді.
1995 жылы зейнетке шыққан ол мұғалімдер білімін жетілдіру институтында бірнеше жыл қызмет атқарды. Одан кейін әріптестері, бұрын қарауында бірі мектеп директоры, бірі аудандық оқу бөлімінің инспекторы болған Ғалым Қадірәлин және Социал Жұмабаевпен бірігіп «Асыл мұра» орталығын ашты.
Осы жерде Қайролла Мұқанов ағаның өмірдегі жаңа қыры, жаңа сападағы қасиеті ашылды. Ол тамаша ізденгіш, шаң басқан архив мұраларын ақтарып, астарындағы асыл қазыналарды шығаруға құштар екен. Алматы, Омбы, Түмен, Тобыл, Көкшетау, Қызылжар архивтерінен ол әріптестерімен бірге, кейде жеке дара халқымыздың асыл ұлдары Қожаберген жырау, Тоқсан би, Шал ақын, Сегіз сері, Алаш қайраткерлері Абылай Рамазанов, Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин, 1917 жылы өзінің қыстауында Алаштың форумын қабылдаған Әлти қажы мен оның ұрпақтары, Мысырдың Александрия қаласында оқыған қазақтан шыққан ең бірінші оқымысты қыз Ұмсын сұлу, арманды ақын Баймағанбет Ізтөлин туралы кітаптарды бірінен соң бірін қазақ тілінде ғана емес, кейбірін орыс тілінде де шығарып, бір белді ғылыми-зерттеу институтының міндетін атқарды. Көлемі шығындарын айтпағанда, Кеңес өкіметі жылдарында өңірімізде қызмет еткен белгілі қазақ азаматтары Жұмабай Шаяхметов, Угар Жәнібеков, Нығмет Сырғабеков, Жанайдар Сәдуақасов, Ұзақбай Құлымбетов, Әбдірахман Байділдин жөнінде «Тағдырлары Қызылжарда тоғысқан» атты көлемді, зерттеу мақалаларының циклын жазып шықты. Одан «Қызылжар өңірінің зиялы қауымы» деген жинақ құрастырды. Алматы, Нұр-Сұлтан және т.б. басқа қалаларда тұратын Қызылжардан шыққан академиктер, генералдар Ебіней Букетов, Мұрат Айтхожин, Аманжол Қошанов, Оразгелді Баймұратов, Мұқаш Елеусізов, Зейнолла Қожабеков, Қазез Ташенов, Тайжан Тоқмырзин, Зейнолла Молдахметов, Абай Тасболатов, Ерлік Тайжанов, Марат Мәжитов және т.б. туралы мақалалар жазып, оларды жерлестеріне таныстырды. Қазір бұл кітаптар мен мақалалар түпнұсқалық дерек көздері ретінде қолданылады.
Қайролла ағамыз өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Жады да жаңылмай, жамбас сүйегі сынып, үйінен шыға алмай жатқанның өзінде ол жаңа кітаптары мен мақалаларын жариялап жатты. Мұндай еңбекққор, өмірінің соңғы сәтіне дейін сүйікті ісінен қол үзбеген, жансебіл адамның енді өмірге келуі екіталай. Ол 88 жасында көз жұмды. Арманына жеткен адам осындай-ақ болар. Артында үш қыз, бір ұлы, немере-жиендері қалды. Ұлағатты атаның алдын көрген олардың бәрі де тамаша азаматтар. Қызы Гүлнәр әке жолын жалғастырып зерттеушілікпен айналысады. Қазір ол Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың профессоры, тарих ғылымының маманы.
Қайрекеңді көрген, еңбектерін оқыған, қамқорлығын алған барлық жерлестері, достары мен іні-қарындастары, шәкірттері қазір оның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге қызу дайындалуда. «Жақсының аты өлмес, ғалымның хаты өлмес» деген сол, әне...
Солтүстік Қазақстан облысы