Қазақстандық делегация елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін «Пакш» АЭС кеңейту бойынша венгрлік әріптестерінің тәжірибесімен танысады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС директоры Тимур Жантикин Будапештте СІМ, Энергетика министрлігі және Венгрияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің өкілдерімен, сондай-ақ «Пакш» АЭС және EXIM банктің басшылығымен кездеседі.
Сапар бағдарламасында атом станциясына және болашақ жаңа энергия блоктарының құрылыс алаңына бару жоспарланған.
Қазақстан өкілдерін Венгрияның халықаралық әріптестермен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі, АЭС-тың электр энергиясының бағасына әсері, станция жұмысының қауіпсіздігі, жобаға жергілікті бизнестің қатысуы ерекше қызықтырады.
«Біздің сапарымыз негізінен тәжірибе алу сипатында болып отыр. АЭС салу және пайдалану ісіндегі Сіздердің тәжірибелеріңіз бізді қызықтырады. Қазақстандық АЭС жобасының халықаралық болуы біздің қоғам үшін өте маңызды», деді А. Сәтқалиев.
Оның айтуынша, станцияны салудың егжей-тегжейі туралы түпкілікті шешімді Қазақстан Үкіметі қабылдауы тиіс.
Венгрлік әріптестер АЭС құру барысында барынша ашық болу және қоғаммен ашық диалог құру өте маңызды екенін атап өтті. Олардың айтуынша, станцияны салмас бұрын оны халықтың көпшілігінің қолдауына жүгіну керек.
Сондай-ақ Қазақстан делегациясы Венгрияның «EXIM Bank» экспорттық-кредиттік агенттігінің басшылығымен келіссөздер жүргізеді. Ол халықаралық сауда және инвестициялармен айналысады, әлемнің 150 елімен ынтымақтастық жасайды.