• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қыркүйек, 2022

Халықаралық ережелерге сәйкес бастама

246 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынғаны белгілі. Шынында да, әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру жолында халықтың жаңа сенім мандаты қажет.

Мемлекет басшысы Президент өкі­лет­­ті­гі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет екенін айта келіп, 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. 

«Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жа­ғынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жет­кілікті кезең. Екінші жағынан, Президент ман­датын бір мерзіммен шектеу Мемле­кет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді», деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір қоғам Президент бастамасын түрлі деңгейде талқылап жатыр. Дәл осындай мазмұнды талқылаудың бірі М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU универ­ситетінде өтті. Белгілі сарапшылар Қазақ­стандағы президенттік институтты реформалау туралы пікірлерімен бөлісті.

Заң ғылымдарының докторы, уни­вер­ситет профессоры, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты­ның экс-судьясы Сергей Ударцевтің айтуын­ша, Президент ұсынып отырған конс­ти­туциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады.

– Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізу маңызды. Мемлекет бас­шысының өзі атап өткендей, біз билікті жасақтаудың және оның қызме­тін қамтамасыз етудің өркениетті қағи­даттарын бекітуге тиіспіз. Жаңа прези­денттік жүйе саяси тұрақтылықты ны­ғай­тып, қоғамдық құрылыстың қазақ­стандық үлгісін орнықтырады деген сенім бар.  Президентті бір мерзімге ғана сайлау нор­масы сайлаудан кейін Парламенттің қара­уына ұсынылмақ. Парламент оң шешім қабылдаса, Ота­ны­мызда жаңа саяси дәуір басталады, – деді Сергей Ударцев.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастама – демократиялық дәстүрлері қалыптасқан, құқықтық және саяси мәдениеті қалыптасқан,  дамыған елдерде кездесетін тәжірибе. Мәселен, Президентті екінші мәрте қайта сайлау құқығынсыз бір мерзімге бекіту Албания (5 жыл), Армения (7 жыл), Израиль (7 жыл), Оңтүстік Корея (5 жыл), Колумбия, Мексика (6 жыл), Моңғолия (6 жыл) секілді елдерде қолданылады.

– Венеция комиссиясының баяндамасында (2018) «Демократиялық жүйені сақтау үшін президенттік өкілеттік мерзімін шектеу арқылы халық өз өкілін таңдау құқығын өз еркімен шектейді» делінген. Венеция комиссиясының пікірінше, «адамның қайта сайлануға жеке құқығы жоқ. Конституцияда қа­рас­­ты­рылған тағы бір мерзімге сайлану мүмкіндігі – саяси өмірге қатысу құ­қы­ғының, атап айтқанда, лауазымға сай­­лану құқығының бір түрі немесе шек­телуі». Сондықтан Конституцияда қайта сайлану мүмкіндігін белгілеу немесе президенттің өкілеттік мерзімін бір мерзімге шектеу адам құқығын бұзбайды, – деді С.Ударцев.

Заң ғылымдарының докторы, Қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы ғылыми-консультативтік кеңес­тің мүшесі Роман Мельник аталған тақы­рыпты Қазақстан Конституциясы арқылы ашуға тырысты.

– Қазақстан Конституциясының 40-ба­­бына сәйкес, Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыт­тарын айқындайды. Президенттің өкілеттік мерзімі, оларды өзгерту – саясат­тың бір бөлігі. Көбінесе әлемдік мас­штабта белгілі бір мемлекеттің сая­си векторындағы өзгерістер басқа елдер үшін үлгі болады. Саясат әрқашан қазіргі мемлекеттің денесінде «тірі» орган болып қала беруі керек. Президент өзі­нің өкілеттіктеріне сүйене отырып, жаңа сая­­си бағыт іздеуге, қажет болған жағ­дайда бұрын қабылданған шешімдерді жа­ңартуға құқылы және міндетті. Пре­зидент Конституцияға сәйкес елдегі кез келген саяси өзгерістерге бастама жа­сауға құқылы, – деді Р.Мельник.

Заң ғылымдарының докторы, Қа­зақ­стан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұ­мыс тобының мүшесі Сара Идрышева Пре­зи­дент өкілеттігінің мерзімдерін өзгерту мәселелерінде Қазақстан Респуб­ликасының құқықтық саясаты халық­аралық институттар мақұлдаған ережелерге толық сәйкес келетінін атап өтті. Со­нымен қатар профессор Қазақстанда бұл өзгерістер Республиканың қазіргі Пре­зиденті ұсынған реформалар проце­сінде ұсынылатынын жеткізді.

– Біз мұндай жағдайда консти­ту­циялық құқық саласындағы бедел­ді ұйым Венеция комиссиясына сүйе­не­міз. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсы­нып отыр­ған бастамалар дәл осы комис­сияның ережелеріне қайшы келмейді. Бұл комиссияның ғана емес, жалпы ха­лықаралық нормаларға сәйкес. Сондықтан біздің қоғамда бұған қатысты түсініспеушілік туындамауға тиіс, – дейді С.Идрышева.

Заң ғылымдарының кандидаты, Қа­зақ­стан Республикасы Жоғары Сот Кеңе­сінің мүшесі Жаннетта Калишева Президенттің қазіргі жағдайда саяси жаңғыру және саяси реформалар бағытын іске асырып жатқанына назар аударды.

– Меніңше, Мемлекет басшысы сай­лауға баруға дайын екенін және прези­дент­тікке кандидаттар арасындағы бәсе­ке­лестіктен қорықпайтынын көрсетті. Жетіжылдық мерзім Мемлекет басшы­сы белгілеген мемлекеттік басқару, әлеу­меттік-экономикалық және саяси мә­се­лелерді шешу реформаларын теңестіруге мүмкіндік береді. Тек президенттікке кандидаттар арасындағы дұрыс және адал бәсекелестік, әкімшілік ресурстарды пайдаланбау, сайлаушылардың сенімі, өкілеттіктерді сапалы орындау саяси реформалар мен қайта құру­лар­ға жаңаша серпін береді, – деді Ж.Калишева.

Еске сала кетейік, елімізде биыл Пре­зи­дент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жа­­сақ­­талады. Соның нәтижесінде, 2023 жылдың ортасында Президент, Пар­ла­мент, Үкімет сияқты негізгі саяси инсти­тут­тардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.