“Той десе қу бас домалайды” деген сөзге бұрындары онша мән бермейтінмін. Қазір ойлап қарасам, бұл сөздің астарында көп мән жатыр екен. Иә, тойға осыншама мән беру, көппен бөліскен қуанышта бір гәп болса керек-ті. Көпшілік демекші, ұлыңызды үйлендіріп, қызыңызды ұзатсаңыз да, дүниеге сәби келсе де, құда шақырсаңыз да сіз той жасайсыз. Иә, тойсыз қазақты елестету мүмкін емес.
Қарап отырсаңыз әдебиетте болсын, тарихта болсын, ертегі, аңыздарда болсын той-томалақтың сән-салтанаты асыра дәріптелген. Мәселен, кейбір ертегілерден “отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты” деген жолдарды көзіміз шалып қалады. Айталық, “Ер Төстік” ертегісінде Ерназар деген бай сегіз ұлының жоғалып, табылу құрметіне орай ұлан-асыр той жасайды. Соны оқығанда расында той отыз-қырық күнге созылған ба екен деп бала кезде қатты таңырқайтын едік. Онымен қоймай, сол тойға қанша мал сойылды екен, қанша киіз үй тігіліп, қанша қымыз бен қымыран ішілді екен, қанша той жоралғысы шығын болды екен деп ойланатынмын. Жә, бұл арғы ауыз әдебиетінен бүгінге жеткен ертегі мен аңыз ғой.
Ал бүгінгінің байлары қалай той жасап жүр? Және той үстінде ұлттық салт-дәстүрімізге көңіл бөле ме дегенге келсек, осы күні жағдайы келіп тұрса да, келмей тұрса да, жұрт қолда барына таршылық жасамай ұлан-асыр той жасап келеді. Келін түсіру, қыз ұзату, құда шақыру, сүндет той, туған күн, қоныс тойы бар, әйтеуір бірінен соң бірі мейрамхана мен кафелерді бос қоймайтын болды. Әсіресе, той жаз бен күз айларында қыза түседі. Егер біздің халықты сыртынан байқастап жүрген біреу болса, қазақтың көл-көсір пейілі мен тойшылдығына таң қалар еді.
Әрине, тойдың қандай түрі болсын тойлансын, қуаныш көппен аталып өтсін, онда тұрған не бар дейсіз ғой. Бұл бір жағынан халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы екенін көрсететін көрсеткіш те. Дегенмен, ысырапшылдыққа жол беретін қазақтың даңғойлығы да қатарласып жататыны өкінішті-ақ.
Әлқисса, өткен ғасырдың той-томалақтары, сән-салтанаттары сол кездің талап-тұрғысына сай тойланса, бүгінгі тойлар мейрамханаларда өтеді. Сондай-ақ, тойдың қазақы қалыптан ауытқып кетпегені де баршамызға белгілі. Айталық, беташар, қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той тағы басқа да жоралғылар ата-баба дәстүрінен алшақ кетпей, қайта қазіргі заманға сай үрдіспен көркейіп, жаңаша тенденция болып қалыптасты. Оған тағы бір оқыстан келіп қосылған соны тармақ – мерейтой. Онда мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, саясатта, ғылымда, басқа да салада аты шыққандардың мәртебесі ұлықталады. Яғни, қазақтың тойы еселене түсті. Той тойлаудың бұл түрі – өзіміздегі бар азаматтардың өз саласына қосқан сүбелі еңбегін аялап, құрметтеу, елеп ескеру болып табылмақ. Жұртшылықтың да ардақты азаматтарының бағына көз алартпай, ел болып тойлауға атсалысуында тұрған ештеңе жоқ. Бұл арада айтпағымыз, кейбір той иелерінің тым асыра мақтанға салынып, ысырапқа бой алдыруында жатыр.
Сонымен, қазақ қандай теперішті бастан кешсе де, қандай қиыншылық көрсе де, салт-дәстүрі мен той тойлаудан жаңыла қойған жоқ. Қайта той тойлаудың сан түрін құбылтып, дамытып, жаңарта түсті. Бұл да болса біздің ұлттық менталитетіміздің түбірінің мызғымас қуаттылығынан болса керек.
Рас, қазіргі тойханалардың сұраныс пен тапсырысқа сай арнайы бекіткен бағалары бар. Қай тойхана болмасын бәсекеге де, тойыңыздың көрігін қыздыруға да дайын. Қалтаңыз көтерсе, хан сарайынан кем емес мейрамханада ұлан-асыр той жасайсыз. Сөйтіп, өз ағайын жұртыңызбен, туған-туыстарыңызбен қуанышыңызды бөлісесіз. Дастарқанды да нешеме тағамдармен, шарап пен сусын, тәттілерге толтырып, барыңызды салуға тырысасыз. Көз сүріндіретін дастарқаннан кейін, тойды нағыз думанға айналдыратын асаба мен әнші-биші, күйшілер шақыруды да ұмыт қалдырмайсыз. Осы заманның ауқаттылары тойына шетелдік танымал жұлдыздарды шақырып, тіптен естен кетпес кешке айналдырып жіберетінін де көзіміз көріп жүр. Онда тойға жиылған көпшілік тек қана екі жастың бақыты үшін айтылған ақжарма тілектерді ғана емес, неше түрлі сауық-сайран мен ән-күйлерді де тыңдап қайтады. Осылайша қазақтың қанына сіңген тойшыл қасиетін мына дағдарыстың өзі де саябырсыта алмай тұр. Өйткені, көпшіл де бауырмал халықтың той-думансыз отырғанын елестету тағы да мүмкін емес.
Тек бір өкінішті жәйт, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у) үмбеттеріне “ысырапшыл болмаңдар” десе де, көп жағдайда қазекем бұл ескертпені ұмыт қалдырып кете береді. Неге десеңіз, өзгелердің думандатып жатқанын көрген ағайын өзгелерден қалыспас үшін, несие алып той жасайтын әдет тапты. Бұл намысқа тырысушылық па, жоқ жалған дабырамен “ұят болмасынды” бүркеніш ету ме, ол арасы бізге беймәлім. Көзге бадырайып көрініп тұратыны, соңғы кездері көптеген отбасылар шығынға көзсіз батса да бірінен бірі асырып той жасауға құмартып алды. Жинақы болудың сараңдық емесін тіпті ұғынғысы келмейді. Қазір қараңызшы, айналамызда қаншама үйленбей, тұрмысқа шықпай сенделіп жүрген жастар көп. Себебі, алдымен үйлену үшін дүркіретіп той жасау керек. Ал тойға қаншама қаражат кетеді. Кейде тойды мейрамханада дүркіретіп атап өткенше, екі жастың бас қосқанын неге шағын бас қосу ретінде өткізуді ойламайтынымыз таңғалдырады. Иә, тойға өзінің ет жақындарын ғана шақырып, шағын той жасаса кім оларды жазғырғалы тұр дейсің? Егер сіздің осылай кішігірім той жасағаныңызды көрсе, өзгелер де “пәленше баласын солай аяқтандырыпты. Мен де көрпеме қарай көсілейін деп іліп алып кетсе, несі айып? Рас-ау, шығынға белшеден батпайтындай той жасаса, кім оны күстаналайды? Қалай айтқанда да, даңғазалықтан гөрі бізге той жасаудың жаңа үлгісі керек-ақ. Себебі, жалған намысқа тырысам деп жағдайын тұралатып алғандар соңғы жылдары көбейіп кетті. Егер шығынға ұрынбай той жасаса, қазақ көп нәрседен ұтылмас еді. Балаңызды үйлендіргелі жүрген болсаңыз, тойды шағын отырыс түрінде жасасаңыз сізді көрген көршіңіз де солай етуі әбден мүмкін. Сөйтіп, қоғамды ынсап пен ыждағаттылыққа, жинақылыққа шақырудың жолын өзіңіз бастап берсеңіз, өзгелер неге қоштамасқа?!
Нарық заманы біздің қоғамды саудаға да, бәсекеге де тез үйретті. Ендеше, аста-төк тойды жинап қойып, оны жинақы өткізуді үйрену соншалықты бір қиын шаруа емес. Белшеңізден шығынға батып, қаншама ас пен тағамды рәсуа етудің де обалы бар емес пе?!
Жан-жағымызға қарасақ, басқа халықтар да той тойлап жатады. Алысқа бармай-ақ мына тұрған көрші өзбек пен орыстың тойына қарасаңыз, шағын ғана отырыс жасаумен шектелетінін көреміз. Санаулы, басы артық ешкім жоқ. Яғни, қуанышына шын ортақтастарды ғана топтастырған. Әрине, сіз осы орайда “бір жырғалтып той жасауда тұрған не бар? Бар кезде шашылу керек. “Той – құдайдың қазынасы, құдайдан қайтады” деген уәжді алға тартқыңыз келіп отырған болар. Дұрыс, бірақ қазіргі ортаға, қазіргі талғамға салып безбендесек, оның аты дарақылық демеске лаж жоқ.
Жансая СЫДЫҚБАЙ.