Қазақ халқының дарабоз перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы Меркі жерінде сән-салтанатымен аталып өтті. Елдік деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға Мемлекет басшысының кеңесшісі, қаламгер Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, Президенттің құттықтауын жеткізді.
«Асанбай Асқаров сынды елін сүйген, халықтың құрметіне бөленген перзенттеріміз көбейе берсін. Той – тойға ұлассын. Баршаңыздың отбасыңызға амандық, шаңырақтарыңызға жақсылық тілеймін», делінген Президенттің құттықтау хатында. «Алаштың арда туған Асанбайы» тақырыбында ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысымен басталған мерейтой өзге де іс-шаралармен жалғасын тапты. Еліміздің әр қиырынан келген мәртебелі меймандар Алаштың ардақты ұлының бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым көрсетті.
Көпшілік алдында сөз алған қайраткер тұлғаның қызы Шолпан Асқарова жұрттың құрметіне деген ризашылығын жеткізді.
«Өз басым бүгін өте қатты толқып тұрмын. Өйткені уақытында елі үшін аянбай еңбек еткен әкеме деген зор құрмет айқын сезілуде. Жерлестердің ықыласы мен ниет-пейіліне қарап-ақ, әкемнің жоқтаушысы, құрметтейтін халқы бар екеніне көзім жетті. 98 жастағы Фатима анам Алматыда тұрады. Мерейтойлық іс-шараға қатыса алмаса да, ризашылық сәлемін жолдады. Бұл – ас ішіп, аяқ босататын жер емес, тағылымның тойы. Сол үшін де сіздерге алғысымыз шексіз», деді ол өз ойын түйіндеп.
Іс-шара барысында аудандағы №1 мектепке Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Бұл – қайраткер тұлғаның қалтқысыз еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі. Меркіге арнайы келген Қазақстан Президенті архивінің ғылыми қызметкері Аян Жолдасов жиналған жұртшылықтың назарына бірқатар тарихи құжатты ұсынып, таныстырды.
Білім ордасының мәжіліс залында «Туған жердің туын биіктеткен тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек іс-шараға арнайы келген меймандар мен ғалымдарға алғысын жеткізді. Конференцияны қаламгер Нағашыбек Қапалбекұлы жүргізіп отырды.
«Қайраткердің өмір сүрген дәуірі де аса күрделі болды. Соған қарамастан, ол орыс тілінде білім алып, 1939 жылы 17 жасында мектеп оқушыларына орыс тілінен сабақ берді. Уақыт өте келе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, яғни облыс басшысы деңгейіне көтерілді. Меркі ауданында бірінші хатшы кезінде Шу, Талас өзендерін пайдалана отырып, өңір экономикасын дамытуға күш салды.
Кезінде Асқаров салдырған «Қазақстан» қонақүйі, «Медеу» мұзайдыны, «Сарбаздар үйі» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Ал содан бері Алматыда ешқандай ғимараттың құрылысы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған емес.
Осыдан-ақ, Асқаровтың ұйымдастыру қабілеті, абыройы қандай болғанын біле беруге болады. Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда да шыны, қорғасын зауытының жұмысын жандандырып, индустрия саласының дамуына үлес қосты. Шымкентте салынған саябаққа шетелден неше түрлі жеміс ағаштарын әкеліп отырғызды. Адал еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атанып, 5 рет Ленин орденін иеленді. Асқаровтың есімін неге бір ауданға бермеске?
Асанбай Асқаровтың өміріне, өнегелі істеріне арнап неге фильм түсірмеске?» деп түйіндеді өз ойын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Оразалы Сәбден. Өзге ғалымдар да көкейде жүрген ойларын айтып, асқар тау алыстаған сайын биіктей түсетінін еске салды.
Бұл күні Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры жазушы Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасын сахналады. Сын сағаттарда рухы сынбаған тұлғаның бейнесі тағы да театр қойылымы арқылы асқақтай түсті. Іс-шара соңында екі күнге созылған ақындар айтысының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы